Хадис

Кутуб ситтә, № 5901

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
954. Нәпсіге қатысты кеселдер туралы хадистер
Нөмірі
№ 5901 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 30
5901
Кутуб ситтә, № 5901 · тараудағы реті: 30Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: إِنَّكُمْ لَتَعْمَلُونَ أَعْمَالًا هِيَ فِي أَعْيُنِكُمْ أَدَقُّ مِنَ الشَّعَرِ، كُنَّا نَعُدُّهَا عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ مِنَ الْمُوبِقَاتِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай деген: «Сендер көздеріңе қылдан да жіңішке болып көрінетін істерді істейсіңдер. Ал біз Алла елшісінің (с.а.с.) заманында оларды адамды құрдымға жіберетін істердің қатарына қосатынбыз».1

Түсіндірме

1. Хадис сахабалар тірі кезде-ақ мұсылмандардың дінге ұстанымында біршама босаңсу байқалғанын аңғартады. Айша (р.а.) мен басқа сахабалардың бұған шағымданғаны деректерде көп кездеседі. Алла елшісі (с.а.с.) де адамдар бойындағы осы босаңсуды бірнеше хадисте хабарлаған. Бұхаридегі бір хадисте: «Алғашқы ізгілер бірінен соң бірі кетеді. Артта адамдардың нашарлары қалады. Олар арпаның қауызы немесе құрманың қоқымы секілді. Алла оларға көк тиындық та құн бермейді», – делінген. Бұхаридегі өзге бір хадисте уақыт өте ілімді, ізгі кісілер қалмай, жұрт надандарды басшы сайлап алатыны айтылған.

2. Әнәс (р.а.) ұсақ көрінетін күнәлардан сақтануды өсиет еткен. Алла елшісінен (с.а.с.) тәлім алған жұрт оның заманында кіші күнәнің өзінен барынша сақтанатын. Алла елшісі (с.а.с.): «Кіші күнәлардан сақтаныңдар. Кіші күнәлар аңғарға түскен бір топ адамға ұқсайды. Әрқайсысы бір талдан отын әкеліп, жиналған отынмен ас пісіреді. Кіші күнәлар да жинала келе иесін құрдымға жібереді», – деген.

Ибн Баттал: «Кіші күнәлар көбейсе, үлкен күнәға айналады», – деген. Кейбір риуаяттарда сахабалардың Алла елшісінің (с.а.с.) заманында кіші күнәларды да үлкен деп санағаны айтылады. Әбу Әйюб әл-Ансариден: «Бір кісі ізгі амал істеп, соған арқа сүйейді де, кіші күнәларын ұмытып кетеді. Аллаға қауышқанда сол күнәлары оны жан-жағынан қоршап алады. Ал басқа бір кісі күнә істегенімен, сол күнәсінен үнемі қауіптенеді. Аллаға қауышқанда азаптан аман қалады», – деген сөз жеткен.

  1. 1Бұхари, Риқақ 32.