Хадис

Кутуб ситтә, № 5930

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
955. Тілдің кесапаттары
Нөмірі
№ 5930 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 23
5930
Кутуб ситтә, № 5930 · тараудағы реті: 23Риуаят етуші: Ади ибн Хатим

وَعَنْ عَدِيِّ بْنِ حَاتِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: خَطَبَ رَجُلٌ عِنْدَ النَّبِيِّ ﷺ فَقَالَ: مَنْ يُطِعِ اللَّهَ وَرَسُولَهُ فَقَدْ رَشِدَ، وَمَنْ يَعْصِهِمَا فَقَدْ غَوَى. فَقَالَ ﷺ: بِئْسَ الْخَطِيبُ أَنْتَ، قُلْ وَمَنْ يَعْصِ اللَّهَ وَرَسُولَهُ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Ади ибн Хатим (р.а.) жеткізеді: «Бір кісі Алла елшісінің (с.а.с.) жанында сөз сөйлеп: “Кім Алла мен Оның елшісіне бағынса, тура жол тапты. Кім екеуіне қарсы келсе, адасты”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Неткен нашар хатибсің! ‘Кім Алла мен Оның елшісіне қарсы келсе’ деп айт”, – деді».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) сөйлеушінің «Алла мен Оның елшісі» деудің орнына «екеуі» деп қысқартуын ұнатпаған. Нәуәуи мұның себебін былай түсіндіреді: «Құтбаның мақсаты – мәселені анық баяндау, ұғындыру. Сондықтан сөзді тұспалдап, ишарамен беруден мүмкіндігінше аулақ болған жөн. Алла елшісі сөзін ұғынықты ету үшін кейде үш рет қайталағаны риуаят етілген». Кей ғалымдардың айтуынша, Алла елшісі сөйлеушінің екі атауды бір есімдікке біріктіруін жақтырмай, әуелі Алланы, содан кейін елшісін атауды бұйырған. Келесі хадисте: «“Алланың қалағаны және пәленнің қалағаны” демеңдер. “Алланың қалағаны, содан кейін пәленнің қалағаны” деңдер», – делінген. Бұл сөзге сақ болуға үйретеді. Алла елшісі Алла мен елшісін тең қойғандай естілетін сөзге дереу ескерту жасаған. Сенімде осындай қателікке ұрынбау үшін Алланың есімін елшісінің есімінен бұрын атауды көрсеткен.

  1. 1Мүслим, Жұма 48 (870); Әбу Дәуіт, Әдәб 85 (4981), Салат 229 (1099); Нәсәи, Никах 40, (6, 90).