وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنِّي رَجُلٌ شَابٌّ وَأَخَافُ الْعَنَتَ وَلَا أَجِدُ مَا أَتَزَوَّجُ بِهِ، أَأَخْتَصِي؟ فَسَكَتَ عَنِّي، ثُمَّ قُلْتُ لَهُ فَسَكَتَ عَنِّي، ثُمَّ قَالَ: يَا أَبَا هُرَيْرَةَ جَفَّ الْقَلَمُ بِمَا أَنْتَ لَاقٍ فَاخْتَصِ عَلَى ذَلِكَ أَوْ ذَرْ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِي.
Әбу Һурайра (р.а.) былай деген: «“Уа, Алла елшісі! Жас жігітпін, күнәға ұрынып қалудан қорқамын, үйленуге қаражатым жоқ. Өзімді піштірейін бе?” – деп сұрадым. Ол үндемеді. Біраздан кейін сұрағымды қайталадым, тағы да жауап бермеді. Содан кейін: “Уа, Әбу Һурайра! Басыңа түсетін іс жазылып, қалам кеуіп қойған. Соған қарамастан қаласаң, өзіңді піштір, қаласаң, одан бас тарт”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадистегі الْعَنَتُ сөзі қиындық, машақат деген мағыналарда қолданылады, сондай-ақ зина мен жамандықты да білдіреді.
2. Бір қарағанда хадисте таңдау еркі берілгендей көрінуі мүмкін. Алайда түсіндірмеде бұл сөзге рұқсаттан гөрі сөгіс мағынасы берілген. Басқа риуаяттарда мұндай өтініш ашық қайтарылған, ал бұл жерде мәселенің тағдырмен байланысы көрсетілген. Дініміз тағдырға иман келтіруді бұйырады. Адам тағдырында не жазылғанын білмейтіндіктен, соған сүйеніп іс қылу бұйырылмаған. Өзіне рұқсат етілген амалды таңдайды. Сондықтан адамның жаратылысын өзгертетін іске тыйым салынғанын біле тұра, бойдақтықтың қиындығын сондай жолмен жеңуге рұқсат жоқ. Хадис адамның қолданған шарасы тағдырда белгіленгенді өзгерте алмайтынын да білдіреді.
• Кісі басына түскен жайды айтуға ыңғайсызданса да, үлкеніне жүгініп, ақыл сұрай алады. Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Һурайраны сөкпей тыңдаған.
• Хадистен мәһір мен үйленуге қажетті өзге шығынды көтере алмаған кісінің үйленуге асықпағаны жөн екені де ұғынылады.
• Шағымды үш рет қайталауға болады.
• Айтылған сөзге тоқтамайтын кісіге үнсіздікпен жауап беруге болады.
• Үнсіздіктің мәнін түсінетін кісіге сөзбен жауап бермей, үнсіз қалуға рұқсат.
• Өтініш айтқан адам алдымен өтінішінің себебін түсіндіргені жөн.
• Кей хадистерде Алла елшісі (с.а.с.) бойдақ жастарға нәпсіні тежеу үшін ораза ұстауды ұсынған. Түсіндірмешілер Әбу Һурайраға мұны ұсынбауының себебін былай түсіндіреді: суффа сахабаларының бірі Әбу Һурайраның онсыз да көбіне ораза ұстайтынын білген болуы мүмкін немесе бұл сұрақ сапар үстінде қойылған болуы ықтимал.
- 1Бұхари, Никах 8; Нәсәи, Никах 4, (6, 59).