وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: مَا ظَهَرَ الْغُلُولُ فِي قَوْمٍ إِلَّا أَلْقَى اللَّهُ تَعَالَى فِي قُلُوبِهِمُ الرُّعْبَ، وَلَا فَشَا الزِّنَا فِي قَوْمٍ إِلَّا كَثُرَ فِيهِمُ الْمَوْتُ، وَلَا نَقَصَ قَوْمٌ الْمِكْيَالَ وَالْمِيزَانَ إِلَّا قَطَعَ عَنْهُمُ الرِّزْقَ، وَلَا حَكَمَ قَوْمٌ بِغَيْرِ حَقٍّ إِلَّا فَشَا فِيهِمُ الدَّمُ، وَلَا خَتَرَ قَوْمٌ بِالْعَهْدِ إِلَّا سَلَّطَ اللَّهُ تَعَالَى عَلَيْهِمُ الْعَدُوَّ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Қай қауымда олжаға қиянат тараса, Алла сол қауымның жүрегіне үрей салады. Қай елде зина жайылса, өлім көбейеді. Қай ел өлшем мен таразыдан кемітсе, Алла олардың ризығын үзеді. Қай елде әділетсіз үкім шығарылса, қан төгіс жайылады. Қай қауым берген уәдесін бұзса, Алла дұшпанын оған үстем етеді».1
Түсіндірме
1. Хадис сырттай мауқуф, яғни Ибн Аббастың (р.а.) сөзі ретінде жеткен. Алайда мұнда жеке ижтиһадпен айта салуға келмейтін мәселелер қозғалғандықтан, үкімі жағынан марфуғ, яғни Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен сөз ретінде қабылданған.
2. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте қоғамның тірегі болатын адамгершілік ұстанымдарын атаған. Осыдан исламның қоғамдық игілікті, өркениеттің өрлеуін және адамгершілік ахуалды өзара тығыз байланыста қарайтыны аңғарылады. Аталған ұстанымдар мыналар:
• Мемлекет мүлкін талан-таражға салмау.
• Ар-намыс пен ар-ұятты сақтау.
• Саудада адал болып, өлшем мен таразыдан жемеу.
• Сотта әділдік сақтау.
• Берген сөзде тұру.
3. Зурқани осы мәселелерге мынадай түсіндірме келтіреді:
1) Ғулул – олжаға қиянат жасау. Мұның мемлекет мүлкін ұрлау мен тонауға да жататынын айттық. Олжадан ұрлаған кісінің жүрегіне үрей түсуін «Мал жүрекке қуат береді, ал оны харам жолмен алғандар қорқынышқа бой алдырады» деп түсіндірген. Ибн Абдулбәрр: «Олар дұшпаннан қорқады, онымен қайта жүздескісі келмейді. Сөйтіп, дұшпан оларды жеңеді. Үрей тек ұрлық жасағандарға тән емес. Мұны істемеген, тіпті құптамаған кісілер де одан тыс қала алмайды. Жағдайды түзеуге шамасы жете тұра араласпаса, жүрегімен теріске шығармаса, үрей бәрін қамтиды», – дейді. Құранда: ﴿فَلَوْلَا كَانَ مِنَ ٱلْقُرُونِ مِن قَبْلِكُمْ أُو۟لُوا۟ بَقِيَّةٍ يَنْهَوْنَ عَنِ ٱلْفَسَادِ فِى ٱلْأَرْضِ إِلَّا قَلِيلًا مِّمَّنْ أَنجَيْنَا مِنْهُمْ وَٱتَّبَعَ ٱلَّذِينَ ظَلَمُوا۟ مَآ أُتْرِفُوا۟ فِيهِ وَكَانُوا۟ مُجْرِمِينَ﴾ «Сендерден бұрынғы дәуірлерде өмір сүрген қауымдар ішінде жер бетінде бүлік орын алмауы үшін аянбай еңбек еткен өшпес құндылық иелері болғанда ғой. Өкінішке қарай, олардың арасында осынау ұлы мақсатта еңбек еткені үшін аман алып қалғандарымыз өте аз болды. Ал залымдарға келсек, олар байлық пен сән-салтанаттың буына мастанып күнәдан көз ашпады»2, – делінген. Тағы бір аятта: ﴿فَلَمَّا نَسُوا۟ مَا ذُكِّرُوا۟ بِهِۦٓ أَنجَيْنَا ٱلَّذِينَ يَنْهَوْنَ عَنِ ٱلسُّوٓءِ وَأَخَذْنَا ٱلَّذِينَ ظَلَمُوا۟ بِعَذَابٍۭ بَـِٔيسٍۭ بِمَا كَانُوا۟ يَفْسُقُونَ﴾ «Сөйтіп, өздеріне айтылған мұншама ескертулер мен насихатты елемей ұмыт қалдырғанда, оларды жамандықтан тыюға тырысқандарды аман алып қалдық та, өз-өздерінің обалына қалғандарды шектен шығатындықтан, ауыр азапқа душар қылдық», – делінген.3
2) Зинаның алдын алуға шамасы жететіндер шара қолданбаса, сол қоғамда өлім көбейеді. Бұл туралы Бәни Исраилден бір қисса жеткен.
3) Өлшем мен таразыдан алдау ризықтың берекесін кетіріп, таршылыққа ұрындырады. Сондықтан «Құл істеген күнәсі себепті ризықтан мақұрым қалады» және «Ризықты құлшылық арттырмайды, күнә кемітпейді» деген хадистердің арасында қайшылық жоқ. Біріншісінде ризықтың молдығы, екіншісінде оның негізі, яғни тіршілікке ең қажетті мөлшері айтылған. Ризықтың молдығы ауыспалы мағынада айтылғандықтан, артуы да, кемуі де мүмкін. Аятта кепілдік берілген ризық – екінші түрі.
4) Хадис әділетсіз үкімнің жазасы ретінде қан төгістің көбейетінін айтады. Әділетсіздік үстемдік құрған жерде бейберекеттік пен көтеріліс белең алады. Сотқа сенімін жоғалтқан жұрт ақысын өзі алуға, құқығын өзі қорғауға ұмтылады. Мұның бәрі қоғамды күйрететін қан төгіске ұласады. Сондықтан ислам қоғамдары әділдікті мемлекеттің негізі деп санаған.
5) Соңғы мәселе – сертке беріктік. Құран бірқатар аятта сертті бұзбай, берген сөзде тұруға шақырады. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте опасыздықтың жазасын еске салады. Ол жаза – дұшпанның үстемдігі.
Бұл қоғамдық кеселдердің бір хадисте белгілі ретпен аталуы тегін болмауы мүмкін. Мемлекет мүлкін ұрлаудан басталған азғындау зина, өлшем мен таразыдағы алдау, әділетсіздік сатыларынан өтіп, сертті бұзуға дейін жетеді. Сонда Алла Тағала дұшпанын үстем етіп, ауыр жаза береді. Мұндай ел бодан болады немесе ыдырап, жойылады. Қасіреттен ес жиып, қайта оңалу да мүмкін. Аятта бойындағы жамандықты жойған қауымға құтылу уәде етілген.4