وَعَنْ مُطَرِّفِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ الشِّخِّيرِ عَنْ أَبِيهِ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَثَلُ ابْنِ آدَمَ وَإِلَى جَنْبِهِ تِسْعٌ وَتِسْعُونَ مَنِيَّةٌ فَإِنْ أَخْطَأَتْهُ الْمَنَايَا وَقَعَ فِي الْهَرَمِ حَتَّى يَمُوتَ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Мұтарриф ибн Абдулла ибн әш-Шиххир әкесінен жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Адам баласын айнала тоқсан тоғыз ажал қаупі тұрады. Сол ажалдар оған тимей өтсе де, ол ақырында кәрілікке жетіп, сол күйде дүние салады”».1
Түсіндірме
Ғалымдар бұл хадистен адамның ауыртпалыққа кезігуі бұлтартпас тағдыр екенін аңғарған. Айналада қауіп-қатер көп. Хадисте олардың «ажал» мағынасындағы «мәния» сөзінің көпше түрі «мәнаямен» берілуі сол қатерлердің өмірге қауіпті екенін көрсетеді. Ауру, өрт, суға кету, жол апаты, қоғамдағы бүлік және тағы басқа қауіп аз емес. Адам соның бәрін ойлап отырса, тіршіліктің мәні қашары анық. Хадис бұл қатердің бәріне ортақ екенін айтып, Аллаға сеніп, тәуекелмен өмір сүруге шақырады. Адам мұндай ауыртпалықтарға тап болмаса да, ақырында қартайып, әл-дәрмені кетіп, ажал құшады. Сондықтан «кәрілікке дауа жоқ» делінген.
Мүмін «бұл дүние – мүміннің абақтысы, кәпірдің жәннаты» екенін білуі керек. Алланың жазғанына мойынсұнып, разылық танытып, қиындыққа сабыр етіп, өмір сынағынан сүрінбей өтуге ұмтылғаны жөн. «Мүлік» сүресінде дүние тіршілігі рақат үшін емес, сынақ үшін жаратылғаны айтылады. Сол сынақта қиындықтың орны бөлек, оны сабыр мен төзім арқылы жеңеді.
- 1Тирмизи, Қадар 14 (2151).