وَعَنْ عَلِيِّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَ آخِرُ كَلَامِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ: الصَّلَاةَ الصَّلَاةَ، اتَّقُوا اللَّهَ فِيمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) соңғы сөзі мынау болды: “Намазды сақтаңдар, намазды сақтаңдар! Қол астарыңдағы құлдарға қатысты Алладан қорқыңдар!”»1
Түсіндірме
Бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) соңғы өсиеті. Намазды соңғы сөзінде атауы оның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Басқа хадистерде намаздың діннің тірегі екені, оны дұрыс оқу дінді тік ұстау, ал дұрыс оқымау оны құлату екені айтылған. Құран да намаздың адамды жамандықтан сақтайтынын білдіреді2. Алла елшісінің (с.а.с.) намаздан кейін назар аударғаны – адам ақысы. Құлдарға дұрыс қарап, олардың ақысын өтеуде Алладан қорқу керек. Қолынан келмейтін істі жүктемеу, күндіз еңбек етсе, түнде жұмыс істетпеу, адал ас-су беру, ұрып-соқпау, балағаттап қорламау сияқты істер соған жатады. Түрбүшти: «Құлдардың ақысын намазбен қатар атау арқылы Алла елшісі (с.а.с.) ол ақыға да намаздай мән беруді ұқтырған», – дейді. Кей ғалымдар адамның иелігіндегі мал да осыған кіреді деген. Алдыңғы хадистерде жан-жануардың ақысы да сөз болған.
Құлдың ақысын сақтауға мән беру азат адамның да ақысы барын аңғартады. Азат адамның мүлкіне, жаны мен ар-намысына қатысты ақысы одан да жоғары тұрады. Сол ақыларға келгенде де Алладан қорқу өсиет етілген.
Кей ғалымдар «қол астарыңдағылар» дегенді құлдарға жақсы қарау жайындағы өсиет деп түсінген. Өзгелері мұнда зекетті алуға құқылы адамдардың ақысы меңзелген деген.