Хадис

Кутуб ситтә, № 5933

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
955. Тілдің кесапаттары
Нөмірі
№ 5933 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 26
5933
Кутуб ситтә, № 5933 · тараудағы реті: 26Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: كُلُّ أُمَّتِي مُعَافًى إِلَّا الْمُجَاهِرُونَ، وَإِنَّ مِنَ الْمُجَاهَرَةِ أَنْ يَعْمَلَ الرَّجُلُ بِاللَّيْلِ عَمَلًا ثُمَّ يُصْبِحُ وَقَدْ سَتَرَهُ اللَّهُ تَعَالَى عَلَيْهِ فَيَقُولُ: يَا فُلَانُ عَمِلْتُ الْبَارِحَةَ كَذَا وَكَذَا، وَقَدْ بَاتَ يَسْتُرُهُ رَبُّهُ، فَيُصْبِحُ فَيَكْشِفُ سِتْرَ اللَّهِ عَلَيْهِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай деген: «Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін естідім: “Күнәсін жария еткендерден басқа үмбетімнің бәрі кешірімге ие. Күнәні жария етудің бір түрі мынадай: кісі түнде бір іс істейді. Алла оның ісін жасырады. Бірақ ол таң атқанда: ‘Уа, пәленше! Кеше мынаны, ананы істедім’, – дейді. Түні бойы Раббысы оның ісін жасырып тұрса да, ол таңертең Алланың жасырғанын өзі ашады”».1

Түсіндірме

• Күнәсін жария еткен адамның күнәсі ауырлай түседі.

• Күнәні жария ету – Аллаға ұнамайтын іс. Алла жасырған күнәні кісінің өзі де құпия ұстаса, айыбының бұл дүниеде де, ақыретте де ашылмауына және тәубесінің қабыл болуына себеп болады.

• Ғалымдар: «Күнәні жария ету – Алланың, Оның елшісінің және ізгі мүміндердің ақысын елемеу», – деген.

• Күнәні жария ету дінге құрметсіздік танытуды да білдіреді.

• Нәуәуи: «Күнәсі мен пасықтығын ашық көрсеткен кісіні өзі жария еткен күнәсімен атауға болады. Жасырын қалған күнәсімен атауға болмайды», – деген. Демек, күнәні жария ету адамның сол күнәсімен танылуына және абыройының түсуіне әкеледі.

• Дінде арнайы жаза белгіленген күнәнің жасырын қалғаны жөн.

• Арнайы жаза белгіленбеген күнә жасырын қалса, кісі сөгістен және ел алдында ұятқа қалудан аман болады.

• Күнә пенде мен Алланың арасында қалса, Алла құлын шексіз рақымымен кешіреді. Бұл дүниеде күнәсін жасырған құлының айыбын ақыретте де аша қоймайды. Алла жасырған күнәні жария еткен адам осы игіліктен мақұрым қалады.

• Пайғамбарымыз (с.а.с.) үмбетіне қателесіп істеген күнәсін жария етпей, Аллаға тәубе етуді өсиет еткен: «Алла тыйған күнәлардан бойларыңды аулақ ұстаңдар. Қателесіп істеп қойсаңдар, жария етпеңдер». Басқа хадистерде де қателесіп күнә істеп, оны жасырған кісіні қиямет күні Алла кешіретіні сүйіншіленген.

  1. 1Бұхари, Әдәб 60; Мүслим, Зуһд 52 (2990).