Хадис

Муатта, № 4

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
30. Өсиет
бап
3. Өсиеттің мал-мүліктің үштен бірінен аспауы
Нөмірі
№ 4 (кітап ішіндегі рет реті)
4
Муатта, 30-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әби Уаққас (р.а.) былай әңгімелейді: «Қоштасу қажылығы жылы сырқатым асқынып, Алла елшісі (с.а.с.) көңілімді сұрап келді. Мен оған: “Уа, Расулалла! Көріп тұрғаныңыздай, ауруым қатты асқынды. Менің мал-мүлкім бар, ал бір қызымнан басқа мұрагерім жоқ. Мал-мүлкімнің үштен екісін садақа етіп бере аламын ба?” – деп сұрадым. Алла елшісі (с.а.с.): “Жоқ, бере алмайсың”, – деді. Мен: “Жартысын берсем ше?” – дедім. Ол: “Жоқ”, – деді. Содан кейін: “Үштен бірін бере аласың. Үштен бірі де аз емес. Мұрагерлеріңді өзге жұртқа қол жайған кедей етіп қалдырғаннан гөрі, дәулетті күйде қалдырғаның жақсы. Алланың разылығын көздеп жұмсаған әрбір нәпақаң үшін, тіпті әйеліңнің аузына салған бір түйір асың үшін де сауап аласың”, – деді. Мен: “Уа, Расулалла! Жолдастарым сізбен бірге Мәдинаға кетіп, мен Меккеде қалып, осында өлемін бе?”1 – деп сұрадым. Ол: “Сен қалып қойып, ізгі амал жасасаң, сол арқылы дәрежең көтеріліп, мәртебең арта береді. Бәлкім, сен әлі де өмір сүріп2, бір қауым сенен пайда көріп, екінші бір қауым, яғни мүшріктер зиян шегер. Уа, Алла! Сахабаларымның һижретін толықтыр, оларды кері қайтарма!”3 – деді». Алайда осы мұһажирлердің бірі Сағд ибн Хәуланың жағдайы аянышты еді: ол кейін Меккеге қайтуға мәжбүр болып, сонда қайтыс болды. Алла елшісі (с.а.с.) оның Меккеде қайтыс болғанына қайғырды4.

Имам Мәлик былай дейді: «Бір адам мал-мүлкінің үштен бірін бір кісіге өсиет етіп, екінші бір кісіге қатысты: “Құлым пәлен адамға өмір бойы қызмет етсін, ол адам қайтыс болған соң азат болсын”, – деп өсиет қалдырса, жағдай былай қаралады: егер құлдың құны марқұмның мал-мүлкінің үштен біріне тең болса, оның өмір бойғы қызметінің құны бағаланады. Содан кейін екі өсиет алушының үлесі салыстырылып белгіленеді: біріншісінің үлесі оған өсиет етілген үштен бір мүліктің құнына, екіншісінікі құлдың өзіне көрсететін қызметінің бағаланған құнына қарай есептеледі. Екеуі де құлдың қызметінен немесе ол жалданып жұмыс істесе, тапқан ақысынан өз үлестеріне сай алады. Құлдың қызметі өсиет етілген адам қайтыс болған соң, құл азат болады».

Бір адам: «Пәленшеге мынадай, түгеншеге мынадай мал-мүлкімді өсиет еттім», – деп мүлкінің үштен бірінен өсиет қалдырса, ал мұрагерлері: «Өсиет етілген мүлік үштен бірінен артық», – десе, бұл жөнінде Имам Мәлик былай дейді: «Мұрагерлердің таңдау еркі бар: өсиет алушыларға аталған мүліктің бәрін беріп, қалғанын өздеріне алады немесе марқұмның мал-мүлкінің үштен бірін бөліп, өсиет алушыларға береді. Соңғысын таңдаса, өсиет алушылар осы үштен бірді өздеріне өсиет етілген үлестерінің арақатынасына сай бөліседі»5.

  1. 1Кейбір сахабалар Меккеде қайтыс болса, һижреттері толық болмай қалады деп алаңдаған.
  2. 2Бұл жерде Алла елшісі (с.а.с.) мұғжиза ретінде болашақтан хабар берген.
  3. 3Бұхари, «Жәнаиз», 23/37; Муслим, «Уасият», 25/1, № 5.
  4. 4Бұхари, «Жәнаиз», 23/37; Муслим, «Уасият», 25/1, № 5.
  5. 5Шәйбани, 736. Ханафи мәзһабы бойынша, қарыздар өтелгеннен кейін қалған мүліктің үштен бірін өсиет етуге болады. Одан артығын өсиет ету мұрагерлердің рұқсатымен ғана жүзеге асады. Мұрагерлер берген рұқсаттарынан қайта алмайды.