وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يَزْنِي الزَّانِي حِينَ يَزْنِي وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَسْرِقُ السَّارِقُ حِينَ يَسْرِقُ وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَشْرَبُ الْخَمْرَ حِينَ يَشْرَبُهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَنْتَهِبُ نُهْبَةً ذَاتَ شَرَفٍ يَرْفَعُ النَّاسُ إِلَيْهِ فِيهَا أَبْصَارَهُمْ حِينَ يَنْتَهِبُهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Зина жасаған адам сол сәтте мүмін күйде зина жасамайды, ұры мүмін күйде ұрламайды, ішімдік ішкен адам мүмін күйде ішпейді. Тонаушы жұрт көз тігердей құнды дүниені тонаған сәтте мүмін күйде болмайды”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадисте зина, ұрлық, ішімдік пен тонаудың харамдығы өзгеше тәсілмен айтылған. Сөздің сыртқы мағынасына қарағанда, осы істі жасаған сәтте адамның иманы болмайды. Нәуәуи атап өткендей, ғалымдар әһлі сүннет уәл-жамағаттың «харам жасаған адам кәпір болмайды, пасық болады» деген қағидасына сүйеніп, «мүмін» сөзін «кемел мүмін» деп түсіндірген. Яғни адам кемел мүмін күйде ұрлық жасамайды. Бұл тәсіл мүмінге иманына төнген қауіпті әсерлі жеткізеді. «Пайдалы білім ғана – білім», «Шынайы өмір – ақырет өмірі» деген тіркестер де осы үлгіде. Мәселе иманның түбегейлі жойылуында емес, оның кемелдігінде. «Лә иләһа иллаллаһ деген кісі ұрлық істесе де, зина жасаса да жәннатқа кіреді» деген хадис осы мағынаны қуаттайды. Убада ибн әс-Самит: «Біз Алла елшісіне зина жасамауға, ұрлық істемеуге және басқа күнәлардан сақтануға серт бердік. Кім олардың бірін жасап, осы дүниеде жазасын алса, бұл оған кәффарат болады. Жазаланбаса, ісі Аллаға қалады. Алла қаласа, кешіреді, қаласа, азаптайды», – деген. Ғалымдар ﴿إِنَّ ٱللَّهَ لَا يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِۦ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَٰلِكَ لِمَن يَشَآءُ وَمَن يُشْرِكْ بِٱللَّهِ فَقَدِ ٱفْتَرَىٰٓ إِثْمًا عَظِيمًا﴾ «Алла өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды істеген құлдарынан қалағанын кешіреді. Кімде-кім Аллаға өзгелерді серік етіп қосса, сұмдық өтірік айтқан әрі өте ауыр күнәға батқан болады»2 деген аятты және осы мағыналас аят-хадистерді негізге алып, мұндай хадистердегі иманды кемел иман деп түсіндірген. Әһлі сүннет үлкен күнә жасаған адамның кәпір болмайтыны жөнінде бірауызды пікірге келген.
2. Мұнда тонау мәселесін де түсіндіру қажет. «Нәһб» – затты көптің көзінше күшпен тартып алу. «Нұһба» – тартып алынған зат. Хадис иесінің көз алдында, оның еркінен тыс, өзі қадір тұтатын затын тартып алуға тыйым салады. Мұның жасырын ұрлықтан айырмасы бар. Хадисте ұрлық бөлек аталған. Тонаудың ауырлығы – оны жасаған адамның өктемдік танытып, өзгені және оның ақысын менсінбеуінде.
Қади Ияд: «Кей ғалымдар бұл хадисте әртүрлі күнәдан сақтандыру барын айтқан. Зина арқылы құмарлыққа еруден, ұрлық арқылы дүниеқоңыздық пен харамға ұмтылудан, ішімдік арқылы Алланың ақысын ұмыттыратын ғапылдықтан, ал тонау арқылы Алланың құлдарын менсінбей, олардан ұялмай, дүние-мүлікті заңсыз жинаудан сақтандырады», – дейді.
Қуртубидің пікірінше, хадисте жамандықтың үш үлкен негізі аталған, олардың қарама-қарсысы жақсылықтың үш негізін құрайды. Біріншісі – жыныстық қатынастағы харамды рұқсат санау. Екіншісі – ақылды тұмшалайтын істер, солардың ішінде ең көп зиян келтіретін ішімдік. Үшіншісі – өзгенің мүлкін заңсыз иеленудің ең жиі кездесетін түрі, ұрлық.
3. Хадистен шығатын кейбір тұжырымдар
• Хадистегі ескерту некеде болған-болмағанына, өзіне бөтен не махрам адаммен зина жасағанына қарамастан, бәріне қатысты. Мұнда харамға көз салу, тию немесе сүю айтылмаған. Шариғатта бұлар да ауыспалы мағынада зина аталғанымен, басқа дәлелдерге сай кіші күнәға жатады.
• Мүлікті аз алса да, көп алса да, ұрласа да, тонаса да, хадистегі ескерту ортақ. Кейбір ғалымдар мұны нисап мөлшеріне жететін мүлікпен шектеген. Олар нисапқа жетпеген затты ұрлау да харам, бірақ ол осы хадистегі ескертудің аясына кірмейді деген.
• Өзгенің мүлкін заңсыз иеленудің ауырлығы ерекше көрсетілген. Алла елшісі (с.а.с.) мұны антпен айтқан, ал ант сөзді күшейтеді.
• Ішімдікті аз ішсе де, көп ішсе де, адам осы ескертуге ілігеді. Өйткені ішімдік ішу – үлкен күнә.
• Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, тойдағы шашуға дейін талапайдың барлық түрін харам санаған. Көпшілік иесінің разылығымен және қалыптасқан ғұрып бойынша жасалған істі тонауға жатқызбаған.