Хадис

Аңшылық

Муатта, 25-кітап · 19 хадис · № 1–19

Мазмұны: 7 бап
  1. 1Таяқ және таспен ұрылған аңның етін жеу
  2. 2Үйретілген жануарлармен аң аулау
  3. 3Теңіз аңы туралы риуаяттар
  4. 4Азу тісі бар жыртқыштардың етін жеуге тыйым салынуы
  5. 5Мініс жануарларының етін жеудің мәкруһ болуы
  6. 6Мүрдар өлген жануардың терісін пайдалану
  7. 7Өлексенің етін жеуге мәжбүр болу

1-бапТаяқ және таспен ұрылған аңның етін жеу

1
Муатта, 25-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Журуфта жүргенімде екі құсқа тас лақтырып, екеуіне де тигіздім. Бірі өліп қалды. Абдуллаһ ибн Омар оны тастады. Екіншісін де Абдуллаһ ибн Омар шотпен бауыздауға алып бара жатқан еді. Бірақ бауыздап үлгермей, ол да өліп қалды. Абдуллаһ ибн Омар оны да тастады».1

  1. 1Шайбани, 655.
2
Муатта, 25-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Естуімше, Қасым ибн Мұхаммед миғрадпен, яғни ұшы үшкір ағаш жебемен және домалақ таспен атып өлтірілген аңды құп көрмейтін».

3
Муатта, 25-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Маған жеткен риуаят бойынша, Сағид ибн Мусәйяб тағы болып кеткен үй жануарларын аң сияқты атып немесе соған ұқсас тәсілмен өлтіруді құп көрмейтін».

Имам Мәлик былай дейді: «Меніңше, миғрад аңның денесіне қадалып, оны тесіп, өлтіретін жеріне зақым келтірсе, сол аңның етін жеуге болады. Өйткені Құран Кәрімде: “Уа, иман келтіргендер! Алла Өзін көрмесе де, Өзінен именетін құлдарын анықтау үшін қолдарың немесе найзаларың жететін жерден аң шығарып сендерді сынап бағады”, – делінген.1 Демек, адамның қолымен, найзасымен немесе өзге қаруымен түсіргені аңның денесін тесіп, өлімге соқтырған болса, ол ауланған аңның үкімінде болады. Алла аятта осылай айтқан».

  1. 1«Мәида» сүресі, 5:94. Аң – табиғатынан тағы болып, адамнан қашатын жануар. Оны еті, терісі үшін немесе зиянынан қорғану үшін аулауға рұқсат етіледі. Ал тек ермек пен көңіл көтеру үшін аң аулау құпталмайды: жүректі қатайтып, жануарларға деген мейірімді жояды.
4
Муатта, 25-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик кейбір ғалымдардың мына сөзін жеткізеді: «Адам аңды атып жараласа, бірақ оның өліміне басқа бір себеп те, мысалы, суға түсуі немесе үйретілмеген ит себеп болса, ол аңның еті желінбейді. Тек аңшының жебесі оны өлтіргені немесе тірі қалмайтындай жеріне тигені анық болғанда ғана желінеді. Аңды сол жебе өлтіргеніне, одан кейін тірі қалуы мүмкін болмағанына ешкім күмәнданбауға тиіс. Яғни аңшы қасына жеткен кезде, аңның тірі қалу мүмкіндігі болмағаны анық болуы керек».

Имам Мәлик былай дейді: «Атқан аңыңның қайда құлағанын көрмей қалып, кейін оны итіңнің ізі немесе жебеңнің жарасы бар күйде тапсаң, арада бір түн өтпеген болса, етін жеуіңе болады. Ал оны құлатып, көзден таса етіп алғаннан кейін таба алмай, арада түн өтіп кетсе, еті желінбейді».

2-бапҮйретілген жануарлармен аң аулау

5
Муатта, 25-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар үйретілген иттің аулаған аңы туралы: «Өлген болсын, тірі болсын, сен үшін ұстағанын жей бер», – дейтін.1

  1. 1Шайбани, 658.
6
Муатта, 25-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Үйретілген жануардың саған ұстаған аңын өзі жеген болса да, жемеген болса да, ала бер».1

  1. 1Ханафи ғалымдары бойынша, аңға салынған ит аулаған аңынан жесе, оның еті желінбейді.
7
Муатта, 25-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Маған жеткен риуаят бойынша, Сағд ибн Әби Уаққастан үйретілген ит аңды өлтіріп қойса, не істеу керектігі сұралған. Ол: “Бір жапырақ еті ғана қалса да, жей бер”, – деп жауап берген».

8
Муатта, 25-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик кейбір ғалымдардың былай дегенін естіген: «Қаршыға, бүркіт, сұңқар және соларға ұқсас өзге құстар үйретілген ит секілді бапталып, аңға салынса, өлтірген аңдарының етін жеуге болады. Бірақ оларды аңға жібергенде “бисмиллә” деп, Алланың атын атау керек».

Имам Мәлик былай дейді: «Аңшы аңды сұңқардың тырнағынан немесе иттің аузынан босатып алып, кейін бауыздамай, өлгенін күтіп тұрса, оның етін жеуге болмайды. Бұл – мен естіген үкімдердің ішіндегі ең дұрысы».1

Имам Мәлик тағы былай дейді: «Сұңқардың тырнағында немесе иттің аузында тұрған аңды бауыздауға мүмкіндігі бола тұра, оны бауыздамай, сұңқар не ит өлтіргенше күтіп тұруға болмайды. Мұндай жолмен өлген аңның етін жеу адал емес».

Имам Мәлик былай дейді: «Аңға жебе атып, қасына тірі кезінде жеткенімен, бауыздауға салғырт қарап, өлтіріп алған адамның үкімі де осындай. Мұндай аңның еті де желінбейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Біз, Мәдина халқы, мына үкімге бірауыздан келісеміз: мұсылман отқа табынушының үйретілген итін аңға жіберіп, ит аңды өлтірсе, оның етін жеуге болады. Ит үйретілген болса, мұсылман аңды өзі бауыздамаса да, үкім осындай. Бұл – мұсылманның отқа табынушыға тиесілі пышақты, садақты немесе жебені алып, сонымен аң аулағаны сияқты. Мұндай аң адал, етін жеуге болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Ал отқа табынушы мұсылманның үйретілген итін аңға жіберіп, ит аңды ұстаса, оның еті желінбейді. Тек аң тірі ұсталып, оны мұсылман бауыздаса, жеуге болады. Бұл – отқа табынушының мұсылманның садағы мен жебесін алып, аң аулауы немесе мұсылманның пышағымен мал бауыздауы сияқты. Мұндай аңның етін жеуге болмайды».

  1. 1Өйткені аңшы аңның жаны шықпай тұрып жеткен. Бұл жағдайда оны бауыздауы керек еді.

3-бапТеңіз аңы туралы риуаяттар

9
Муатта, 25-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Абдуррахман ибн Әби Һурайра Абдуллаһ ибн Омардан теңіздің жағаға шығарып тастаған жануарлары туралы сұрады. Абдуллаһ ибн Омар олардың етін жеуден тыйды. Кейін үйіне қайтып, мұсхафты алдырды да: “Теңізден балық аулау һәм одан алынатын қорек түрлері сендерге де, жолаушыларға да ризық болсын деп адал етілді”, – деген аятты оқыды.1 Содан кейін мені Абдуррахман ибн Әби Һурайраға жіберді. Мен оған сұраған жануарларының етін жеуге болатынын хабарладым».2

  1. 1«Мәида» сүресі, 5:96.
  2. 2Ханафи мәзһабы бойынша, теңіз жағаға шығарып тастаған немесе су қайтқан жерде қалған балықтар желінеді. Қараңыз: Шайбани, 649.
10
Муатта, 25-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Омар ибн Хаттабтың азат етілген құлы Сағд әл-Жари былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омардан: “Бірін-бірі өлтірген немесе суықтан өлген балықтарды жеуге бола ма?” – деп сұрадым. Ол: “Оқасы жоқ”, – деді. Кейін осыны Абдуллаһ ибн Амр ибн Астан да сұрадым. Ол да солай жауап берді».1

  1. 1Ханафи мәзһабы да осы пікірде. Қараңыз: Шайбани, 650.
11
Муатта, 25-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра мен Зәйд ибн Сәбит теңіздің жағаға шығарып тастаған жануарларының етін жеуде әбестік көрмейтін.

12
Муатта, 25-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Әбу Сәләмә ибн Абдуррахманнан жеткен риуаятта былай делінеді: «Мәдина маңынан келген бір топ адам Мәруан ибн Хәкәмнан теңіздің жағаға шығарып тастаған жануарларының етін жеуге бола ма деп сұрады. Ол: “Оқасы жоқ”, – деп жауап берді. Сонымен бірге Зәйд ибн Сәбит пен Әбу Һурайрадан да сұрап, олардың жауабын өзіне хабарлауды тапсырды. Олар барып, екеуінен де сұрады. Екеуі де: “Жеуге болады”, – деп жауап берді. Әлгі адамдар келіп, жауабын Мәруанға жеткізді. Сонда ол: “Мен сендерге айттым ғой”, – деді».

Имам Мәлик былай дейді: «Мәжусидің аулаған балығын жеуге болады. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) теңіз туралы: “Суы таза, өлексесі адал”, – деген».1

Имам Мәлик былай дейді: «Оның өлі күйінде де еті желінетіндіктен, кімнің аулағаны адалдығына әсер етпейді».

  1. 1Бұл хадис иснады жалғасқан түрде «Таһарат» кітабында, 2/12-де келтірілген.

4-бапАзу тісі бар жыртқыштардың етін жеуге тыйым салынуы

13
Муатта, 25-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Әбу Сағләба әл-Хушәни ардақты Пайғамбардың былай дегенін жеткізеді: «Азу тісі бар жыртқыш аңдарды жеу – харам».1

  1. 1Ибн Абдилбәр былай дейді: «Яхия хадисті осылай жеткізген. “Мууаттаның” да, Ибн Шиһабтың да риуаятшыларының ешқайсысы оған осы нұсқада қосылмаған. Олардың бәрі: “Азу тісі бар жыртқыш аңдарды жеуге тыйым салды”, – деп риуаят еткен». Бұхари, «Зәбаих уәс-сайд», 72/29; Мүслим, «Сайд уәз-зәбаих», 34/14. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 643.
14
Муатта, 25-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра ардақты Пайғамбардың былай дегенін жеткізеді: «Азу тісі бар жыртқыштарды жеуге болмайды».

Имам Мәлик: «Бізде, Мәдина халқында, қалыптасқан үкім де осындай», – дейді.1

  1. 1Мүслим, «Сайд уәз-зәбаих», 34/15; Шафиғи, «Рисәлә», № 562. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 644. Ханафи мәзһабы да осы пікірде.

5-бапМініс жануарларының етін жеудің мәкруһ болуы

15
Муатта, 25-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Жылқы, қашыр мен есек туралы естіген үкімдердің ішінде ең құптайтыным – олардың еті желінбейтіні. Өйткені Құран Кәрімде: “Ол сендер мінсін әрі сәндеріңді келтірсін деп жылқыны, қашырды және есекті жаратты. Әрі Ол сендер білмейтін, тіпті ойларыңа да кіріп шықпайтын басқа да көптеген жаратылыстар жаратуда”, – делінген.1 Тағы бір аятта: “Алла сендер үшін кейбірін мінсін, енді бірін азық қылсын деп, төрт түлік малды жаратты”, – делінген.2 Сондай-ақ: “Біз әрбір үмбет үшін өздеріне ризық ретінде берген малын Алланың атын атап, құрбандыққа шалсын деп құрбан шалу рәсімін бекіттік. Құдайларың – жалғыз Құдай! Ендеше, Оған ғана мойынсұныңдар! Аллаға жан-тәнімен мойынсұнған мүміндерді сүйіншілеп, қуанта бер”, – деп бұйырылған».3

Имам Мәлик былай дейді: «Алла аятта жылқы, қашыр мен есекті міну және сән үшін атаған. Ал әнғамды, яғни түйе, сиыр сияқты төрт түлікті міну және жеу үшін атаған».

Имам Мәлик: «Аяттағы “қани” сөзі қанағатшыл кедейді білдіреді», – дейді.

  1. 1«Нахыл» сүресі, 16:8.
  2. 2«Ғафир» сүресі, 40:79.
  3. 3«Хаж» сүресі, 22:34, 36.

6-бапМүрдар өлген жануардың терісін пайдалану

16
Муатта, 25-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) өліп қалған қойдың жанынан өтті. Бұл – оның жұбайы Мәймунаның азат етілген күңіне берілген қой еді. Ол: “Терісін неге пайдаланбайсыңдар?” – деп сұрады. Жұрт: “Уа, Расулалла! Ол мүрдар өлген ғой”, – деді. Сонда ардақты Пайғамбар: “Тек етін жеуге ғана тыйым салынған”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Зекет», 24/61; Мүслим, «Хайыз», 3/101.
17
Муатта, 25-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас ардақты Пайғамбардың былай дегенін жеткізеді: «Жануардың терісі иленсе, таза болады».1

  1. 1Мүслим, «Хайыз», 3/105.
18
Муатта, 25-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшаның жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) мүрдар өлген жануардың терісін илеп, пайдалануды бұйырған.1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Либәс», 31/38; Тирмизи, «Либәс», 22/7; Нәсәи, «Фарағ уәл-атира», 41/6; Ибн Мәжа, «Либәс», 32/25.

7-бапӨлексенің етін жеуге мәжбүр болу

19
Муатта, 25-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Өлексенің етін жеуге мәжбүр болған адам туралы естіген үкімдердің ішінде ең құптайтыным – оның тойғанша жеп, жол азық етіп алуына болатыны. Мұқтаждығы қалмаған соң, оны тастайды».

Имам Мәликтен: «Өлексенің етін жеуге мәжбүр болған адам сол маңнан жеміс, егін өнімі немесе қой тапса, өлексенің етін жей ме?» – деп сұралды. Ол былай жауап берді: «Егер жемістің, егіннің немесе қойдың иелері оның шарасыз күйге түскеніне сеніп, ұры санамайтын, қолы кесілмейтін болса, тапқанынан жеп, қарнын тойдырады. Бірақ өзімен бірге алып кетпейді. Меніңше, бұл – өлексенің етін жегеннен абзал. Ал оның сөзіне сенбей, ұры санап, қолын кеседі деп қауіптенсе, өлексенің етін жегені өзіне қайырлырақ. Өйткені бұл жағдайда оған өлексенің етін жеуге рұқсат етілген. Дегенмен мені алаңдататыны – өлексенің етін жеуге мәжбүр болмағандардың осы рұқсатты сылтауратып, жұрттың мал-мүлкін алуға, егін өнімдері мен жемістерін жұлып жеуге әдеттенуі. Бұл мәселеде естіген үкімдерімнің ішіндегі ең дұрысы – осы».