Хадис

Кутуб ситтә, № 5984

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
956. Әртүрлі мәселелер
Нөмірі
№ 5984 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 50
5984
Кутуб ситтә, № 5984 · тараудағы реті: 50Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَدِمَ مُسَيْلِمَةُ الْكَذَّابُ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَجَعَلَ يَقُولُ: إِنْ جَعَلَ لِي مُحَمَّدٌ الْأَمْرَ مِنْ بَعْدِهِ اِتَّبَعْتُهُ، وَقَدِمَ الْمَدِينَةَ فِي بَشَرٍ كَثِيرٍ مِنْ قَوْمِهِ، فَأَقْبَلَ إِلَيْهِ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَمَعَهُ ثَابِتُ بْنُ قَيْسِ ابْنِ شَمَّاسٍ، وَفِي يَدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ قِطْعَةُ جَرِيدٍ حَتَّى وَقَفَ عَلَيْهِ فِي أَصْحَابِهِ، فَقَالَ: «لَوْ سَأَلْتَنِي هَذِهِ الْقِطْعَةَ مَا أَعْطَيْتُكَهَا، وَلَنْ تَعْدُوَ أَمْرَ اللَّهِ فِيكَ، وَلَئِنْ أَدْبَرْتَ لَيَعْقِرَنَّكَ اللَّهُ، وَإِنِّي لَأَرَاكَ الَّذِي أُرِيتُ فِيكَ مَا أُرِيتُ، وَهَذَا ثَابِتٌ يُجِيبُكَ عَنِّي». ثُمَّ انْصَرَفَ عَنْهُ. قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ: فَسَأَلْتُ عَنْ قَوْلِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، وَإِنَّكَ الَّذِي أُرِيتُ فِيكَ مَا أُرِيتُ، فَأَخْبَرَنِي أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: بَيْنَا أَنَا نَائِمٌ رَأَيْتُ فِي يَدَيَّ سِوَارَيْنِ مِنْ ذَهَبٍ فَأَهَمَّنِي شَأْنُهُمَا، فَأَوْحَى اللَّهُ تَعَالَى إِلَيَّ أَنِ انْفُخْهُمَا، فَنَفَخْتَهُمَا، فَطَارَا فَأَوَّلْتُهُمَا كَذَّابَيْنِ يَخْرُجَانِ مِنْ بَعْدِي، وَكَانَ أَحَدُهُمَا الْعَنْسِيَّ صَاحِبَ صَنْعَاءَ، وَالْآخَرُ مُسَيْلِمَةُ صَاحِبُ الْيَمَامَةِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) жеткізеді: «Мұсайлима Кәззаб Алла елшісінің (с.а.с.) заманында келіп: “Мұхаммед өзінен кейін билікті маған қалдырса, оған еремін”, – дей бастады. Ол өз қауымының көп адамын ертіп Мәдинаға келді. Алла елшісі (с.а.с.) Сәбит ибн Қайс ибн Шаммаспен бірге оған барды. Қолында құрманың бір шыбығы бар еді. Серіктерінің арасында отырған Мұсайлиманың алдына тұрып: “Мына шыбықты сұрасаң да, оны саған бермеймін. Алланың өзің жайындағы әмірінен аттап өте алмайсың. Теріс бұрылсаң, Алла сені сөзсіз жазалайды. Меніңше, түсімде көрсетілген адам – сенсің. Менің атымнан саған Сәбит жауап береді”, – деді де, ол жерден кетіп қалды».

Ибн Аббас былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) “Түсімде көрсетілген адам сен болсаң керек” деген сөзінің мәнін сұрадым. Әбу Һурайра (р.а.) маған Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізді: “Бірде түсімде қолымнан екі алтын білезік көрдім. Сол екеуі мені алаңдатты. Алла Тағала маған ‘Екеуіне үрле!’ деп уахи етті. Үрлеп едім, екеуі де ұшып кетті. Мұны менен кейін шығатын екі өтірікші деп жорыдым”». Рауи Убәйдулла: «Бірі – Санға билеушісі әл-Анси, екіншісі – Ямама билеушісі Мұсайлима», – дейді.1

Түсіндірме

1. Риуаятта Әбу Бәкір (р.а.) дәуірінде қарсы шыққан, өзін пайғамбармын деп жариялаған екі өтірікші сөз болады. Мұсайлима туралы кеңірек риуаяттардың мәтінінде аздаған айырма бар. Ең дұрысы – «Сахихайнда» берілген нұсқа.

Риуаяттан аңғарылғандай, Мұсайлима Ямаманың билеушісі еді. Әдебиетке бейімі болған. Жұрт арасында беделі жоғары болғандықтан, «Рахман әл-Ямама» деген лақаппен танылған. Өз қауымы қолдайды деген сенімі оны өзін пайғамбар деп жариялауға итермелеген.

2. Риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) Мұсайлимаға барғанын көрсетеді. Ол Сәбит ибн Қайспен бірге барып, Ямама жұртының алдында олардың пайғамбарлыққа ортақтасу, өзінен кейін билікке келу және кей нұсқада жерді бөліп билеу талаптарын кері қайтарды. Осындай пиғылынан қайтпаса, бір шыбық сұраса да бермейтінін ашық айтты.

3. Алла елшісінің (с.а.с.) Мұсайлимаға өзі баруын ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Мұсайлима тәкаппарланып, оның алдына келмеген болуы мүмкін. Алла елшісі (с.а.с.) алыстан келгендерге көрсететін әдеттегі ілтипатын сақтап, оларға өзі барған, жұмсақ сөзбен көңілдерін табуға тырысқан. Мұсайлиманың райынан қайтпағанын көргенде, өз пікірін оның адамдарының алдында ашық айтып кеткен. Осы әрекеттен, өзге дін өкілдері кездесуге келсе, көпшіліктің игілігі үшін имам оларға өзі бара алады деген үкім шығарылған.

4. Сәбит ибн Қайс Алла елшісінің (с.а.с.) атынан сөз сөйлейтін хатиб еді. Қажет кезде ол Сәбитке сөз айтқызатын. Мұсайлима ертіп келген жұртқа айтарын ашық айтқаннан кейін қалған мәселені реттеуге Сәбитті өкіл етіп қалдырды. Алла елшісіне (с.а.с.) аз сөзбен көп мағына жеткізетін «жәуамиғул-кәлим» қасиеті берілген еді. Тіпті бір шыбық та бермейтінін анық айтып, қалған сөзді сахабасына тапсырды. Оның осы әрекетінен мұсылман дипломатиясына қатысты бір қағида шығады. Қажет кезде имам өз атынан басқа адамды өкіл етіп, бірбеткей қарсыласпен сөйлесуге шешен кісіні жібере алады.

Алла елшісінің (с.а.с.) хабарлағанындай, Мұсайлима Кәззаб Әбу Бәкір (р.а.) тұсында мұсылмандардың қолынан қаза тауып, бүлігі басылды. Дереккөздерде оны Хамзаны шейіт еткен Уахши өлтіргені айтылады.

5. Алла елшісі (с.а.с.) түсіндегі алтын білезіктерді өтірікшілерге жорыды. Өтірік – бір нәрсені өз орнына қоймай, басқа орынға қою. Алтын ер кісіге харам болғандықтан, қолындағы алтын білезік жөнсіз іс болатынын аңғартқан. Сондықтан ол оны лайықсыз адамның өзін пайғамбар деп жариялауы сияқты өтірікшілікке жорыған. Үрлегенде білезіктердің ұшып кетуі бұл іске барған екі кісінің де жуық арада жойылатынын және олардың қадірі болмашы екенін білдірген.

6. Хадистегі екінші өтірікші – әл-Әсуад әл-Анси. Жүзін бүркеп жүретіндіктен, оны Зулхимар деп те атаған. «Химар» – перде деген сөз. Санғадағы түбі ирандық Базан қайтыс болғанда, Зулхимар адамдарымен Санғаға келіп, өңірді биледі де, Базанның әйелі әл-Марзубанаға үйленді. Марзубана бір түні оған шарап ішкізіп мас қылған соң, сол түні сарайға кірген адамдар оны өлтірді. Кіреберісін мың шақты күзетші күзеткендіктен, олар сарайға қабырға арқылы кірген. Әйелді де, сарайдағы бірқатар бағалы бұйымды да алып кеткен. Дереу Мәдинаға хабар жіберілді. Хабар Алла елшісі (с.а.с.) дүние салар шақта жетті. Кей риуаятта әл-Әсуадтың Алла елшісі (с.а.с.) дүние салардан бір күн бұрын, түнде өлтірілгені, Алла елшісінің уахи арқылы хабардар болып, мұны сахабаларына жеткізгені айтылады. Алайда хабардың кейінірек Әбу Бәкірге жеткені де айтылады.

Әбу Бәкірдің (р.а.) «ридда» деп аталатын діннен бас тарту қозғалыстарына табандылықпен қарсы тұруы – оның исламға сіңірген үлкен еңбектерінің бірі. Әсіресе Мұсайлима бастаған қозғалыс ислам мемлекетіне елеулі қауіп төндірген.

7. Алла елшісі (с.а.с.) көзі тірісінде басталған осы діннен бас тарту қозғалыстарына қалай тойтарыс беру керегін өзі айқындаған. Ол дереу қарсы шара қолданып, маңайдағы ел мен адал мұсылман басшыларға хабар жолдап, қарсы шыққандарды қажет болса соғыспен тоқтатуды білдірген. Табаридің «Тарихында» Алла елшісінің (с.а.с.) осындай он тоғыз хатының мәтіні келтіріледі.

  1. 1Бұхари, «Мәнәқиб», 25, «Мағази», 70–71 (№4373), «Таухид», 29. Мүслим, «Түс жору», 21 (№2273).