وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ وَأَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «الْمُسْتَشَارُ مُؤْتَمَنٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ، وَالتِّرْمِذِيُّ عَنْهُمَا.
Үммі Сәләма мен Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кеңес сұралған адамға сенім артылады”, – деді».1
Түсіндірме
«Истишара» сөзі «ишарат» түбірінен шығып, араб тіліндегі истифғал үлгісі бойынша «ишарат сұрау» дегенді білдіреді. Кеңес сұраған адам – мұсташир, ал кеңес сұралған адам – мұсташар. Мұндағы ишарат – пікір, ақыл. Демек, истишара – пікір сұрап, кеңес алу.
Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте қоғам өміріне қажет пікір алмасудың әдебін көрсетеді. Кеңесіне жүгінетін адам сенімге лайық болуға тиіс. Ол сұралған іс жөнінде өзіне ақиқат, дұрыс әрі пайдалы болып көрінген жолды айтсын. Сұраушыға пайдалы нәрсені жасыру – сенімге қиянат. Хадис кеңес сұраушыны да ақиқатты бүкпей айтарына сенбейтін кісіге сырын ашудан сақтандырады.
Ескерту. Истишара – исламның негізгі ұстанымдарының бірі. Мұсылмандар кеңесуді күнделікті тұрмыста да, саяси және қоғамдық маңызы бар күрделі мәселелерді шешуде де басшылыққа алады. Кеңесу – Алланың әмірі. Исламдағы шура мен қазіргі демократияның өзіндік ерекшеліктерін аңғару үшін төмендегі бөлімде ақылдасудың маңызы қарастырылады.
- 1Тирмизи, Әдәб 57, (2823, 2824), Зуһд 39 (2370); Әбу Дәуіт, Әдәб 123 (5128); ибн Мәжа, Әдәб 37 (3745).