Әнәс ибн Мәлик былай деп баяндайды: «Бір адам Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Расулалла! Жануарлар ана жақта аштықтан қырылып жатыр, жолдардан құс ұшпайтын, керуен өтпейтін болды. Дұға етіңіз, енді жаңбыр жаусын!” – деп өтінді. Сонда Пайғамбарымыз дұға етті, келесі жұмаға дейін жаңбыр жауды. Келесі жұмада тағы бір адам келіп, Алла елшісіне (с.а.с.): “Уа, Расулалла! Жаңбырдан үйлер құлады, жолдар жүруге келмейтін болды, жануарлар жайылымға бара алмағандықтан аштықтан қырылып жатыр!” – деді. Осы жағдайға байланысты Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Жаңбырды таулардың, төбелердің үстіне, аңғарлардың ішіне және орманды жерлерге бағытта”, – деп дұға етті. Сонда жаңбыр, үстен киімді шешкендей, Мәдинадан дереу сейілді1».
Имам Мәликтен: «Жаңбыр дұғасы намазына үлгере алмай, құтбаға үлгерген және осы намазды оқығысы келген адам намазды үйінде оқуы керек пе, әлде мешітте оқуы керек пе?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Қалаған жерінде оқи алады, сондай-ақ қаламаса, оқымаса да болады», – деп жауап берді.
- 1Бұхари, «Истисқа», 15/6; Муслим, «Салат әл-истисқа», 9/8.