عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَدِمَ الْمَدِينَةَ، فَنَزَلَ فِي عُلْوِ الْمَدِينَةِ، فِي حَيٍّ يُقَالُ لَهُمْ: بَنُو عَمْرِو بْنِ عَوْفٍ، فَأَقَامَ فِيهِمْ أَرْبَعَ عَشْرَةَ لَيْلَةً، ثُمَّ إِنَّهُ أَرْسَلَ إِلَى مَلَأِ بَنِي النَّجَّارِ، فَجَاءُوا مُتَقَلِّدِينَ بِسُيُوفِهِمْ، قَالَ: «فَكَأَنِّي أَنْظُرُ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ عَلَى رَاحِلَتِهِ، وَأَبُو بَكْرٍ رِدْفُهُ، وَمَلَأُ بَنِي النَّجَّارِ حَوْلَهُ، حَتَّى أَلْقَى بِفِنَاءِ أَبِي أَيُّوبَ، قَالَ: فَكَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي حَيْثُ أَدْرَكَتْهُ الصَّلَاةُ، وَيُصَلِّي فِي مَرَابِضِ الْغَنَمِ، ثُمَّ إِنَّهُ أَمَرَ بِالْمَسْجِدِ، قَالَ: فَأَرْسَلَ إِلَى مَلَأِ بَنِي النَّجَّارِ فَجَاءُوا، فَقَالَ: “يَا بَنِي النَّجَّارِ، ثَامِنُونِي بِحَائِطِكُمْ هَذَا”. قَالُوا: “لَا، وَاللَّهِ لَا نَطْلُبُ ثَمَنَهُ إِلَّا إِلَى اللَّهِ”». قَالَ أَنَسٌ: «فَكَانَ فِيهِ مَا أَقُولُ: كَانَ فِيهِ نَخْلٌ وَقُبُورُ الْمُشْرِكِينَ وَخِرَبٌ. فَأَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بِالنَّخْلِ فَقُطِعَ، وَبِقُبُورِ الْمُشْرِكِينَ فَنُبِشَتْ، وَبِالْخِرَبِ فَسُوِّيَتْ، قَالَ: فَصَفُّوا النَّخْلَ قِبْلَةً، وَجَعَلُوا عِضَادَتَيْهِ حِجَارَةً، قَالَ: فَكَانُوا يَرْتَجِزُونَ، وَرَسُولُ اللَّهِ ﷺ مَعَهُمْ، وَهُمْ يَقُولُونَ: “اللَّهُمَّ لَا خَيْرَ إِلَّا خَيْرُ الْآخِرَهْ، فَانْصُرِ الْأَنْصَارَ وَالْمُهَاجِرَهْ”».
Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай деген: «Алла Елшісі (с.а.с.) Мәдинаға келгенде, қаланың жоғарғы бөлігін мекендейтін Бәну Амр ибн Ауф әулетінің арасына тоқтады. Олардың арасында он төрт түн болды. Содан кейін Бәну Нәжжардың игі-жақсыларына хабар жіберді. Олар қылыштарын асынып келді. Алла Елшісі (с.а.с.) мініс көлігінің үстінде, Әбу Бәкір оның артына мінгесіп, ал Бәну Нәжжардың игі-жақсылары айналасын қоршап келе жатқан көрініс әлі күнге көз алдымда. Осылайша ол Әбу Әйюбтің ауласына келіп түсті. Алла Елшісі (с.а.с.) намаз уақыты қай жерде кірсе де, сол жерде намаз оқитын әрі қой қораларында да намаз оқитын. Содан кейін мешіт салуды бұйырды. Бәну Нәжжардың игі-жақсыларына хабар жібергенде, олар келді. Сонда ол (с.а.с.): “Уа, Бәну Нәжжар! Мына қоршалған бақтарыңның бағасын айтыңдар”, – деді. Олар: “Жоқ, Алламен ант етеміз! Оның ақысын Алладан ғана күтеміз”, – деді. Ол жерде, өзім айтып отырғандай, құрма ағаштары, мүшріктердің қабірлері және қираған құрылыстар бар еді. Алла Елшісі (с.а.с.) құрма ағаштарын кесуді, мүшріктердің қабірлерін қазуды және қираған құрылыстарды тегістеуді бұйырды. Содан кейін кесілген құрма ағаштарының діңдерін құбыла жағына қатарлап қойып, мешіт кіреберісінің екі жақтауын тастан қалады. Олар өлеңдетіп жұмыс істеп жатты, Алла Елшісі (с.а.с.) де олардың арасында еді. Олар: “Уа, Алла! Ақырет игілігінен өзге игілік жоқ. Ансарлар мен мұһажирлерге жәрдем ете гөр!” – деп айтып жүрді». (524/9)