Амир ибн Қурәйздің азат еткен құлы Әбу Сағид риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.) намаз оқып тұрған Убәй ибн Кағбқа (р.а.) дауыстады. Убәй намазын аяқтаған соң, мешіттен шығуға бет алған ардақты Елшіге жетті. Ардақты Пайғамбар Убәйдің қолынан ұстап, былай деді: “Алланың Тәуратта да, Інжілде де, Құранда да теңдесін түсірмеген сүресінің қадір-қасиетін үйренбейінше, мешіттен шықпағаныңды қалаймын”».
Убәй былай дейді: «Мұны естіген соң, оны үйрену үшін адымымды баяулаттым да: “Уа, Расулалла! Маған уәде еткен сүрені үйретіңіз!” – дедім. Алла елшісі: “Намазды бастағанда не оқисың?” – деп сұрады. Мен: “Әлхамду лилләһи Раббил-ғаләмин...” – деп бастап, “Фатиханы” соңына дейін оқыдым. Оқып болғанымда, Алла елшісі (с.а.с.): “Маған берілген Ұлы Құранның ең ұлық сүресі – осы. Бұл сүре жеті аяттан тұрады”, – деді1».
- 1Бұхари («Тәпсір», 65/1) осыған ұқсас хадисті Әбу Сағид әл-Муалладан келтіреді. Убәй «Фатиха» сүресін бұған дейін де білетін. Ардақты Елшінің оған үйреткісі келгені – осы сүренің қадір-қасиеті мен артықшылығы. Тәуратта, Інжілде және Құранда теңдесінің болмауы туралы Ибн Абдулбәр былай дейді: «Теңдесінің болмауы – бұл сүреде ұлы мағыналардың тоғысуында. Өйткені бұл сүреде Аллаға хамд пен мадақ бар. Шынайы мадақтау мен мадақталу Аллаға тән. Себебі барлық жақсылық Одан. Бұл сүреде Аллаға аса зор тағзым бар. Оның барлық әлемдердің Раббысы, Рахман әрі Рахим екені, дүние мен ақыреттегі жалғыз билік пен әмір иесі Алла екені, бүкіл құлшылықтың Оған ғана арналғаны және жалғыз пана тұтар құдіреттің Ол екені баяндалған. Сонымен қатар бұл сүреде дұға бар: Алладан тура жол сұралады, адасудан Аллаға сиынылады. Ал дұға – құлшылықтың қақпасы».