وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الدُّنْيَا مَتَاعٌ، وَخَيْرُ مَتَاعِ الدُّنْيَا الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Дүние – өткінші игілік. Дүние игілігінің ең қайырлысы – салиқалы әйел”, – деді».1
Түсіндірме
Хадистегі «мәтағ» сөзі алтын-күміске сатып алынатын не сатылатын мүлікті білдіреді. Ас-ауқат, киім-кешек, төсеніш те осыған жатады. Оларды адам біраз уақыт пайдаланады, кейін тозады. Құранда дүние тіршілігі былай сипатталады: وَمَا الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلَّا مَتَاعُ الْغُرُورِ «Дүниенің тіршілігі алдамшы қызықтан басқа түк те емес.»2
Хадис дүниеде көңілімізге жаққанның ешқайсысы мәңгілік еместігін, біраз пайдаланған соң қолдан кететінін еске салады. Осы өткінші игіліктердің адамға ең қайырлысы – салиқалы жар. Өйткені өзге игіліктердің де рақатын көру өмірлік серігіне байланысты. Жары ізгі болмаса, кісі дәулетті, дені сау болса да, көңіл тыныштығын таппайды.
Салиқалы әйел – діндар, арлы әрі бойсұнғыш әйел. Алла елшісі басқа бір хадисте адамның бақыты үш нәрсеге байланысты екенін айтады: «Салиқалы жар, жайлы баспана және жақсы көлік». Бақытсыздық та үш нәрсеге байланысты: «Жаман жар, жайсыз баспана және нашар көлік».3 Дүние бақыты дегенде, көп адамның ойына әуелі байлық келеді. Алайда пайғамбар бұл жерде мал-мүлікті атамайды. Отбасының берекесі болмаса, оның орнын ешбір байлық толтыра алмайды. Дүниені ақыреттің егіндігі деп біліп, осы өмірді мәңгілік өміріне дайындық санайтын кісі үшін салиқалы жардың орны айрықша. Ізгі жар тапқан жан ақыретіне көбірек азық жиып, дүние-мүлкін де игілікке жарата алады. Келесі хадис осы мәселені толығырақ ашады.