وَعَنْ هَمَّامِ بْنِ مُنَبِّهِ قَالَ: حَدَّثَنَا أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَحَادِيثَ، مِنْهَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: اشْتَرَى رَجُلٌ مِمَّنْ كَانَ قَبْلَكُمْ عَقَارًا مِنْ رَجُلٍ فَوَجَدَ الَّذِي اشْتَرَى الْعَقَارَ فِي الْعَقَارِ جَرَّةً فِيهَا ذَهَبٌ. فَقَالَ لِلْبَائِعِ: خُذْ ذَهَبَكَ فَإِنَّمَا اشْتَرَيْتُ الْعَقَارَ وَلَمْ أَبْتَغِ مِنْكَ الذَّهَبَ. فَقَالَ الْبَائِعُ: إِنَّمَا بِعْتُكَ الْأَرْضَ وَمَا فِيهَا، فَتَحَاكَمَا إِلَى رَجُلٍ. فَقَالَ الرَّجُلُ: أَلَكُمَا وَلَدٌ؟ فَقَالَ أَحَدُهُمَا: لِي غُلَامٌ، وَقَالَ: الْآخَرُ لِي جَارِيَةٌ، فَقَالَ: أَنْكِحَا الْغُلَامَ الْجَارِيَةَ، وَأَنْفِقَا عَلَيْهِمَا مِنْهُ، وَتَصَدَّقَا. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Хаммам ибн Мұнаббиһ былай дейді: «Әбу Һурайра (р.а.) бізге бірнеше хадис жеткізді. Соның бірінде Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін айтты: “Сендерден бұрын өткен бір кісі біреуден жер сатып алды. Сатып алған жерінен алтын салынған құмыра тапты да, сатушыға: ‘Алтыныңды ал. Сенен алтын алған жоқпын, жер ғана сатып алдым’, – деді. Сатушы: ‘Саған жерді ішінде барының бәрімен бірге саттым’, – деді. Екеуі бір кісінің төрелігіне жүгінді. Ол: ‘Балаларың бар ма?’ – деп сұрады. Бірі: ‘Ұлым бар’, – десе, екіншісі: ‘Қызым бар’, – деді. Сонда төрелік айтқан кісі: ‘Ұл мен қызды үйлендіріңдер. Осы алтыннан оларға жұмсаңдар, өздерің де садақа беріңдер’, – деді”».1
Түсіндірме
1. «Ақар» сөзі үйді де, жер телімін де білдіреді. Бұл хадисте жер телімі меңзелген.
2. Сатушы мен сатып алушы келісімнің өзіне таласпаған. Талас алтынның саудаға кіретін-кірмейтіні жайында туған. Ибн Хажар былай дейді: «Біздің шариғатымыз бойынша, мұндайда сатып алушының сөзі қабыл алынып, алтын сатушының мүлкі болып қалады. Хадистегі талас сауда шартына қатысты болуы мүмкін. Сатып алушы “жер ғана сатылды, жер астындағы заттар бірге сатылғаны айтылған жоқ” десе, сатушы “ішіндегісі қоса сатылды” деген болуы ықтимал».
Басқа нұсқада сатып алушының бір үйді жөндеп жүріп, қазына тапқаны айтылады. Оны алсын деп бұрынғы иесін шақырғанда, ол: «Мұны көрген жоқпын, одан хабарым да жоқ», – дейді. Ақыры екеуі биге жүгініп: «Мынаны қабылдап алып, қалаған жеріне қоятын біреуді жібер», – деп өтінеді. Би бұған келіспейді. Ибн Хажар былай жалғастырады: «Мұндай мүлікке сол шариғатта риказдың, яғни жаһилият дәуірінен қалған көмбенің үкімі жүрген болуы мүмкін. Оны мұсылмандар көмгені мәлім болса, лұқата, яғни иесі белгісіз олжа үкімі жүреді. Қай дәуірде көмілгені анықталмаса, жоғалған мүліктің үкімімен қазынаға тапсырылады. Бәлкім, олардың шариғатында бұл мәселе айқындалмағандықтан, би мүлікке қатысты өз бетінше төрелік айтқан».
3. Хадисте дауласқан екі кісінің бір адамға төрелікке жүгінгені айтылады. Оның би болғаны анық айтылмағанымен, басқа нұсқада ол жұртқа төрелік айтуға тағайындалған кісі ретінде көрінеді. Сондықтан бұл хадисті дауласқан екі жақтың кез келген адамды төреші етіп алуы дұрыс деген пікірге дәлел ету қиын. Ғалымдар бұл мәселе жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Имам Мәлик пен Шафиғи төреші әділ үкім беруге қабілетті болса, оның үкімі аймақ биінің үкіміне сай келсін-келмесін, рұқсат деген. Шафиғи худуд жазаларын бұған қоспаған. Әбу Ханифа төрешінің шешімі аймақ биінің үкіміне қайшы болмауын шарт еткен. Құртубидің түсіндіруінше, әлгі кісі екі жаққа міндетті үкім шығармаған. Мүлікті иесі белгісіз олжа деп қарап, екеуінің адалдығын бағалап, оны балаларына жұмсауды жөн көріп, екі жақты осыған келістірген.
Кейбір ғалымдар осыдан екі кісіні жарастыру үшін би болу немесе ресми өкілет иелену шарт емес, мұны әркім атқара алады деген қорытынды шығарған.
- 1Бұхари, Әнбия 50; Мүслим, Ақдия 21 (1721).