Қазақша аудармасы
Сәур ибн Зәйд әд-Дилидің жеткізуінше, Омар ибн Хаттаб шарап ішкен адамға берілетін жаза жөнінде жұрттың пікірін сұрады. Сонда әзірет Әли (р.а.): «Біздіңше, оған сексен дүре соғу керек. Өйткені ол ішсе, мас болады; мас болса, сандырақтайды; сандырақтаса, жала жабады», – деді. Осыдан кейін Омар (р.а.) шарап ішкендерге сексен дүре соқтыра бастады1.
- 1Шәйбани, 710. Фақиһтар мен Ислам ғалымдарының көпшілігі ішімдік ішуге берілетін хад жазасының мөлшері дінде белгіленген, оны қазының қалауына қалдыруға болмайды деп есептеген. Алайда жазаның нақты мөлшері жөнінде пікірлері әртүрлі. Мәликилер, ханафилер және ханбалилер бойынша, ішімдік ішкен адамға сексен дүре соғылады. Оған Омардың осы үкімді қолдануы және сахабалардың қарсылық білдірмей, келісуі дәлел болады. Ал Имам Шафиғи бойынша, қырық дүре соғылады. Оның пікірінше, Омардың жазаны сексен дүреге жеткізуі мемлекет басшысы ретінде қолданған тағзир жазасы болған. Кейбір аймақтарда ішімдік ішушілер көбейген соң, Омар (р.а.) жазаны ауырлатуды жөн көрген.