وَعَنْ أَبِي مَالِكِ الْأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَرْبَعٌ فِي أُمَّتِي مِنْ أَمْرِ الْجَاهِلِيَّةِ، لَا يَتْرُكُونَهُنَّ: الْفَخْرُ بِالْأَحْسَابِ، وَالطَّعْنُ فِي الْأَنْسَابِ، وَالِاسْتِسْقَاءُ بِالنُّجُومِ، وَالنِّيَاحَةُ؛ وَقَالَ: النَّائِحَةُ إِذَا لَمْ تَتُبْ قَبْلَ مَوْتِهَا تُقَامُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَعَلَيْهَا سِرْبَالٌ مِنْ قَطِرَانٍ وَدِرْعٌ مِنْ جَرَبٍ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Мәлик әл-Ашғари (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үмбетімнің арасында жаһилияттан қалған төрт қылық бар, олардан арылмайды: атақ-абыройымен мақтану, өзгенің тегін кемсіту, жұлдыздардан жаңбыр тілеу және өлген кісінің артынан дауыс салып жоқтау”, – деді. Сосын: “Дауыс салып жоқтаған әйел дүниеден озбай тұрып тәубеге келмесе, қиямет күні үстіне қарамайдан киім, қотырдан сауыт кигізіліп тұрғызылады”, – деді».1
Түсіндірме
«Хасаб» кісінің малы мен дәулеті арқылы ие болған абыройын білдіреді. Дініміз осындай абыройға бола мақтанып, тәкаппарлануға тыйым салған. Артықшылықтың өлшемі – тақуалық. Тақуа адам Алла мен жұрт алдындағы өз орнын білгендіктен, қанша дәулетті болса да, қарапайым қалпынан айнымайды. Кішіпейілдігінен айырылса, тақуа саналмайды.
«Нияха» – марқұмның артынан дауыс салып, ойбайлап жоқтау.
Хадис жаһилияттан қалған осы қылықтардың харам екеніне дәлел.
Хадис адамның соңғы деміне дейін тәубесі қабыл болатынын да сүйіншілейді.
- 1Мүслим, Жанаиз 9 (934).