Хадис

Құбыла

Муатта, 15-кітап · 15 хадис · № 1–15

Мазмұны: 6 бап
  1. 1Әжетханада құбыла тарапына бұрылмау
  2. 2Үлкен немесе кіші дәретке отырғанда құбылаға бұрылуға болатын жағдайлар
  3. 3Намазда құбылаға қарап түкірмеу
  4. 4Құбылаға қатысты түрлі риуаяттар
  5. 5Мәсжидун-Нәбәуидің қасиеттілігі
  6. 6Әйелдердің мешітке намазға бара алуы

1-бапӘжетханада құбыла тарапына бұрылмау

1
Муатта, 15-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) сахабасы Әбу Әйюб әл-Ансари Мысырда жүрген кезінде былай дейтін: «Шынында, мына әжетханаларға қатысты не істерімді білмеймін! Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған еді: “Сендердің бірің үлкен немесе кіші дәретке барған кезде алдымен де, артымен де құбылаға қарамасын1”».

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/11; Муслим, «Таһарат», 2/59.
2
Муатта, 15-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Нәфиғ ансарлардан бір адамнан жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) үлкен немесе кіші дәретке отырғанда құбылаға қарай бұрылуға тыйым салған».

2-бапҮлкен немесе кіші дәретке отырғанда құбылаға бұрылуға болатын жағдайлар

3
Муатта, 15-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Адамдар: “Дәрет сындыруға отырған кезде құбылаға және Бәйтүл-Мақдиске қарамаңдар”, – дейді. Бір жолы үйімнің шатырына шыққан едім, Алла елшісінің (с.а.с.) екі кірпіштің үстінде отырып, Бәйтүл-Мақдиске қарап дәрет сындырғанын көрдім».

Кейін Ибн Омар риуаятты жеткізушіге: «Сірә, сен де сәждеде денесін сандарына жабыстырып намаз оқитындардан шығарсың», – деді. Ол: «Уаллаһи, білмеймін», – деп жауап берді.

Имам Мәлик мұны сәждеге барғанда тізелер жерде тұрған күйде, денені сандардан ажыратпай, жерге және сандарға толықтай жабыстыру деп сипаттаған1.

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/12; Муслим, «Таһарат», 2/61; Шафиғи, «Рисала», № 812. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 277.

3-бапНамазда құбылаға қарап түкірмеу

4
Муатта, 15-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) құбыла тарапындағы қабырғадан түкірік көрді де, дереу оны қырып тастады. Содан кейін жамағатқа бұрылып: “Намаз оқып тұрған кезде құбыла тарапына түкірмеңдер. Өйткені намаз оқып тұрған кезде Алла Тағаланың құзырында боласыңдар”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Салат», 8/33; Муслим, «Мәсәжид», 5/50. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 281.
5
Муатта, 15-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) құбыла тарапындағы қабырғадан түкірік, яғни қақырық көрді де, оны дереу қырып тастады1».

  1. 1Бұхари, «Салат», 8/33; Муслим, «Мәсәжид», 5/52.

4-бапҚұбылаға қатысты түрлі риуаяттар

6
Муатта, 15-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай деп баяндайды: «Халық Құба мешітінде таң намазын оқып жатқан кезде бір адам келіп: “Осы түні Алла елшісіне (с.а.с.) бір аят түсті. Бұдан былай оған Қағбаға бұрылу бұйырылды, сендер де сол жаққа бұрылыңдар”, – деді. Ол кезде олар Шамға, яғни Құдысқа қарай бұрылып тұрған еді. Сонда дереу жүздерін Қағбаға қарай бұрды1».

  1. 1Бұхари, «Салат», 8/32; Муслим, «Мәсәжид», 5/13; Шафиғи, «Рисала», № 365. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 283.
7
Муатта, 15-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйябтан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға һижрет еткеннен кейін шамамен он алты айдай намазды Бәйтүл-Мақдиске, яғни Құдысқа қарап оқыды. Кейін Бәдір соғысынан шамамен екі ай бұрын құбыла Қағбаға ауыстырылды1».

  1. 1«Әт-Тәмһидте» былай делінген: «Бұл риуаят “Муаттада” мүрсал түрінде берілген. Әл-Бәраның хадисі арқылы мағынасы жағынан мүснад түрінде жеткен». Бұхари, «Салат», 8/31; Муслим, «Мәсәжид», 6/12; Шафиғи, «Рисала», № 366.
8
Муатта, 15-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Омар ибн Хаттабтан риуаят етіледі: «Жүзіңді Бәйтуллаһқа қарату шартымен шығыс пен батыстың арасы түгел құбыла».

5-бапМәсжидун-Нәбәуидің қасиеттілігі

9
Муатта, 15-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Менің осы мешітімде оқылған бір рәкағат намаз Мәсжидул-Харамнан басқа барлық мешіттерде оқылған мың рәкағат намаздан абзал1».

  1. 1Бұхари, «Салат фи мәсжид Мәккә уәл-Мәдина», 20/1; Муслим, «Хаж», 15/505.
10
Муатта, 15-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан немесе1 Әбу Сағид әл-Худриден риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Үйім мен мінберімнің арасы – жәннат бақшаларының бірі. Мінберім болса, Хауызымның үстінде».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «“Муатта” риуаятшылары жеткізушінің есімін осылай күмәнмен атаған». Бұхари («Салат фи мәсжид Мәккә уәл-Мәдина», 20/5) мен Муслим («Хаж», 15/502) мұны Әбу Һурайрадан риуаят еткен.
11
Муатта, 15-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Зәйд әл-Мәзиниден риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Үйім мен мінберімнің арасы – жәннат бақшаларының бірі1».

  1. 1Бұхари, «Салат фи мәсжид Мәккә уәл-Мәдина», 20/5; Муслим, «Хаж», 15/501.

6-бапӘйелдердің мешітке намазға бара алуы

12
Муатта, 15-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Алланың күңдерінің, яғни әйелдердің Алланың мешіттеріне баруына бөгет болмаңдар1».

  1. 1Бұхари, «Жұма», 11/13; Муслим, «Салат», 4/136.
13
Муатта, 15-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Бүср ибн Сағидтен риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Әйел адам құптан намазына бара жатқанда әдемі иіс себінбесін1».

  1. 1Бұл – мүрсал риуаят. Абдуллаһтың жұбайы Зейнеп оны жалғасқан тізбекпен жеткізген. Муслим, «Салат», 4/142.
14
Муатта, 15-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Амр ибн Нүфәйлдің қызы әрі Омар ибн Хаттабтың жұбайы Атикадан риуаят етіледі: «Омар ибн Хаттабтан мешітке бару үшін рұқсат сұрадым. Ол еш жауап бермей, үнсіз қалды. Мен өз-өзіме: “Уаллаһи, ‘барма’ демейінше бара беремін”, – дедім. Ол да “барма” демеді».

15
Муатта, 15-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Абдуррахманның қызы Амрадан риуаят етіледі: Ардақты Пайғамбардың жұбайы Әзірет Айша: «Егер Алла елшісі (с.а.с.) әйелдердің әдемі иіс себініп мешітке барғанын білсе, Исраил ұлдарының әйелдері мешітке барудан тыйылғаны сияқты, ол да оларға бөгет болар еді», – деді.

Хадисті жеткізуші Яхия ибн Сағид былай дейді: «Амрадан: “Исраил ұлдарының әйелдері мешіттерден тыйылған ба?” – деп сұрадым. Ол: “Иә”, – деді1».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/163; Муслим, «Салат», 4/144.