عَنْ أَبِي بُرْدَةَ عَنْ أَبِيهِ قَالَ: صَلَّيْنَا الْمَغْرِبَ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، ثُمَّ قُلْنَا: «لَوْ جَلَسْنَا حَتَّى نُصَلِّيَ مَعَهُ الْعِشَاءَ». قَالَ: فَجَلَسْنَا، فَخَرَجَ عَلَيْنَا، فَقَالَ: «مَا زِلْتُمْ هَاهُنَا؟» قُلْنَا: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، صَلَّيْنَا مَعَكَ الْمَغْرِبَ، ثُمَّ قُلْنَا: “نَجْلِسُ حَتَّى نُصَلِّيَ مَعَكَ الْعِشَاءَ”». قَالَ: «أَحْسَنْتُمْ» (أَوْ: «أَصَبْتُمْ»). قَالَ: فَرَفَعَ رَأْسَهُ إِلَى السَّمَاءِ، وَكَانَ كَثِيرًا مِمَّا يَرْفَعُ رَأْسَهُ إِلَى السَّمَاءِ، فَقَالَ: «النُّجُومُ أَمَنَةٌ لِلسَّمَاءِ، فَإِذَا ذَهَبَتِ النُّجُومُ أَتَى السَّمَاءَ مَا تُوعَدُ، وَأَنَا أَمَنَةٌ لِأَصْحَابِي، فَإِذَا ذَهَبْتُ أَنَا أَتَى أَصْحَابِي مَا يُوعَدُونَ، وَأَصْحَابِي أَمَنَةٌ لِأُمَّتِي، فَإِذَا ذَهَبَ أَصْحَابِي أَتَى أُمَّتِي مَا يُوعَدُونَ».
Әбу Бурда әкесінің былай дегенін жеткізді: «Біз Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге ақшам намазын оқыдық. Содан кейін: “Онымен бірге құптан намазын да оқығанша осында отыра тұрайық”, – дестік. Сөйтіп, сол жерде отырып қалдық. Алла Елшісі (с.а.с.) алдымызға шығып: “Сендер әлі осындасыңдар ма?” – деді. Біз: “Уа, Расулалла! Біз сізбен бірге ақшам намазын оқыдық. Содан кейін: ‘Сізбен бірге құптан намазын да оқығанша отыра тұрайық’, – дестік”, – дедік. Ол (с.а.с.): “Жақсы істепсіңдер”, – немесе: “Дұрыс істепсіңдер”, – деді. Содан кейін басын аспанға көтерді. Ол (с.а.с.) басын аспанға жиі көтеретін еді. Сонда ол (с.а.с.): “Жұлдыздар – аспан үшін амандық кепілі. Жұлдыздар жоғалған кезде аспанға уәде етілген нәрсе келеді. Мен – сахабаларым үшін амандық кепілімін. Мен кеткен кезде сахабаларыма уәде етілген нәрсе келеді. Ал сахабаларым – үмбетім үшін амандық кепілі. Сахабаларым кеткен кезде үмбетіме уәде етілген нәрсе келеді”, – деді» (2531/207).