Хадис

Кутуб ситтә, № 790

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
98. «Хужурат» сүресі
Нөмірі
№ 790 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
790
Кутуб ситтә, № 790 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَدِمَ رَكْبٌ مِنْ بَنِي تَمِيمٍ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ. فَقَالَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَمِّرِ الْقَعْقَاعَ بْنَ مَعْبَدِ بْنِ زُرَارَةَ؛ وَقَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَمِّرِ الْأَقْرَعَ بْنَ حَابِسٍ. قَالَ أَبُو بَكْرٍ: مَا أَرَدْتَ إِلَّا خِلَافِي. وَقَالَ عُمَرُ: مَا أَرَدْتُ خِلَافَكَ، فَتَمَارَيَا حَتَّى ارْتَفَعَتْ أَصْوَاتُهُمَا. فَنَزَلََ قَوْلُهُ تَعَالَى: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُقَدِّمُوا بَيْنَ يَدَىِ اللَّهِ وَرَسُولِهِ إِلَى قَوْلِهِ لَا تَرْفَعُوا أَصْوَاتَكُمْ حَتَّى انْقَضَتْ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла Ибн Зубәйір (р.а.) былай дейді: «Тәмимұлдары тайпасынан бір топ аттылы Алла елшісінің (с.а.с.) қасына келді. Әзірет Әбу Бәкір: “Оларға Қағқағ ибн Мағбадты басшы етіп тағайындаңыз”, – деді. Омар (р.а.) Ақрағ ибн Хабисті басшы етуге ұсыныс айтты. Әзірет Әбу Бәкір әзірет Омарға: «Сен маған қарсы шығуды көздедің!» – деді. Әзірет Омар (р.а.): «Жоқ, саған қарсы шығуды ойламадым!» – деді. Бір-бірін айыптап, дауыстарын көтерді. Осыған байланысты ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تُقَدِّمُوا۟ بَيْنَ يَدَىِ ٱللَّهِ وَرَسُولِهِۦ وَٱتَّقُوا۟ ٱللَّهَ إِنَّ ٱللَّهَ سَمِيعٌ عَلِيمٌ ۝ يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تَرْفَعُوٓا۟ أَصْوَٰتَكُمْ فَوْقَ صَوْتِ ٱلنَّبِىِّ وَلَا تَجْهَرُوا۟ لَهُۥ بِٱلْقَوْلِ كَجَهْرِ بَعْضِكُمْ لِبَعْضٍ أَن تَحْبَطَ أَعْمَٰلُكُمْ وَأَنتُمْ لَا تَشْعُرُونَ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Алланың және Расулының алдына түспеңдер! Аллаға қарсы келуден қорқыңдар! Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ (бәрін естуші), Алим (бәрін білуші). Уа, иман келтіргендер! Дауыстарыңды пайғамбардың дауысынан қатты шығармаңдар, әрі оған тіл қатқанда, бір-біріңе дауласып сөйлегендей дауыстап сөйлемеңдер! Әйтпесе, істеген игі істеріңнің зая кеткенін сезбей қаласыңдар»1 деген аят түсірілді».2

Түсіндірме

Аудармада «алдына шығу» деп аударылған сөздің мағынасы «ешбір нәрсені, ешбір әмірді, өздеріңді де, басқасын да Алланың және Оның Елшісінің алдына шығармаңдар» дегенді білдіреді. Бұл мағынаны түсіну үшін мына аяттың аудармасын еске түсірейік: ﴿وَمَا كَانَ لِمُؤْمِنٍ وَلَا مُؤْمِنَةٍ إِذَا قَضَى ٱللَّهُ وَرَسُولُهُۥٓ أَمْرًا أَن يَكُونَ لَهُمُ ٱلْخِيَرَةُ مِنْ أَمْرِهِمْ وَمَن يَعْصِ ٱللَّهَ وَرَسُولَهُۥ فَقَدْ ضَلَّ ضَلَٰلًا مُّبِينًا﴾ «Алла және Елшісі қандай да бір мәселеге қатысты кесімді үкім айтқанда, бірде-бір мүмін ер мен мүмін әйелдің өздеріне тікелей қатысы болған сол мәселеде таңдау құқығы жоқ. Кімде-кім Аллаға және Елшісіне қарсы келіп, асылық қылса, онда ол анық адасушылыққа ұрынды деген сөз»3.

Олай болса, Алланы және Оның Елшісін сынау немесе олардың сөзіне кереғар кез келген әрекет, пікір, болжам, ұсыныс аталмыш аяттағы тыйымды бұзады, Алла Тағаланың сөзімен айтқанда, «Алланың және Оның Елшісінің алдына шығады».

Мұндай әрекеттің нәтижесі бір мүмін үшін орасан зор қасірет, яғни «істеген игі істерінің зая кеткені...»

Аятта бұл нәтиже «байқамастан» сөзімен берілген, яғни Алланың және Оның Елшісінің алдына шыққан кезде, байқамастан істеген игі істері зая кетеді. Осы мәселеге тәпсіршілер ерекше назар аудартады. Себебі кейбір адамдар бар: біле тұра бидғаттарға, діни әмірлерге мән бермейді. Оның игі істері біле тұра зая болуда деген сөз, яғни ол ашықтан-ашық күпірлікке кіріп жатыр. Алайда кейбіреулері бар: надандығынан, салғырттығынан, діни мәселелерге мән бермеуінен сөздері мен іс-әрекеттерінің салдары не болатынын аңғара алмағандықтан, істеп жүргендерін діндарлық деп ойлап, қателікке ұрынады және амалдары зая кеткенін сезбей қалады.

Олай болса аят мүміндерді діни мәселелерге мән беруге, ұқыптылыққа, мұқияттылыққа, ілімге, зерттеуге ынталандырады.

Осыған байланысты ардақты ата-бабаларымыз әрбір мәселеде әуелі аят пен хадистің не дейтінін іздеп, олардан бір түсіндірме немесе ишарат табатын болса, соның аясынан шықпаған.

Аяттың түсуіне әртүрлі оқиғалар себеп ретінде көрсетілген. Аталмыш риуаят пайғамбар құзырында әзірет Омар мен әзірет Әбу Бәкірдің сөз таластырғанын көрсетеді. Риуаят бойынша, әзірет Омар уахи келгеннен кейін «амалым зая кетеді» деп қорқып Расулалланың жанында сыбырлағандай болып сөйлеген, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Не айтып жатырсың?» деп сұрамайынша дауысын көтермейтін.

Ғалымдар осыған қарап үлкен кісілердің, ғалымдардың құзырында олар сөйлемей тұрып, сұрамай жатып сөйлемеу керектігін Ислами әдеп деп таныған.

  1. 1«Хужурат» сүресі, 1-2-аяттар
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Хужурат», 1–2, «Мағази», 67, «Иғтисам», 5. Тирмизи, «Тәпсір», «Хужурат» (№3266, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3262). Нәсәи, «Қаза», 6 (8-т., 226-б.).
  3. 3«Ахзаб» сүресі, 36-аят