عَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كُنَّا نَغْزُو مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَلَيْسَ مَعَنَا نِسَاءٌ، فَقُلْنَا: أَنَخْتَصِي؟ فَنَهَانَا عَنْ ذَلِكَ، ثُمَّ رَخَّصَ لَنَا أَنْ نَسْتَمْتِعَ. فَكَانَ أَحَدُنَا يَنْكِحُ الْمَرْأَةَ بِالثَّوْبِ إِلَى أَجَلٍ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Ибн Мәсғуд (р.а.) айтады: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге жорыққа шықтық. Жанымызда әйелдер жоқ еді. “Өзімізді піштіруге бола ма?” – деп сұрадық. Ол бізге бұлай істеуге тыйым салды. Содан кейін уақытша некеге рұқсат берді. Сөйтіп, арамыздан біреу әйелге киім беріп, онымен белгілі бір мерзімге некелесетін».1
Түсіндірме
1. Мұнда ер адамның жыныс бездерін алдыруы, яғни піштірілуі туралы сөз болып отыр. Мұндай әрекет әдетте еркек малға жасалады. Дініміз адамның табиғи жаратылысын өзгертуге тыйым салғандықтан, оны адамға қолдануға рұқсат бермейді.
2. Риуаятта уақытша некеге берілген рұқсат жаһилият дәуірінен қалған мұтға некесіне қатысты. Шарапқа кезең-кезеңімен тыйым салынғаны секілді, оған да әуелде бірден тыйым салынбаған. Кейін мәңгілікке харам етілген. Мұндай некенің мерзімі келісім кезінде белгіленеді. Әйелге өзі разы болатын ақы төленеді. Бұл мерзім бірнеше сағатқа да, бірнеше жылға да созылуы мүмкін. Мерзімі біткенде, екеуі талақсыз-ақ ажырайды және бір-біріне мұрагер болмайды. Мұнда кәдімгі некедегі мәһір, талақ және мұрагерлік үкімдері жүрмейді.
Әһл-сүннет ғалымдары мұндай некені харам деп бірауыздан ұйғарған. Шиғаның кейбір өкілдері ғана оны жарамды санаған. Алғашқы кезде берілген рұқсатқа сүйенген сахабалардың пікіріне және уақытша неке жайындағы дәлелдерге № 5651 хадистен кейін кеңінен тоқталамыз.
- 1Бұхари, «Тәпсір», «Мәида», 9 және «Неке», 6, 8; Мүслим, «Неке», 38 (1404).