عَنْ طَلْحَةَ بْنِ عُبَيْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: جَاءَ رَجُلٌ مِنْ أَهْلِ نَجْدٍ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ ثَائِرَ الرَّأْسِ، يُسْمَعُ دَوِيُّ صَوْتِهِ وَلَا يُفْقَهُ مَا يَقُولُ، حَتَّى دَنَا، فَإِذَا هُوَ يَسْأَلُ عَنِ الْإِسْلَامِ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «خَمْسُ صَلَوَاتٍ فِي الْيَوْمِ وَاللَّيْلَةِ». فَقَالَ: «هَلْ عَلَيَّ غَيْرُهَا؟» قَالَ: «لَا، إِلَّا أَنْ تَطَوَّعَ». قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «وَصِيَامُ رَمَضَانَ». قَالَ: «هَلْ عَلَيَّ غَيْرُهُ؟» قَالَ: «لَا، إِلَّا أَنْ تَطَوَّعَ». قَالَ: وَذَكَرَ لَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الزَّكَاةَ. قَالَ: «هَلْ عَلَيَّ غَيْرُهَا؟» قَالَ: «لَا، إِلَّا أَنْ تَطَوَّعَ». قَالَ: فَأَدْبَرَ الرَّجُلُ وَهُوَ يَقُولُ: «وَاللَّهِ لَا أَزِيدُ عَلَى هَذَا وَلَا أَنْقُصُ»، قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «أَفْلَحَ إِنْ صَدَقَ».
Талха ибн Убайдулла (р.а.) былай деген: «Нәжд тұрғындарының арасынан шашы ұйпа-тұйпа бір адам Алла Елшісіне (с.а.с.) келді. Даусы күңгірлеп естілгенімен, жақындап келгенше не айтып тұрғаны түсініксіз еді. Жақындаған кезде оның Ислам жайында сұрап тұрғаны белгілі болды. Алла Елшісі (с.а.с.): “Бір тәулікте бес уақыт намаз оқу”, – деді. Ол: “Бұлардан басқа намаз оқу маған міндетті ме?” – деп сұрады. Пайғамбар (с.а.с.): “Жоқ, өз еркіңмен қосымша оқысаң ғана”, – деді.
Алла Елшісі (с.а.с.): “Сондай-ақ Рамазан айында ораза ұстау”, – деді. Ол: “Бұдан басқа ораза ұстауым міндетті ме?” – деп сұрады. Пайғамбар (с.а.с.): “Жоқ, өз еркіңмен қосымша ұстасаң ғана”, – деді. Содан кейін Алла Елшісі (с.а.с.) оған зекет туралы айтты. Ол: “Бұдан басқа да беруім міндетті ме?” – деп сұрады. Пайғамбар (с.а.с.): “Жоқ, өз еркіңмен қосымша берсең ғана”, – деді. Әлгі адам бұрылып бара жатып: “Алланың атымен ант етемін, бұған еш нәрсе қоспаймын да, бұдан еш нәрсе кемітпеймін”, – деді. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): “Егер шын айтса, мұратқа жетеді”, – деді».