Хадис

Кутуб ситтә, № 5965

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
956. Әртүрлі мәселелер
Нөмірі
№ 5965 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 31
5965
Кутуб ситтә, № 5965 · тараудағы реті: 31Риуаят етуші: Үммі Сәләма

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُسَمِّي الْفَأْرَةَ الْفَوَيْسِقَةَ، وَقَالَ: لَا أَرَاهَا إِلَّا مِنَ الْمَمْسُوخِ، فَإِنَّهَا إِذَا جُعِلَ لَهَا أَلْبَانُ الْإِبِلِ لَمْ تَشْرَبْ، وَإِذَا جُعِلَ لَهَا أَلْبَانُ الشَّاءِ شَرِبَتْ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләмә (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) тышқанды “фуайсиқа” деп атайтын. Ол: “Мұны бейнесі өзгертілгендердің бірі ме деп ойлаймын. Өйткені түйенің сүтін қойсаң, ішпейді, ал қойдың сүтін берсең, ішеді”, – дейтін».1

Түсіндірме

1. «Фуайсиқа» – «пасық» сөзінің кішірейткіш түрі, яғни «кішкентай пасық» деген мағына береді. Пасық – шектен шыққан, бойсұнбаған жан. Шариғатта бұл сөз харам істеп, парыздарын орындамаған адамға қатысты қолданылады.

2. Мәсх – бір нәрсенің бұрынғысынан жаман бейнеге айналуы. Мәселен, адам жануар кейпіне түсуі мүмкін. Жоғарыдағы хадисте пасық адамның осылай тышқанға айналған болуы мүмкін екені айтылады. Келесі хадисте бұл жай маймыл мен доңызға қатысты анық айтылады. Мүслимнің Әбу Һурайрадан (р.а.) келтірген нұсқасында бұл мәселе кеңірек баяндалған: «Алла елшісі (с.а.с.): “Исраил ұрпағынан бір қауым жоғалып кетті. Оларға не болғаны белгісіз. Мен олар тышқанға айналған шығар деп ойлаймын. Көрмейсіңдер ме, тышқанға түйе сүтін берсеңдер ішпейді, қой сүтін берсеңдер ішеді”, – деді». Әбу Һурайра сөзін былай жалғаған: «Осы хадисті Кағбқа айттым. Ол: “Мұны Алла елшісінен (с.а.с.) естідің бе?” – деп сұрады. “Иә”, – дедім. Ол осы сұрағын бірнеше рет қайталағанда: “Мен Таурат оқимын ба?” – дедім». Яғни Әбу Һурайра мұны Алла елшісінен естігенін, өзіне уахи түспейтінін және Кағб әл-Ахбар секілді бұрынғы кітаптарды білмейтінін білдірген.

3. Мәсх тақырыбын түсіну үшін оның Құранда да айтылатынын ескерген жөн. Алла Тағала бірнеше аятта Оның әмірін тыңдамай, шектен шығып, пайғамбарларға қарсы келген кейбір қауымды кейінгілерге ғибрат болсын деп, бейнесін өзгертумен жазалағанын айтады. Мысалы, Исраил ұрпағының бір тобына қатысты: ﴿وَلَقَدْ عَلِمْتُمُ ٱلَّذِينَ ٱعْتَدَوْا۟ مِنكُمْ فِى ٱلسَّبْتِ فَقُلْنَا لَهُمْ كُونُوا۟ قِرَدَةً خَٰسِـِٔينَ ۝ فَجَعَلْنَٰهَا نَكَٰلًا لِّمَا بَيْنَ يَدَيْهَا وَمَا خَلْفَهَا وَمَوْعِظَةً لِّلْمُتَّقِينَ﴾ «Араларыңнан қасиетті сенбі күні шектен шыққандарды әлбетте білесіңдер. Сонда Біз оларға: “Жексұрын маймылдарға айналыңдар”, – дедік. Біз бұл жазаны сол кездегілер мен кейінгілерге сабақ һәм тақуаларға насихат болсын деп берген едік»2, – делінген.

Басқа аятта мәселеге қатысты былай делінеді: «Айт: ﴿قُلْ هَلْ أُنَبِّئُكُم بِشَرٍّ مِّن ذَٰلِكَ مَثُوبَةً عِندَ ٱللَّهِ مَن لَّعَنَهُ ٱللَّهُ وَغَضِبَ عَلَيْهِ وَجَعَلَ مِنْهُمُ ٱلْقِرَدَةَ وَٱلْخَنَازِيرَ وَعَبَدَ ٱلطَّٰغُوتَ أُو۟لَٰٓئِكَ شَرٌّ مَّكَانًا وَأَضَلُّ عَن سَوَآءِ ٱلسَّبِيلِ﴾ “Оларға: ‘Сендерді Алланың алдында ең жаман жазаға лайық болғандардың жай-күйінен хабардар етейін бе? Олар Алланың қарғысына қалып, рақымынан мүлдем аласталған һәм қаһарына ұшырағандар. Алла олардың бір бөлігін маймылға, енді бір бөлігін доңызға айналдырып, тағы біреулерін тағұтқа құлдық ұратын етіп қойған. Міне, солардың алатын орны тым жаман. Олар – түзу жолдан адасқандар’”» («Мәида», 60-аят).

Тәпсіршілер осы аяттағы маймыл мен доңызға айналу оқиғасын әртүрлі түсіндірген. Бір тобы аятта алдыңғы аяттағы сенбі күнінің тыйымын бұзғандар меңзелгенін, олардың жастары маймыл, кәрілері доңыз болғанын айтқан. Енді біреулері Иса дастарқанынан дәм татқан кей адамдардың бейнесі өзгергені туралы түсіндірмені ескерген. Олардың пікірінше, маймылға айналғандар – сенбі күнінің тыйымын бұзғандар, ал доңызға айналғандар – Исаның дастарқанына жиналғандар.

  1. 1Рәзин тахриж еткен. Бұхариде келген (Бәдул-халқ 15; Мүслим, Зуһд 62 (2997).
  2. 2«Бақара» сүресі, 65–66-аяттар.