Хадис

Кутуб ситтә, № 5953

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
956. Әртүрлі мәселелер
Нөмірі
№ 5953 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 19
5953
Кутуб ситтә, № 5953 · тараудағы реті: 19Риуаят етуші: Әбу Умама

وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: رَأَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ سِكَّةً وَشَيْئًا مِنْ آلَةِ الْحَرْثِ، فَقَالَ: لَا يَدْخُلُ هَذَا بَيْتَ قَوْمٍ إِلَّا أَدْخَلَ اللَّهُ فِيهِ الذُّلَّ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Умама (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) соқа мен егіншілік құралдарын көргенде: “Бұл құрал кірген үйге Алла міндетті түрде қорлық кіргізеді”, – дегенін естідім».1

Түсіндірме

Бұл хадисте де егіншілікпен бірге қорлықтың қатар жүруі айтылған. Кей түсіндірмешілер мұндағы «зиллат» сөзінен салық меңзелгенін айтқан. Өйткені билеушілер жерді пайдаланғаны үшін заң жүзінде салық алатын. Егіншілікпен көбіне әһлі зимма, яғни мұсылман билігінің қол астындағы өзге дін өкілдері айналысқан. Сахабалар жерге байланып қалуды ұнатпаған. Ибн әт-Тин бұл хадисті Алла елшісінің (с.а.с.) ғайыптан хабар берген мұғжизаларының бірі деп бағалап: «Қазір көріп отырғанымыздай, зұлымдықтың көбі егіншілерге тиіп жатыр», – деген. Оның пікіріне мына мысалды қосуға болады. Жиырмасыншы ғасырда экономикасы егіншілікке тәуелді, егіншілігі соқадан аспаған елдер артта қалып, «үшінші әлем» атанды. Өндірісін дамытып, ауыл шаруашылығына жаңа техника енгізген елдер алға озды. Дамыған елдерде халықтың шамамен 10–15 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады. Ал артта қалған елдерде тұрғындардың көбі осы саладан күн көреді. Соған қарамастан сала дамымай, жұрт әлі де соқаға сүйенеді.

Сонда ауыл шаруашылығына көңіл бөлмеу керек пе? Алла елшісі (с.а.с.) егін егуге де ынталандырған: «Қай мұсылман егін ексе немесе ағаш отырғызса, одан құс, адам не жануар жесе, бұл оған садақа болып жазылады». Бұл хадисте жерді игеру, егін егу мен ағаш отырғызу бағаланып, жұрт сол іске шақырылады.

Осы мазмұндағы басқа хадистер де бар. Хадистер жұртты егіншілікке ынталандырып, сонымен бірге оның келеңсіз салдарынан сақтандырады. Имам Бұхари сырттай қайшы көрінетін осы риуаяттардың мәнін жоғарыдағы хадиске берген атауымен аңғартқан. Ол тарауды «Егіншілік құралдарына үйір болудың салдары және егіншілікте шектен шығудан сақтану» деп атаған. Осы атауға қарағанда, егіншілікті сынаған риуаяттар оның қолайсыз салдарын ескертеді. Егіншілікке беріліп, адам өзіне жүктелген міндеттерді орындамай қалса немесе шектен шығып, басқа қажетті істерге көңіл бөлмесе, бұл жөнсіз. Қоғам да ауыл шаруашылығымен шектелмей, өзге салаларды дамытуы керек. Ғалымдар хадистен осындай мағына шығарған. Алла елшісінің (с.а.с.) егіншілік жайындағы әртүрлі сөздері де соны меңзесе керек.

  1. 1Бұхари, Харс 2.