وَعَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ إِنَّمَا رَدَّ زَيْنَبَ عَلَى زَوْجِهَا بِنِكَاحٍ جَدِيدٍ وَمَهْرٍ جَدِيدٍ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Амр ибн Шұғайыб әкесінен, әкесі атасынан мына хабарды жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.) қызы Зейнепті (р.а.) күйеуіне жаңа мәһір белгілеп, қайта неке қию арқылы қайтарды».1
Түсіндірме
1. Соңғы төрт риуаят №5700 риуаятта қозғалған мәселеге қатысты. Ерлі-зайыптылардың екеуі де исламды қабылдаса, бұрынғы некелері жалғасады. Әйелі бұрын мұсылман болса, ғиддат күтеді. Күйеуі осы мерзім ішінде исламды қабылдаса, некелері бұрынғы қалпында қалады, қайта неке қиып, жаңа мәһір белгілеу қажет болмайды. Имам Мұхаммедтің айтуынша, ислам елінде әйел мұсылман болып, күйеуі бұрынғы дінінде қалса, оған исламды қабылдау ұсынылады. Қабылдамаса, екеуінің некесі бұзылады. Мұндай айырылу «бәин» деп аталады. Ибраһим Нахағи мен Әбу Ханифа да осы пікірді ұстанған.
2. Соңғы екі риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) қызы Зейнеп пен оның күйеуі Әбу әл-Астың оқиғасы мысалға келтірілген. Екі риуаяттың арасында айырмашылық бар. Ибн Хажар «алты жыл» дегенді әзірет Зейнептің һижреті мен Әбу әл-Астың мұсылман болуы арасындағы уақыт деп түсіндіреді. «Екі жыл» немесе «үш жыл» дегені ﴿لَا هُنَّ حِلٌّ لَّهُمْ وَلَا هُمْ يَحِلُّونَ لَهُنَّ﴾ «Бұдан былай олар кәпір күйеулеріне адал емес, кәпір күйеулері де олар үшін адал жар бола алмайды»2 аяты түскеннен Әбу әл-Ас мұсылман болғанға дейінгі уақыт. Екі оқиғаның арасы екі жыл бірнеше ай болған.
Риуаяттар арасындағы негізгі айырмашылық уақытқа қатысты емес. Амр ибн Шұғайыбтың риуаятында Алла елшісінің (с.а.с.) қызы Зейнепті Әбу әл-Асқа жаңа мәһір белгілеп, жаңа некемен қосқаны, ал Ибн Аббастың (р.а.) риуаятында бұрынғы некелерін сол күйінде жалғастырғаны айтылады. Әйелі күйеуінен бұрын мұсылман болса, ғиддат күтеді. Күйеуі сол мерзімде исламды қабылдаса, некелері жалғасады, ғиддат бітіп кетсе, некелері бұзылады. Ал Зейнеп пен Әбу әл-Ас екі жыл бірнеше ай өткен соң бұрынғы некелерімен қосылған. Мұны былай түсіндірген: Зейнеп мұсылман болып, күйеуі бұрынғы дінінде қалғанда, Алла елшісі (с.а.с.) оларды айырмаған. Ол кезде ﴿لَا هُنَّ حِلٌّ لَّهُمْ وَلَا هُمْ يَحِلُّونَ لَهُنَّ﴾ «Бұдан былай олар кәпір күйеулеріне адал емес, кәпір күйеулері де олар үшін адал жар бола алмайды» деген «Мүмтахина» сүресінің 10-аяты әлі түспеген еді. Аят түскеннен кейін Пайғамбарымыз (с.а.с.) қызына ғиддат күтуді бұйырған. Зейнеп ғиддат күтіп жүргенде Әбу әл-Ас исламды қабылдаған, сонда Алла елшісі (с.а.с.) олардың бұрынғы некесін жалғастырған.
Екі риуаяттағы айырмашылыққа байланысты ғалымдар түрлі пікір айтып, әрқайсысы өз дәлелін келтірген. Олардың бәріне тоқталмаймыз, толық мәліметті Бұхари түсіндірмелерінен табуға болады. Ибн Хажар мәселені былай түйіндеген: «Бұл жөніндегі түсіндірмелердің ішінен Ибн Аббастың риуаятына сүйенген жөн. Өйткені ұлы имамдар да соны таңдаған».