وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ! هَلْ أَتَى عَلَيْكَ يَوْمٌ كَانَ أَشَدَّ مِنْ يَوْمِ أُحُدٍ؟ قَالَ: لَقَدْ لَقِيتُ مِنْ قَوْمِكِ مَا لَقِيتُ، وَكَانَ أَشَدُّ مَا لَقَيْتُ مِنْهُمْ يَوْمَ الْعَقَبَةِ، إِذْ عَرَضْتُ نَفْسِي عَلَى ابْنِ عَبْدِ يَالِيلَ بْنِ عَبْدِ كُلَالٍ فَلَمْ يُجِبْنِي إِلَى مَا أَرَدْتُ، فَانْطَلَقْتُ وَأَنَا مَهْمُومٌ عَلَى وَجْهِي. فَلَمْ أَسْتَفِقْ إِلَّا وَأَنَا بِقَرْنِ الثَّعَالِبِ. فَرَفَعْتُ رَأْسِي، فَإِذَا أَنَا بِسَحَابَةٍ قَدْ أَظَلَّتْنِي. فَنَظَرْتُ فَإِذَا فِيهَا جِبْرِيلُ عَلَيْهِ السَّلَامُ، فَنَادَانِي فَقَالَ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى قَدْ سَمِعَ قَوْلَ قَوْمِكَ لَكَ وَمَا رَدُّوهُ عَلَيْكَ، وَقَدْ بَعَثَ إِلَيْكَ مَلَكَ الْجِبَالِ لِتَأْمُرَهُ بِمَا شِئْتَ فِيهِمْ. فَنَادَانِي مَلَكُ الْجِبَالِ وَسَلَّمَ عَلَيَّ؛ ثُمَّ قَالَ: يَا مُحَمَّدُ! إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى قَدْ سَمِعَ قَوْلَ قَوْمِكَ لَكَ، وَأَنَا مَلَكُ الْجِبَالِ، قَدْ بَعَثَنِي رَبُّكَ إِلَيْكَ لِتَأْمُرَنِي بِأَمْرِكَ، فَمَا شِئْتَ؟ إِنْ شِئْتَ أَطْبَقْتُ عَلَيْهِمُ الْأَخْشَبَيْنِ. فَقَالَ ﷺ: بَلْ أَرْجُو أَنْ يُخْرِجَ اللَّهُ مِنْ أَصْلَابِهِمْ مَنْ يَعْبُدُ اللَّهَ وَحْدَهُ لَا يُشْرِكُ بِهِ شَيْئًا. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла елшісінен (с.а.с.): “Өміріңізде Ұхұд күнінен де ауыр күн болды ма?” – деп сұрадым. Ол былай деді: “Сенің қауымыңнан көргенім көп. Солардан көргенімнің ең ауыры Ақаба күні болды. Ол күні Ибн Абдиялил ибн Абд Күләлге барып, өзімді қорғауына алуды ұсындым. Алайда өтінішімді қабыл алмады. Көңілім құлазып, бетім ауған жаққа жүріп кеттім. Есімді жиғанда, Қарн әс-Сағалибке жетіп қалыппын. Басымды көтерсем, үстіме бір бұлт көлеңке түсіріп тұр екен. Анықтап қарасам, бұлттың ішінде Жәбірейіл (а.с.) тұр. Ол маған дауыстап: ‘Алла Тағала қауымыңның саған не дегенін, сөзіңе қалай жауап қайтарғанын естіді. Енді олар жөнінде қалағаныңды бұйыруың үшін, саған таулардың періштесін жіберді’, – деді. Сонда таулардың періштесі мені дауыстап шақырып, сәлем берді де: ‘Уа, Мұхаммед! Алла Тағала қауымыңның саған айтқан сөзін естіді. Мен – таулардың періштесімін. Раббың мені қалағаныңды бұйыруың үшін жіберді. Не қалайсың? Қаласаң, екі Ахшаб тауын олардың үстіне қапсыра жабайын’, – деді. Мен: ‘Жоқ. Алла олардың ұрпағынан бір Өзіне ғана құлшылық етіп, Өзіне еш нәрсені серік қоспайтын жандар шығарар деп үміттенемін’, – дедім”».1
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) Ұхұд күнінен де ауыр деп сипаттаған оқиға Тайфқа сапарында болған. Көкесі Әбу Талиб қайтыс болған соң, Пайғамбарымыз өзіне пана болатын кісі іздеді. Оның қорғауында жүріп, Алла жүктеген ақиқатты тарату міндетін атқармақ болды. Осы мақсатпен Тайфқа барып, ондағы туыстарына жолықты. Ибн Сағдтың жазуынша, бұл сапар пайғамбарлықтың оныншы жылы, шәууәл айында, Хадиша мен Әбу Талиб дүниеден өткеннен кейін болды. Алла елшісі Тайфтың көсемдеріне жеке-жеке жолығып, құрайыштардың қиянатын айтып, өзіне қорған болуын сұрады. Бірақ ешқайсысы түсіністік танытпады. Дөрекі сөйлеп, қаладан кетуін талап етті. Оның үстіне, бұзақыларды айдап салып, тас атқызды. Қасындағы Зәйд ибн Хариса тастардан денесімен қалқалағанымен, Алла елшісі жараланып, қанға боялды.
Он шақты күнге созылған осы сапарда көрген адамшылыққа жат қорлықтың азабы Алла елшісіне Ұхұдта шайқас жеңіліспен аяқталған күні көрген ауыртпалықтан да ауыр тиген.
2. Риуаятта аты аталған Ибн Абдиялилдің есімі бір деректе Мәсғуд деп көрсетілген. Ол Тайфтың бетке ұстар кісілерінің бірі еді. Кейбір риуаяттарда وَقَالُوا لَوْلَا نُزِّلَ هَٰذَا الْقُرْآنُ عَلَىٰ رَجُلٍ مِنَ الْقَرْيَتَيْنِ عَظِيمٍ «Һәм олар: “Бұл Құран мына екі шаһардың біріндегі бетке ұстар бір ұлыққа түсірілуі керек емес пе еді?!” – деді.»2 деген аят Ұтба ибн Рабиға мен Ибн Абдиялил туралы түскені айтылады. Өзге риуаяттарда басқа адамдардың есімдері аталғанымен, бұл дерек Ибн Абдиялилдің Тайфтағы орнын аңғартады.
3. Хадистегі «Ахшабәйн» – Меккедегі екі Ахшаб тауының, яғни Әбу Құбайс пен оған қарама-қарсы Құғайқиғанның атауы. Екінші тауға қатысты өзге жорамалдар да бар. Періште екі тауды Мекке тұрғындарының үстіне қапсыра жауып, қаланы құртып жіберуді ұсынды. Алла елшісі бұл ұсынысты қабыл алмай, қауымына мейірім танытты әрі көрген жәбіріне сабыр етті. Құрандағы فَبِمَا رَحْمَةٍ مِنَ اللَّهِ لِنْتَ لَهُمْ «Сен Алланың рақымының арқасында ғана айналаңдағы адамдарға жұмсақ, биязы бола білдің.»3 және وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ «Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым ретінде ғана жібердік.»4 деген аяттар Алла елшісінің рақым мен мейірімге бөленіп жіберілгенін айғақтайды.