Хадис

Муатта, № 3

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
41. Рұқсат сұрау
бап
1. Ішке кіруге рұқсат сұрау
Нөмірі
№ 3 (кітап ішіндегі рет реті)
3
Муатта, 41-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Рабиға ибн Әбу Абдуррахман мен өзге де кейбір ғалымдардан риуаят етілген: Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) Омар ибн Хаттабтың қасына кіруге рұқсат сұрап, өтінішін үш рет қайталады. Іштен жауап болмаған соң, кері қайтты. Омар (р.а.) артынан адам жіберіп, оны шақыртты да: «Неге кірмедің?» – деп сұрады. Әбу Мұса (р.а.): «Мен Алла елшісінің (с.а.с.): “Үш рет рұқсат сұрайсың. Рұқсат берілсе, кіресің, әйтпесе қайтасың”, – дегенін естідім», – деді. Омар (р.а.): «Мұны тағы кім біледі? Егер осыны білетін біреуді алып келмесең, саған былай-былай істеймін», – деді. Әбу Мұса (р.а.) шығып, мешіттегі ансарлар мәжілісіне барды да: «Мен Омар ибн Хаттабқа (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): “Үш рет рұқсат сұрайсың, рұқсат берілмесе, қайтасың”, – дегенін естігенімді айттым. Ол: “Мұны білетін басқа біреуді алып келмесең, саған былай-былай істеймін”, – деп, жазалайтынын ескертті. Араларыңда осыны естіген біреу болса, менімен бірге барсын», – деді. Сонда жиналғандар араларындағы жастардың бірі Әбу Сағид әл-Худриге: «Тұр, онымен бірге бар», – деді. Ол барып, Омарға осы хадисті жеткізгенде, Омар (р.а.) Әбу Мұсаға (р.а.): «Мен сені өтірік айтып тұр деп айыптаған жоқпын. Бірақ адамдар Алла елшісінің (с.а.с.) атынан өтірік сөз ойлап шығара ма деп қорықтым», – деді.1

  1. 1Бұхари, Буюғ, 34/9; Мүслим, Әдәб, 38/7, № 36. Омардың (р.а.) куә талап етуі осы қауіптен туған. Ол Алла елшісіне (с.а.с.) телінген сөздерді тексеру қажеттігіне назар аудартқан. Басқа бір риуаятта Үбәй ибн Кағб та осы хадиске куәлік етіп: «Ей, Хаттабтың ұлы, Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларына азап болма!» – дегенде, Омар (р.а.): «Субханаллаһ! Бір сөз естіп, соны анықтап алғым келді», – деген. Бәжи, «әл-Мунтақа», 7-том, 285-бет.