وَفِي رِوَايَةٍ: مَنِ اقْتَبَسَ عِلْمًا مِنَ النُّجُومِ اقْتَبَسَ شُعْبَةً مِنَ السِّحْرِ، زَادَ مَا زَادَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Өзге бір риуаятта: «Кім жұлдызға қарап бал ашу ілімін үйренсе, сиқырдың бір тармағын үйренген болады. Ол ілімін арттырған сайын сиқыры да артады», – делінген.1
Түсіндірме
1. Бұл риуаяттардан Алла елшісінің (с.а.с.) дәуірінде жұлдызға қарап жорамал жасау кең тарағанын көреміз. Хадисте мұндай іс сиқырдың бір тармағы деп аталып, оған тыйым салынған. Тыйымның қандай істерге қатысты екені келесі хадистерде айтылады. Мұндағы жұлдыз ілімі – аспан денелерін зерттейтін астрономия емес, жұлдыздарға қарап ғайыптан хабар айтуға тырысатын астрология. Астрономия бақылау мен дәлелге сүйенеді. Ал адам мінезін, сәтті күнін, бақыты мен байлығын жұлдыз арқылы болжау – бал ашу. Бүгінде де мінезін, күнінің қалай өтетінін, жолы боларын жұлдызнамаға қарап айтатындар бар. Исламда жұлдызнама арқылы ғайыпты білуге тырысу да, соған сену де құпталмайды. Бұрынғы қазақтың жұлдызға қарап бағыт табуы, аспан белгілері арқылы намаз уақытын анықтауы бұған жатпайды. Өйткені ол бақылауға сүйенеді, ғайыпты болжауға ұмтылмайды. Болашақты Алладан басқа ешкім білмейді.
Ертедегі арабтар жұлдызға қарап бағаның қашан көтерілетінін, желдің қашан соғатынын, жеке адамның не елдің болашағын жорамалдаған. Алла елшісі (с.а.с.) осындай жорамалдарға тыйым салған.
2. Хадис соңындағы زَادَ مَا زَادَ тіркесі әртүрлі түсіндірілген. Жоғарыда «жұлдыз ілімі артқан сайын сиқыр ілімі де артады» деген мағынасы алынды. Кейбір түсіндірушілер мұны рауидің сөзі деп санайды. Онда Алла елшісі (с.а.с.) жұлдызға қарап бал ашудың терістігін қайта-қайта айтып түсіндірген деген мағына шығады.
- 1Әбу Дәуіт, Тибб 22 (3905).