Хадис

Кутуб ситтә, № 5809

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
940. УАҚЫФ БӨЛІМІ
Нөмірі
№ 5809 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
5809
Кутуб ситтә, № 5809 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنْ اِبْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: أَصَابَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَرْضًا بِخَيْبَرَ فَأَتَى النَّبِيَّ ﷺ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ! إِنِّي أَصَبْتُ أَرْضًا بِخَيْبَرَ لَمْ أُصِبْ مَالًا قَطُّ هُوَ أَنْفَسُ عِنْدِي مِنْهُ فَمَا تَأْمُرُنِي بِهِ؟ قَالَ: إِنْ شِئْتَ حَبَّسْتَ أَصْلَهَا وَتَصَدَّقْتَ بِهَا. قَالَ: فَتَصَدَّقَ بِهَا عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ لَا يُبَاعُ أَصْلُهَا، وَلَا تُورَثُ وَلَا تُوهَبُ. قَالَ: فَتَصَدَّقَ عُمَرُ فِي الْفُقَرَاءِ، وَفِي الْقُرْبَى، وَفِي الرِّقَابِ، وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ. زَادَ فِي رِوَايَةٍ: وَالضَّيْفِ. لَا جُنَاحَ عَلَى مَنْ وَلِيَهَا أَنْ يَأْكُلَ مِنْهَا بِالْمَعْرُوفِ أَوْ يُطْعِمَ صَدِيقًا غَيْرَ مُتَأَثِّلٍ مَالًا. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) айтады: «Әзірет Омар (р.а.) Хайбардан [олжа ретінде] бір жер алды. [Оны садақа ету керектігін түсінде үш рет көрген соң] Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алла елшісі! Хайбардан жер иелендім. Бұрын мұндай бағалы мүлікке ие болған емеспін. Ол жерді не істеуге бұйырасыз?” – деп сұрады. Пайғамбарымыз: “Қаласаң, жердің өзін сақтап, [түсімін] садақа ет”, – деді. Омар жерді садақаға арнап, оның сатылмауын, мұраға қалмауын және сыйға берілмеуін шарт етті».

Рауи айтады: «Омар жердің түсімін кедейлерге, туыстарына, құл азат етуге, Алла жолындағы шығындарға және жолаушыларға арнады. Бір риуаятта “қонақтарға” делінген. Оны басқаратын кісі түсімнен әдетке сай жей алады немесе досына жегізе алады, бірақ одан өзіне дүние жинамауға тиіс».1

Түсіндірме

Әзірет Омар уақыфқа арнаған бұл бағалы жерін олжадан иеленген еді. Кейін өзге жолдармен ондағы бастапқы үлесін ұлғайтқан. Жерді уақыф еткен соң, оның түсімін қойылған шарттарға сай жұмсау құзыретін қызы әзірет Хафсаға қалдырды. Одан кейін басқаруды Омар әулетінің естияр адамдарына тапсыруды өсиет етті. Кейбір риуаят бойынша, жерді уақыф еткенде жазылған мәтіннің мазмұны мынадай:

«Бұл – мүміндердің әміршісі, Алланың құлы Омардың Самғ атты жерге қатысты жазбасы. Жерді Хафса көзі тірісінде басқарады. Түсімін Алла көрсеткен орындарға жұмсайды. Хафса қайтыс болған соң жерді басқару оның туыстарының арасынан естияр бір адамға өтеді».

Әзірет Омар қатарынан үш күн көрген түсінен кейін осы бағалы жерді қайырымдылыққа беруге ұйғарған. Риуаяттарда түсінде оған Самғты садақа ету бұйырылғаны айтылады. Омардың уақыфы Самғпен шектелмеген. Ол құны одан кем түспейтін Сирма ибн әл-Әкуа жерін де уақыфқа берген. Ахмад ибн Ханбал жеткізген риуаятта: «Исламда уақыф ретінде берілген алғашқы садақа – әзірет Омардың садақасы», – делінеді.

Ибн Хажар жаһилият кезінде уақыфтың болған-болмағаны белгісіз екенін айтады. Имам Шафиғи уақыфты мұсылмандарға тән ерекшелік санаған.

  1. 1Бұхари, Шурут 19, Уасая 28, Иман 33; Мүслим, Уасият 15 (1632); Әбу Дәуіт, Уасая 13 (2878); Тирмизи, Ахкам 36 (1375); Нәсәи, Aхбас 1, (6, 230); Ибн Мәжа, Садақат 4 (2396).