عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أُتِيَ النَّبِيُّ ﷺ بِمَالٍ مِنَ الْبَحْرَيْنِ، فَقَالَ: «اُنْثُرُوهُ فِي الْمَسْجِدِ». وَكَانَ أَكْثَرَ مَالٍ أُتِيَ بِهِ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، فَخَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِلَى الصَّلَاةِ وَلَمْ يَلْتَفِتْ إِلَيْهِ، فَلَمَّا قَضَى الصَّلَاةَ جَاءَ فَجَلَسَ إِلَيْهِ، فَمَا كَانَ يَرَى أَحَدًا إِلَّا أَعْطَاهُ، إِذْ جَاءَهُ الْعَبَّاسُ، فَقَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَعْطِنِي؛ فَإِنِّي فَادَيْتُ نَفْسِي وَفَادَيْتُ عَقِيلًا»، فَقَالَ لَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «خُذْ». فَحَثَا فِي ثَوْبِهِ، ثُمَّ ذَهَبَ يُقِلُّهُ فَلَمْ يَسْتَطِعْ، فَقَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، مُرْ بَعْضَهُمْ يَرْفَعْهُ إِلَيَّ». قَالَ: «لَا». قَالَ: «فَارْفَعْهُ أَنْتَ عَلَيَّ». قَالَ: «لَا». فَنَثَرَ مِنْهُ، ثُمَّ ذَهَبَ يُقِلُّهُ، فَقَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، مُرْ بَعْضَهُمْ يَرْفَعْهُ عَلَيَّ». قَالَ: «لَا». قَالَ: «فَارْفَعْهُ أَنْتَ عَلَيَّ». قَالَ: «لَا». فَنَثَرَ مِنْهُ، ثُمَّ اِحْتَمَلَهُ، فَأَلْقَاهُ عَلَى كَاهِلِهِ، ثُمَّ اِنْطَلَقَ، فَمَا زَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُتْبِعُهُ بَصَرَهُ حَتَّى خَفِيَ عَلَيْنَا – عَجَبًا مِنْ حِرْصِهِ – فَمَا قَامَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَثَمَّ مِنْهَا دِرْهَمٌ.
Әнәс (р.а.) былай деген: «Пайғамбарға (с.а.с.) Бахрейннен мал-мүлік әкелінді. Сонда ол (с.а.с.): “Оны мешітке жайып қойыңдар”, – деді. Бұл Алла Елшісіне (с.а.с.) бұрын-соңды әкелінген мал-мүліктің ең көбі еді. Алла Елшісі (с.а.с.) намазға шыққанда, оған бұрылып та қарамады. Намазын аяқтағаннан кейін келіп, оның жанына отырды. Көзіне түскен әрбір адамға одан үлестіріп берді.
Сол кезде Аббас келіп: “Уа, Расулалла! Маған да беріңіз. Өйткені мен өзім мен Ақилдің тұтқыннан босатылуы үшін құн төледім”, – деді. Алла Елшісі (с.а.с.) оған: “Ал”, – деді. Аббас киіміне уыстап-уыстап мал-мүлік салды. Содан кейін оны көтермек болды, бірақ шамасы жетпеді. Ол: “Уа, Расулалла! Біреуге бұйырыңыз, мұны көтеріп, үстіме салып берсін”, – деді. Ол (с.а.с.): “Жоқ”, – деді. Аббас: “Онда өзіңіз көтеріп, үстіме салып беріңіз”, – деді. Ол (с.а.с.): “Жоқ”, – деді. Сонда Аббас оның біразын қайта төгіп тастап, тағы да көтеруге әрекеттенді. Содан кейін: “Уа, Расулалла! Біреуге бұйырыңыз, мұны көтеріп, үстіме салып берсін”, – деді. Ол (с.а.с.): “Жоқ”, – деді. Аббас: “Онда өзіңіз көтеріп, үстіме салып беріңіз”, – деді. Ол (с.а.с.): “Жоқ”, – деді. Сонда Аббас оның тағы біразын төгіп тастап, қалғанын көтеріп, иығына салды да, жүріп кетті.
Алла Елшісі (с.а.с.) оның дүние-мүлікке деген ынтасына таңырқап, бізге көрінбей кеткенге дейін артынан қарап тұрды. Алла Елшісі (с.а.с.) сол жерде бір дирһам да қалмайынша орнынан тұрмады».