Қазақша аудармасы
Зәйд ибн Сәбит былай дейді: «Ерлі-зайыптылар неке бөлмесіне кіріп, перде түсірілсе, яғни есік жабылса, мәһір беру міндетті болады».
Сағид ибн Мүсәйяб былай дейді: «Ерлі-зайыптылар әйелдің үйінде оңаша қалса, жұбайлық қатынасқа түскен-түспегені жөнінде ер адамның сөзі негізге алынады. Ал ер адамның үйінде оңаша қалса, әйелдің сөзі негізге алынады».
Имам Мәлик былай дейді: «Әйелдің үйіндегі неке бөлмесіне кіргеннен кейін әйел: “Күйеуім маған жақындасты”, – десе, ал ер адам: “Мен оған жақындаспадым”, – десе, ер адамның сөзі қабыл етіледі. Ал ер адамның үйіндегі неке бөлмесіне кіргеннен кейін ер адам: “Мен оған жақындаспадым”, – десе, әйел: “Ол маған жақындасты”, – десе, әйелдің сөзі қабыл етіледі».