Хадис

Кутуб ситтә, № 5963

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
956. Әртүрлі мәселелер
Нөмірі
№ 5963 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 29
5963
Кутуб ситтә, № 5963 · тараудағы реті: 29

وَعَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنِّي لَأَرْجُو أَنْ لَا تُعْجِزَ أُمَّتِي عِنْدَ رَبِّهَا أَنْ يُؤَخِّرَهُمْ نِصْفَ يَوْمٍ، قِيلَ لِسَعْدٍ: كَمْ نِصْفُ يَوْمٍ؟ قَالَ: خَمْسُمِائَةِ سَنَةٍ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үмбетімнің Раббысының құзырында жарты күнге мұрсат алуынан үміттенемін”, – деді». Сағдтан: «Жарты күн қанша уақыт?» – деп сұрағанда, ол: «Бес жүз жыл», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

1. Түсіндірмешілер хадисті әртүрлі жорамалдаған. Кең тараған түсіндірмелер мынадай:

1) Бір жорамал бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) үмбетінің ғұмыры осы уақыттан кейін кемінде бес жүз жылға созылатынын үміт еткен. Демек, қиямет ең ерте дегенде бес жүз жылдан кейін болады.

2) Екінші жорамал бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) исламның осы дүниеде бес жүз жыл салтанат құрып, үмбетінің сол жолды ұстанатынын меңзеген. Яғни үмбет осы мерзім ішінде күнәдан сақтанып, ізгі қалпын жоғалтпайды.

3) Тағы бір жорамал бойынша, үмбеттің байлары қиямет күні есеп беретін жерде бес жүз жыл күтеді. Содан кейін өздерінен бұрын жәннатқа кірген кедейлермен сонда қауышады.

2. Сағд (р.а.) хадистегі «жарты күнді» бес жүз жыл деп түсіндірген. Ол бұл есепті аяттағы санға сүйеніп шығарған: ﴿وَإِنَّ يَوْمًا عِندَ رَبِّكَ كَأَلْفِ سَنَةٍ مِّمَّا تَعُدُّونَ﴾ «Біліп қойыңдар, Раббыларыңның құзырындағы бір күн сендердің есептерің бойынша мың жыл сияқты».2

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәләһим 18 (4350).
  2. 2Хажж 47.