وَعَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الشِّغَارِ، وَهُوَ أَنْ يُزَوِّجَ الرَّجُلُ ابْنَتَهُ أَوْ أُخْتَهُ مِنَ الرَّجُلِ عَلَى أَنْ يُزَوِّجَهُ ابْنَتَهُ أَوْ أُخْتَهُ، وَلَيْسَ بَيْنَهُمَا صَدَاقٌ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.
Ибн Омар (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) шиғар некесіне тыйым салды. Шиғар дегеніміз – бір адам басқа біреуге өз қызын не қарындасын тұрмысқа беріп, есесіне оның қызын не қарындасын алуы және екеуінің де мәһір төлемеуі».1
Түсіндірме
1. Шиғар – жаһилият дәуіріндегі неке түрі. Қамқоршылар өз қарауындағы қыздарды бір-біріне мәһірсіз тұрмысқа берген. Хадистегі шиғардың анықтамасын Алла елшісінің өзі айтқан ба, әлде риуаят жеткізушілері қосқан ба деген мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Дініміз шиғарға тыйым салған, өйткені мәһір – әйелдің хақысы, оны төлеу – ердің міндеті. Қаффал бұл некенің жарамсыз болуын қамқоршының: «Сен қызыңды маған некелемейінше, менің қызымның некесі саған бекітілмейді», – дегендей шарт қоюынан көрген. Имам Ғазали мұны былай сипаттайды: «Бір адам: “Сен де қызыңды маған некелеуің шартымен қызымды саған некеледім. Әрқайсысымен ерлі-зайыпты болу құқығы екіншісінің мәһірі болады. Қызымның некесі қашан қиылса, сенің қызыңның некесі де сол кезде қиылады”, – дейді». Мұндай келісімде екі қыз да өз хақысынан айырылады. Ал қамқоршылар әр әйелге өз мәһірін толық берсе, екі жақтың бір-бірінен қыз алуына тыйым жоқ.
Ханафилер мұндай неке жарамды деп санаған, бірақ мәһір міндеті жойылмайды. Әйел өзімен жағдайлас әйелдерге берілетін мөлшердегі мәһірге, яғни мәһір мислге, хақылы.
Имам Шафиғи мен бірқатар ғалым шиғар некесін жарамсыз деп танып, оған бұзылған неке шарттарының үкімі жүретінін айтқан.
Имам Әузағи ханафилерге жақын пікір айтқан: «Неке түні өтпесе, неке бұзылады да, мәһір белгіленіп, қайта қиылады. Неке түні өтіп қойса, неке жарамды, ал мәһір мислді төлеу уәжіп».
2. Хадисте қыздар мен қарындастар аталғанымен, ғалымдар бұл үкім жиендерге және қамқорлықтағы басқа әйелдерге де қатысты деген.
- 1Бұхари, «Неке», 28, «Хиял», 3; Мүслим, «Неке», 57 (1415); Мәлік, «әл-Муатта», «Неке», 24 (2/535); Әбу Дәуіт, «Неке», 15 (2074); Тирмизи, «Неке», 29 (1124); Нәсәи, «Неке», 60–61 (6/111–112).