وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ يَصْعَدِ الثَّنِيَّةَ ثَنِيَّةَ الْمُرَارِ فَإِنَّهُ يُحَطُّ عَنْهُ مَا حُطَّ عَنْ بَنِي إِسْرَائِيلَ، فَكَانَ أَوَّلُ مَنْ صَعِدَهَا خَيْلُنَا، خَيْلُ بَنِي الْخَزْرَجِ، ثُمَّ تَتَامَّ النَّاسُ، فَقَالَ ﷺ: كُلُّكُمْ مَغْفُورٌ لَهُ إِلَّا صَاحِبَ الْجَمَلِ الْأَحْمَرِ، فَأَتَيْنَاهُ فَقُلْنَا: تَعَالَ يَسْتَغْفِرْ لَكَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، وَكَانَ يَنْشُدُ ضَالَّةً. فَقَالَ: لَأَنْ أَجِدَ ضَالَّتِي خَيْرٌ لِي مِنْ أَنْ يَسْتَغْفِرَ لِي صَاحِبُكُمْ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Жабир (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Кім Мурар асуына шықса, оның күнәлары Бәну Исраилдің күнәлары кешірілгендей кешіріледі”.
Асудан алғаш болып Бәну Хазраждан шыққан атты жасағымыз асты. Содан соң басқалары да көтерілді. Алла елшісі (с.а.с.): “Қызыл түйенің иесінен басқаларыңның бәрі кешірілдіңдер”, – деді. Біз әлгі кісіге барып: “Жүр, Алла елшісі (с.а.с.) сен үшін де кешірім тілесін”, – дедік. Ол жоғалған затын іздеп жүр екен. “Жолдастарыңның мен үшін кешірім тілегенінен гөрі жоғалтқанымды тапқаным артық”, – деді».1
Түсіндірме
«Сания» – таудағы тік асу. Алла елшісі (с.а.с.) оған шыққан адамға зор сауап уәде еткен. Өйткені асу дұшпанға жақын, оған шығу қиын әрі қауіпті еді. Қай сапар екені риуаятта анық айтылмаған. Бұл Хұдайбия сапары болуы мүмкін. Қызыл түйенің иесі Жәд ибн Қайс деген мұнафық болғаны айтылады.
- 1Мүслим, «Мұнафықтардың сипаттары», 12 (№2780).