وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: جَاءَ السَّيِّدُ وَالْعَاقِبُ صَاحِبَا نَجْرَانَ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ يُرِيدَانِ أَنْ يُلَاعِنَاهُ، قَالَ: فَقَالَ أَحَدُهُمَا لِصَاحِبِهِ لَا تَفْعَلْ، فَوَاللَّهِ إِنْ كَانَ نَبِيًّا فَلَاعَنَّا لَا نُفْلِحُ أَبَدًا نَحْنُ وَلَا عَقِبُنَا مِنْ بَعْدِنَا، قَالَا لَهُ: إِنَّا نُعْطِيكَ مَا سَأَلْتَنَا، وَابْعَثْ مَعَنَا رَجُلًا أَمِينًا، وَلَا تَبْعَثْ مَعَنَا إِلَّا أَمِينًا فَقَالَ ﷺ: لَأَبْعَثَنَّ مَعَكُمْ رَجُلًا أَمِينًا، حَقَّ أَمِينٍ، فَاسْتَشْرَفَ لَهُ أَصْحَابُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: قُمْ يَا أَبَا عُبَيْدَةَ بْنَ الْجَرَّاحِ، فَلَمَّا قَامَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: هَذَا أَمِينُ هَذِهِ الْأُمَّةِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَوْ بَايَعَنِي عَشَرَةٌ مِنَ الْيَهُودِ لَمْ يَبْقَ عَلَى ظَهْرِهَا يَهُودِيٌّ إِلَّا أَسْلَمَ، وَفِي رِوَايَةٍ لَوْ آمَنَ بِي عَشَرَةٌ مِنَ الْيَهُودِ لَآمَنَ بِيَ الْيَهُودُ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Хузайфа (р.а.) жеткізеді: «Нәжранның екі басшысы Сәйид пен Ақиб Алла елшісіне (с.а.с.) өзара қарғасу ниетімен келді. Бірі екіншісіне: “Бұлай істеме. Аллаға ант етейін, ол расында пайғамбар болып, онымен қарғассақ, өзіміз де, кейінгі ұрпағымыз да ешқашан оңбаймыз”, – деді. Екеуі Алла елшісіне (с.а.с.): “Сұрағаныңды береміз. Бізбен бірге сенімді адам жібер. Тек сенімді кісі ғана болсын”, – деді. Ол: “Сендермен бірге нағыз сенімді адамды жіберемін”, – деді. Мұны естіген сахабалар сол міндетке таңдалудан үміттенді. Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Әбу Убәйда ибн әл-Жаррах, тұр”, – деді. Ол орнынан тұрғанда: “Мынау – осы үмбеттің сенімді адамы”, – деді».1 Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Яһудилерден он адам маған серт берсе, жер бетінде исламды қабылдамаған бірде-бір яһуди қалмас еді», – деген. Басқа нұсқасында: «Яһудилерден он адам маған иман келтірсе, яһудилер түгел маған иман келтірер еді», – делінген.2
Түсіндірме
1. «Нәжран» – Меккеден Йеменге қарай жатқан кең өңірдің атауы. Ол шапқан аттыға бір күндік жер. Ибн Исхақтың айтуынша, негізінен христиандар мекендеген осы өңірден жиырма адамдық топ Алла елшісіне (с.а.с.) Меккеде жолыққан. Кейін Мәдинаға да келген. Демек, олар екі рет елшілік жіберген. Түрлі риуаятта олардың саны он төрт не жиырма төрт деп, кейбірінің есімі де аталады. Топтың басшысы Сәйидтің есімі Әйхам немесе Шурахбил деп берілген. Ақибтың есімі – Абдулмасих.
Алла елшісі (с.а.с.) оларды исламға шақырып, Құран оқып берді. Олар ұсынысты қабылдамады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Сөзіме сенбесеңдер, келіңдер, мұбаһала жасайық», – деді. Мұбаһала – келіспеген екі жақтың «кімнің сөзі жалған болса, Алланың лағынеті соған болсын» деп бірге тілек айтуы. Бұл ұсыныс мына аятқа сүйенген: ﴿فَمَنْ حَآجَّكَ فِيهِ مِنۢ بَعْدِ مَا جَآءَكَ مِنَ ٱلْعِلْمِ فَقُلْ تَعَالَوْا۟ نَدْعُ أَبْنَآءَنَا وَأَبْنَآءَكُمْ وَنِسَآءَنَا وَنِسَآءَكُمْ وَأَنفُسَنَا وَأَنفُسَكُمْ ثُمَّ نَبْتَهِلْ فَنَجْعَل لَّعْنَتَ ٱللَّهِ عَلَى ٱلْكَٰذِبِينَ﴾ «Өзіңе осынау хақ ілім жеткеннен кейін, кімде-кім сенімен сөз таластыратын болса, ондайларға: “Қане келіңдер! Біз өз балаларымызды, сендер өз балаларыңды, біз өз әйелдерімізді, сендер де өз әйелдеріңді, әрі біз өзімізді, сендер де өздеріңді бір жерге шақырайық, содан кейін бәріміз Аллаға жалбарынайық, сөйтіп, Алланың лағынеті өтірікші кәззаптарға жаусын деп қарғыс айтайық”, – де» («Әли Имран», 61-аят). Алла елшісі (с.а.с.) осы аятқа сүйеніп, Хасан, Хұсейн мен Фатиманы ертіп, белгіленген жерге байсалды түрде барды. Осылайша ниетінің берік екенін көрсетті. Нәжрандықтар мұны көріп іркіліп, өзара ақылдасуға рұқсат сұрады. Сөзін тыңдайтын үлкендері, кей риуаятта Сәйид, Ақиб немесе Шурахбил Әбу Мәриям: «Аллаға ант етейін, бұл кісі пайғамбар болса, онымен қарғасқан жағдайда өзіміз де, ұрпағымыз да құримыз», – деді. Сөйтіп, олар мұбаһалаға бармай, мұсылмандардың сұрағанын беріп, келісім жасасуға ұйғарды. Кей риуаятта екі мың толық киім беруге келіскені айтылады. Бір бөлігін ережепте, екіншісін сапар айында бермек болған және әр киіммен бірге бір ұқия күміс қосқан. Ибн Сағдтың айтуынша, Сәйид пен Ақиб кейін қайта келіп, мұсылман болған.
2. Нәжрандықтар оқиғасынан мынадай тұжырымдар шығарылған:
• Кісінің Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбар екенін мойындауы өздігінен иман болып саналмайды. Исламның үкімдерін ұстануы шарт.
• Кітап иелерімен пікірталасуға болады. Қажет кезде мұндай пікірталас орын алады.
• Анық дәлелді көре тұра табандап қарсыласқан адаммен мұбаһала жасауға болады. Ибн Хажар: «Тәжірибе көрсеткендей, өзінікі дұрыс еместігін біле тұра мұбаһалаға кірген адам бір жыл өтпей-ақ жамандыққа ұшырайды. Құдайға сенбейтіндердің арасынан осылай бірбеткейлік танытқан біреудің екі ай өтпей жамандыққа ұшырағанын өзім көрдім», – дейді.
• Имам өзі жөн көрген мөлшерде мүлік алуға келісіп, зимма иелерімен шарт жасаса алады. Бұл мүлік жизия орнына өтеді.
• Имам исламның игілігін көздеп, келісім жасалған өзге дін өкілдеріне сенімді бір ғалымды жіберуі тиіс.
• Бұл хадис Әбу Убәйданың жоғары мәртебесін де көрсетеді.
Алла елшісінің (с.а.с.) Нәжранға Әлиді де жібергені туралы риуаяттар басқа оқиғаға қатысты болса керек. Өйткені Әбу Убәйданың Нәжрандықтармен бірге барып, христиандардан жизия, мұсылман болғандарынан зекет жинап қайтқаны риуаяттарда анық айтылған.