وَلَهُ فِي أُخْرَى: ثَلَاثَةٌ لَا يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ: الْعَاقُّ لِوَالِدَيْهِ، وَمُدْمِنُ الْخَمْرِ، وَالْمَنَّانُ بِمَا أَعْطَى.
Нәсәидің бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Үш адам жәннатқа кірмейді. Олар – ата-анасының ақысын аяқасты еткен, ішімдікке салынған және бергенін міндетсінген кісі», – деген.1
Түсіндірме
• Әйелдің ерге еліктеуі киім киісі мен жүріс-тұрысында ер адамға ұқсауды білдіреді. Дінде ер мен әйелдің киім киісі мен қимыл-әрекетінде бір-біріне еліктеуіне тыйым салынған. Басқа хадистерде ер адамның әйелге еліктеуіне де тыйым бар. Ғалымдар әйелдердің білім мен пікір айтуда ерлерден үлгі алуын құп көрген.
• «Дәйюс» – жұбайына қатысты қызғаныш пен намыс сезімі жоқ адам деген сөз. Бұл сезім адамда туа бітеді, бірақ теріс дағдымен әлсіреуі мүмкін. Автор мұны жануардың үйрету арқылы белгілі бір дағдыға көндігуіне ұқсатады. Автор табиғи, қажетті әрі құпталған осы сезімді әдейі әлсірету адамды хайуанға ұқсатып жібереді деп түйіндейді. Дін мұны құптамайды.
• Ішімдікке салынған адам – тәубе етпей, өлгенше ішімдігін қоймаған кісі. Алла елшісі (с.а.с.) бұл жөнінде сұраған адамға: «Жылына бір рет болса да, үш жыл ішімдік ішкен адам», – деп сипаттаған.
• Алланың оларға назар салмауы рақымымен және кешірімімен қарамауын білдіреді. Алланың назарынан еш нәрсе тыс қалмайды.
• Дініміз жасаған жақсылықты міндетсінуді құп көрмейді. Жақсылық Алланың разылығы үшін жасалады. Оны міндетсу адамның қадір-қасиетін аяққа басады. Аятта ﴿قَوْلٌ مَّعْرُوفٌ وَمَغْفِرَةٌ خَيْرٌ مِّن صَدَقَةٍ يَتْبَعُهَآ أَذًى﴾ «Бір ауыз жылы сөз, біреудің айыбын жасыру һәм қатесін кешіру – арты ренжітуге ұласатын, міндетсініп берген садақадан әлдеқайда жақсы»2 айтылған.
• Жәннатқа кірмеу – оған алғаш кіргендердің қатарында болмау деген сөз. Мұнда жәннаттан мәңгілікке мақұрым қалу айтылмаған. Аталған істер харам саналғанымен, олар адамды күпірлікке шығармайды. Пасықтың жазасы мәңгілік тозақ емес.