Имам Мәлик бірнеше риуаятшыдан мына хабарды жеткізеді: «Абдуллаһ ибн Масғуд Куфада жүргенде одан: “Ер адам некелескен әйелін жақындаспай тұрып талақ етсе, оның анасына үйлене ала ма?” – деп сұралды. Абдуллаһ: “Иә, болады”, – деп рұқсат берді. Кейін Мәдинаға барғанда бұл мәселені үлкен сахабалардан сұрады. Олар: “Жоқ, болмайды. Шарт тек өгей қыздарға қатысты”, – деп жауап берді. Яғни адам некелескен әйелін жақындаспай тұрып талақ етсе, оның қызына үйлене алады. Осыдан кейін Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) Куфаға оралғанда, үйіне бармастан бұрын өзі пәтуа берген адамға келді. Оған жақындаспай талақ еткен әйелінің анасына үйленуге болмайтынын айтып, одан ажырасуды бұйырды».
Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйелінің анасын некесіне алып, онымен жұбайлық қатынасқа түссе, өз әйелі де оған харам болады. Екеуінен де ажырасуы керек. Бұдан былай екеуі де оған мәңгілік харам болады. Ал некесіне алған қайын енесімен әлі жақындаспаған болса, одан ажырасады, өз әйелі оған харам болмайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйелінің анасын некесіне алып, онымен жұбайлық қатынасқа түссе, ол әйел өзіне де, әкесіне де, ұлына да мәңгілік харам болады. Сол әйелдің басқа қызы болса, ол да өзіне харам болады. Өз әйелі де оған харам болады».
Имам Мәлик былай дейді: «Ал әйелмен неке арқылы емес, зина арқылы жақындасса, бұл аталғандардың ешқайсысымен үйленуге тыйым салатын туыстықты тудырмайды.1 Өйткені Алла Тағала некелесуі харам әйелдерді атап: “Әйелдеріңнің аналары да сендерге харам”, – деген.2 Мұнда некеге алған әйелдеріңнің аналары меңзелген. Зина арқылы жақындасқан әйелдің анасына үйленудің харам болатыны айтылмаған. Демек, мұндай туыстықты адал неке арқылы жақындасу ғана туғызады. Бұл жөнінде естігенім – осы. Бізде, Мәдинада, халықтың ұстанған амалы да осындай».
- 1Дінімізде зина – үлкен күнәлардың бірі. Ол ең ауыр жазаны қажет етеді. Жоғарыдағы жағдайда надандықпен немесе ғапылдықпен зина жасаған адам шариғи жазасын өтегеннен не тәубеге келіп, зинасын тоқтатқаннан кейін рухани тұрғыдан күнәсінен тазарған саналады. Сондықтан сол әйелдің анасына немесе қызына үйленуіне болады.
- 2«Ниса» сүресі, 4:23.