Әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) иғтикафқа кіргісі келді. Отырмақ болған жеріне келгенде, әзірет Айшаның, Хафсаның және Зейнептің шатырлары тігулі тұрғанын көрді. Олардың кімдікі екенін сұрағанда: “Айша, Хафса және Зейнептің шатырлары”, – деп жауап берілді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Жақсылық істедік деп ойлайсыңдар ма?” – деді».
Ол былай жалғастырады: «Содан кейін иғтикафқа кірмей, кері қайтты. Оның орнына шәууәл айында он күн иғтикаф жасады».1
Имам Мәликтен былай деп сұралды: «Рамазанның соңғы он күнінде иғтикафқа кірген адам бір-екі күннен кейін ауырып, иғтикафтан шықса, жазылған соң қайта кіруі қажет пе? Бұл оған парыз бола ма? Парыз болса, қай айда кіруі керек?» Имам Мәлик былай жауап берді: «Жазылған соң келесі рамазанда немесе басқа айда өзіне міндет болған осы иғтикафтың қазасын өтейді. Естігенім бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) бір рамазанда иғтикафқа кірмек болып, кейін кірмеген. Рамазаннан кейін шәууәл айында он күн иғтикаф жасаған».2
Имам Мәлик былай дейді: «Рамазанда нәпіл иғтикафқа кірген адам мен иғтикаф қарызы бар адамға рұқсат етілетін және тыйым салынатын істердің үкімі бірдей. Маған жеткен риуаяттарға қарағанда, Алла елшісінің (с.а.с.) барлық иғтикафы нәпіл болған».
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Иғтикафтағы әйел хайыз көре бастаса, иғтикафтан шығып, үйіне қайтады. Тазарған соң мешіттегі орнына оралып, иғтикафын қалған жерінен жалғастырады. Үздіксіз екі ай ораза ұстау міндет болған әйел де осылай істейді: хайыздан тазарған бойда кешіктірмей, оразасын қалған жерінен жалғастырады».