Қазақша аудармасы
Әбу Сағид әл-Худриден риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) бір жылы рамазанның екінші он күндігінде иғтикаф жасады. Әдетте иғтикафтан шығатын күнінің алдындағы жиырма бірінші түнге жеткенде, былай деді: “Кім менімен бірге иғтикаф жасаған болса, соңғы он күнде де жасасын. Маған осы түн көрсетілген еді, бірақ кейін ұмыттырылды. Сол түннің таңында өзімді су мен балшыққа сәжде етіп жатқан күйде көрдім. Сондықтан Қадір түнін рамазанның соңғы он күнінен, оның тақ түндерінен іздеңдер”».
Әбу Сағид бұл оқиға туралы былай дейді: «Сол түні жаңбыр жауып, мешіттің төбесінен су өтті. Рамазанның жиырма бірінші күні таңертең Алла елшісінің (с.а.с.) намаздан қайтқанда маңдайы мен мұрнында су мен балшықтың ізі болғанын өз көзіммен көрдім».1
- 1Бұхари, «Иғтикаф», 33/1; Мүслім, «Сиям», 13/213. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 378.