وَعَنْ ثَابِتِ بْنِ الضَّحَّاكِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَجُلٌ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ: إِنِّي نَذَرْتُ أَنْ أَذْبَحَ بِمَكَانِ كَذَا وَكَذَا، مَكَانٌ يَذْبَحُ فِيهِ أَهْلُ الْجَاهِلِيَّةِ. فَقَالَ: هَلْ كَانَ بِذَلِكَ الْمَكَانِ وَثَنٌ مِنْ أَوْثَانِ الْجَاهِلِيَّةِ يُعْبَدُ؟ قَالَ: لَا. قَالَ: فَهَلْ كَانَ فِيهِ عِيدٌ مِنْ أَعْيَادِهِمْ؟ قَالَ: لَا. قَالَ أَوْفِ بِنَذْرِكَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Сәбит ибн әд-Даххак (р.а.) былай деген: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.): “Белгілі бір жерде құрбандық шалуды нәзір еттім”, – деді. Ол жерде жаһилият дәуірінде құрбандық шалынатын. Алла елшісі (с.а.с.): “Ол жерде жаһилият дәуірінде табынған пұт бар ма?” – деп сұрады. Кісі: “Жоқ”, – деді. Ол: “Сол жерде олардың бір мейрамы тойлана ма?” – деп сұрағанда да, кісі: “Жоқ”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Онда нәзіріңді орында!” – деп бұйырды».1
Түсіндірме
1. Риуаяттың түпнұсқасында құрбандық шалынатын жердің аты Буана екені айтылған. Ол – Меккеден төменірек, Яламламға жақын жер. Риуаяттың жалғасында Алла елшісі (с.а.с.): «Аллаға қарсы келетін істе және адамның иелігінде жоқ нәрседе нәзір болмайды», – деген.
2. Хадистегі «уәсән» – ағаш, тас және басқа заттан жасалған, табынуға арналған пұт. Осыған жақын мағынадағы «санам» сөзі де бар. Кей ғалымдар «санам» деп денесі жоқ, бет-әлпеті бейнеленіп, мойынға тағылатын пұтты атаған.
3. Хадистің соңғы қосымшасына сүйенген ғалымдар мүбах істі де нәзір етуге болады деген. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) нәзірдің екі түріне ғана тыйым салған:
1) Арақ ішу, доңыз етін жеу, жазықсыз жанды өлтіру, зина жасау сияқты шариғатқа қайшы күнә істерді нәзір ету.
2) Адамның өз иелігінде жоқ дүниені нәзір ету. Мысалы, «Бүкіл Американың мүлкін садақа еттім» деу.
Алла елшісінің (с.а.с.) «Алланың разылығы көзделмеген істе нәзір болмайды» деген сөзіне сүйеніп, мүбах іс нәзірге жатпайды дегендер де бар. Бәйхақи кейбір мүбах амалдардың Алла разылығына жеткізетінін айтқан. Мысалы, түнде құлшылық ету үшін түсте мызғып алу немесе күндіз ораза ұстау үшін сәресі ішу ниетке қарай ғибадатқа айналады.
- 1Әбу Дәуіт, Әйман 27 (3313).