Хадис

Кәффарат

Кутуб ситтә, 12-том, 952-тарау · 2 хадис · № 5834–5835

АНТ БӨЛІМІ

Хадистер

5834
Кутуб ситтә, № 5834 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ حَلَفَ مِنْكُمْ فَقَالَ فِي حَلِفِهِ: بِاللَّاتِ وَالْعُزَّى، فَلْيَقُلْ: لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَمَنْ قَالَ لِصَاحِبِهِ تَعَالَ أُقَامِرُكَ فَلْيَتَصَدَّقْ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кімде-кім ‘Лат пен Уззаға ант етемін!’ десе, дереу ‘Лә иләһа иллаллаһ!’ десін. Ал кім жолдасына ‘Жүр, құмар ойын ойнайық’ десе, дереу садақа берсін”, – деді».1

  1. 1Бұхари, Әйман 5, Тәпсір, Нәжм, Әдәб 74, Истизан 52; Мүслим, Әйман 5 (1647); Әбу Дәуіт, Әйман 4 (3247); Тирмизи, Нузур 17 (1545); Нәсәи, Әйман 11, (7, 7).
5835
Кутуб ситтә, № 5835 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كُنَّا نَذْكُرُ بَعْضَ الْأَمْرِ وَأَنَا حَدِيثُ عَهْدٍ بِالْجَاهِلِيَّةِ فَحَلَفْتُ بِاللَّاتِ وَالْعُزَّى. فَقَالَ لِي أَصْحَابِي: بِئْسَمَا قُلْتَ، قُلْتَ هُجْرًا، فَأَتَيْتُ النَّبِيَّ ﷺ، فَذَكَرْتُ لَهُ ذَلِكَ، فَقَالَ: قُلْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، لَهُ الْمُلْكُ وَلَهُ الْحَمْدُ وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ، وَانْفُثْ عَلَى يَسَارِكَ ثَلَاثًا، وَتَعَوَّذْ بِاللَّهِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ، ثُمَّ لَا تَعُدْ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) былай дейді: «Бір топ адам жиналып, әлденені сөз етіп отырдық. Жаһилияттан қол үзгеніме көп болмаған еді. Байқаусызда “Лат пен Уззаға ант етемін!” деп қалдым. Жолдастарым: “Сөзің қандай жаман! Орынсыз сөз айттың!” – деді. Мен Алла елшісіне (с.а.с.) барып, болған жайды айттым. Ол: “‘Алладан басқа құдай жоқ. Ол жалғыз, серігі жоқ. Билік Оған тән, барлық мақтау Оған лайық. Оның барлық нәрсеге құдіреті жетеді’ де. Сол жағыңа үш рет жеңіл түкір. Қуылған шайтаннан Аллаға сыйын. Енді мұндай антты қайталама”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл екі хадис мұсылманның ант беру әдебіндегі ең маңызды талапты көрсетеді. Ант Алланың атымен беріледі, өзге нәрсенің, әсіресе жаһилият пұттарының атымен ант айтылмайды. 2. Лат пен Узза – жаһилият дәуіріндегі арабтардың ең үлкен пұттарының екеуі. Олар Құранда да аталады. Лат – Таифтағы Сақиф тайпасының пұты. Оның тұрған жері жөнінде әртүрлі риуаят бар. Бірінде Меккеде, енді бірінде Нахлада болғаны және Құрайышқа тиесілі екені айтылады. Узза – Ғатафан тайпасы табынған ағаш. Кей риуаяттарда оның пұт болғаны, ал Лат пен Уззаның ғибадатханалардың да аты екені айтылады.

3. Ибн Хажар ғалымдардың пікірін былай жеткізген: «Кім Латқа, Уззаға немесе басқа пұтқа ант етсе, яки “Пәлен істі істесем, яһуди не христиан болайын, исламнан шығайын немесе пайғамбарды мойындамаған болайын” десе, мұндай ант жарамды саналмайды. Ол Алладан кешірім сұрауы керек. Кәффарат өтеу міндет емес. “Лә иләһа иллаллаһ” деуі – мұстахаб». Ханафи ғалымдары мұндай антқа кәффарат қажет деген. Алайда «Бидғат иелерінен болайын» немесе «Пайғамбардан теріс айналған болайын» деген сөздерге кәффарат талап етпеген. Мұндай сөз айтқан адамның күпірлікке түсу-түспеуі жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Нәуәуи мұндай сөздермен ант етудің харам екенін және оны айтқан адамның тәубе етуі керектігін білдірген. Одан бұрын Мауарди және басқа ғалымдар да осы пікірді ұстанған. Хаттаби, Бағауи секілді ғалымдар: «Хадис исламға жат нәрсенің атымен ант етіп күнәға батқан адамға кәффараттан гөрі тәубе міндет екенін аңғартады», – дейді. Олардың пайымынша, тәубенің керектігі Алла елшісінің тәухид сөзін айтуды бұйыруынан көрінеді. Мұндай анттың салдары адамның күнәсіне қатысты, оған мүлкінен бір нәрсе шығару міндеттелмейді. Лат пен Уззаға ант берген адам сол ісімен пұтқа табынғандарға ұқсап қалатындықтан, Алла елшісі (с.а.с.) оны тәухид сөзімен жуып-шаюды бұйырған.

Тиби былай дейді: «Лат пен Уззаға ант етуден кейін құмар ойынның аталуының мәні бар. Ондай ант берген адам пұтқа табынушылардың антына ұқсағандықтан, тәухид сөзін айту бұйырылған. Құмар ойынға шақырған адам соларға ойында ұқсағандықтан, оның өтеуіне садақа беру бұйырылған».

Хадисте құмар ойынға шақырған адамның кәффараты садақа беру екені айтылады. Ал ойынға қатысқан адамнан кәффарат өтеу одан да қатаң талап етілетіні түсінікті.

  1. 1Нәсәи, Әйман 12, (7, 7, 8).