Хадис

Кутуб ситтә, № 5571

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
887. Исра
Нөмірі
№ 5571 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
5571
Кутуб ситтә, № 5571 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَتَيْتُ لَيْلَةَ أُسْرِيَ بِي عَلَى مُوسَى قَائِمًا يُصَلِّي فِي قَبْرِهِ عِنْدَ الْكَثِيبِ الْأَحْمَرِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әнәстің (р.а.) жеткізуінше, Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Исра түнінде әзірет Мұсаға жолықтым. Ол қызыл құм төбесінің жанындағы қабірінде намаз оқып тұр екен».1

Түсіндірме

1. Исра немесе Миғраж – Расулалланың (с.а.с.) өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі. «Исра» сөзі «түнде жүру» дегенді білдіреді. Түнгі жорыққа шыққан әскери жасақты білдіретін «сария» сөзі де осы түбірден тараған. Ал «миғраж» – «көтерілу» деген сөз.

2. Расулалланың (с.а.с.) өміріне қатысты айтылғанда, Исра мен Миғраж бір сапардың екі кезеңін білдіреді. Алла елшісі бір түнде Қағба орналасқан Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне жетті. Сол жерден көктерді асып, жаратылыс әлемі мен құдайлық болмыс әлемінің межесі саналатын Сидрат әл-Мунтәһаға көтеріліп, одан да әрі өтті. Раббысымен тілдесіп, бірнеше бұйрық алып қайтты. Алла оған осы сапарды сый етті. Расулалла (с.а.с.) сол түні рухы мен тәні бірге, ояу күйде сапар шекті.

3. Миғражға қатысты кейбір мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Оқиғаның Меккеден Құдысқа дейінгі бөлігі Құранда анық айтылғандықтан, автор бұл кезеңді теріске шығарған адамды кәпір деп санайды. Аятта былай делінген: سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَىٰ بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آيَاتِنَا ۚ إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ «Құлын бір түнде Харам мешітінен айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла – мінсіз. Ол – Сәмиғ, Басир.»2

Сапардың осы кезеңі аяттағы «әсра» («түнде жүргізді») етістігінің тұйық түрімен «Исра» деп аталған. Ал осы пайғамбарлық сапардың жалғасы – көктерге көтеріліп, Алланың жақындығына жету – «Миғраж» деп аталады. Миғраждың кейбір тұстары «Нәжім» сүресінің 1–17-аяттарында айтылса, оқиғаның мән-жайы хадистерде кеңірек баяндалған. Соның бірі – осы тараудағы № 5568 хадис.

4. Миғраж әзірет Мұхаммедтің пайғамбарлығы бүкіл адамзатқа ортақ екенін танытады әрі дәлелдейді. Алланың иелігіндегі жеті қат көкті аралап, көктегі рухани жаратылыстарға көрсетілуі оның Алла алдындағы дәрежесінің биіктігін аңғартты. Алла құрметтеген адамзаттың ең таңдаулы өкілі осы кісі екені осылайша білінді.

Осы сапардың соңында Расулалла ұлы періште Жәбірейілдің өзіне баруға рұқсат етілмеген межеге жетіп, Аллаға жақындады. Алланың жамалын көріп, ешбір дәнекерсіз Оның сөзін тікелей естіді. Мұндай биік мәртебе жаратылыс атаулыдан оған ғана бұйырған және бұдан кейін де ешкімге бұйырмайды. Біз осындай пайғамбардың үмбеті болғанымызды мақтан тұтамыз әрі күллі әлемнің ардақтысына үмбет болу құрметін нәсіп еткен Раббымызға шүкіршілік айтып, мадақ айтамыз. Алла бәрімізге осы пайғамбарға лайық үмбет болуды нәсіп етсін. Ғалымдар Миғраждың мәні мен мағынасы жөнінде көптеген пайым айтқан. Олардың ішінде Бәдиүззаманның «Сөздер» еңбегіндегі отыз бірінші сөзде айтылған талдаулар ерекше мәнге ие, өзіндік пайымдар ұсынады. Бұл тақырып жөніндегі егжей-тегжейлі мәліметті марқұм Елмалылы Хамди Язырдың тәпсірінен де табуға болады.3

5. Миғраждың жылы мен айы туралы риуаяттар әртүрлі. Бұл жөнінде оннан астам пікір айтылған. Ғалымдардың көбі оқиға һижреттен бір жыл немесе он сегіз ай бұрын болған деген риуаяттарды қабылдаған. Айына қатысты көбіне рәбиғул-әууәл мен ережеп аталады.

6. Кағб әл-Ахбар «Мисғад әл-Мәләика» аталатын аспан есігі Бәйт әл-Мақдистің дәл үстінде екенін жеткізген. Осыған сүйенген кейбір ғалымдар Расулалланың Харам мешітінен Ақса мешітіне апарылып, сол жерден көкке көтерілгенін «сапар жолы түзу болсын деп» түсіндірген. Өзге бір риуаятта «Әр аспанда бір Бәйт әл-Мағмур бар, ең жақын аспандағысы Қағбаның дәл үстінде» делінеді. Осы риуаятқа сүйенсек, Бәйт әл-Мағмурға тура бару үшін Қағбадан көтерілу керек болар еді. Миғражда Алла елшісі әр аспаннан өтіп, Бәйт әл-Мағмурға жеткен.

7. Расулалланың Харам мешітінен Ақса мешітіне баруының хикметі жөнінде салмағы әртүрлі мынадай пікірлер де айтылған.

• Расулалла екі құбыланы да өз көзімен көрді.

• Ақса мешіті – бұрынғы пайғамбарлардың көбі һижрет еткен жер. Алла елшісінің сол мекенге баруымен олардың сапарларындағы ізгіліктер де тоғысты.

• Ақса мешіті – қайта тірілгендер жиналатын жер. Миғраж түнінде Расулалла көрген жайттардың көбі ақыретке қатысты болғандықтан, көкке дәл осы жерден көтерілуі орынды деп түсіндірілген.

• Бұл сапар Расулаллаға сезіммен танылатын да, рухани да түрлі қасиетті құрметтер бұйыратынының нышаны болған.

• Барлық пайғамбарларды бір жерге жинап, жүздестіру үшін.

• Ибн Әбу Жәмра былай деген: «Аспанға көтерілер алдында Бәйт әл-Мақдиске апарылудың хикметі – ақиқатты жасыруға тырысқандардың алдында оны ашық таныту. Егер Расулалла көкке Меккеден тікелей көтерілсе, қарсыластарына бұл сапарын дәлелдеп, түсіндірудің реті келмес еді. Ал ол түнде Бәйт әл-Мақдиске апарылғанын айтқанда, оны көргендер сол жердің ерекшеліктерін сипаттап беруді сұрады. Өздері оларды білетін, ал Мұхаммедтің бұрын ол жерді көрмегенін де білетін. Сұрақтарына жауап беріп, мешітті сипаттауы Расулалланың бір түнде Бәйт әл-Мақдиске барғаны туралы хабарының рас екенін дәлелдеді. Осы хабары рас болса, өзге айтқандарының да шын екенін мойындау керек. Бұл мүміндердің иманын арттырса, теріске шығарушылардың зиянын көбейтті».

8. Миғраж туралы пікірталастардың бірі осы сапардың өңінде не түсінде болғанына қатысты. Көптеген сахих риуаяттың айқын мағынасына сүйенген хадис, фиқһ және кәләм ғалымдарының басым бөлігі Расулалла ояу күйде, рухы мен тәні бірге көтерілген деген пікірде. Түсінде болғанын айтатын сахих риуаятты да ескерген ғалымдар екі сапар болған деп түсіндіреді. Алғашқысы ұйқыда өтіп, рухымен әрі тәнімен ояу күйде жасалатын кейінгі сапарға дайындық болған. Кейбір ғалымдар әлсіз риуаяттарды да ескеріп, пайғамбарлыққа дейін де Миғраж болғанын айтқан.

9. Миғраж туралы хабар тарағанда, Мекке мүшріктері «Мұндай да бола ма? Бір түнде Ақса мешітіне барып қайту мүмкін бе?» десіп, келемежге салды. Ибн Аббастың риуаятында былай баяндалады: «Миғраж түнінің ертеңінде Әбу Жәһил Расулаллаға келіп, “Жаңалық бар ма?” деп сұрады. Алла елшісі “Иә, осы түні Ақса мешітіне апарылдым” дегенде, ол мысқылдап “Содан соң қайта арамызда болдың ба?” деді. “Иә!” – “Қауымыңды шақырсам, мұны оларға да айтып бересің бе?” – “Иә”. Әбу Жәһил келемежге сәт туды деп, Кәғб ибн Луәй ұрпақтарын дереу шақырып алды. Расулалла оларға оқиғаны баяндады. Таңырқап қалған олар “Мешітті сипаттап бере аласың ба?” деп сұрады. Расулалла бұл өтініштен қысылып қалды. № 5570 хадисте айтылғандай, Алла Бәйт әл-Мақдисті оның көз алдына келтіргенде, ол мешіттің әр белгісін жеке-жеке сипаттап берді».

Мұның әзірет Әбу Бәкірге қатысты тұсы былай баяндалады: «Миғражды келемежге айналдырған бір топ мүшрік әзірет Әбу Бәкірді (р.а.) де өздеріне қоспақ болып, оған Алла елшісінің айтқанын жеткізді. Ол “Оның шыншыл, сөзі рас адам екеніне куәлік етемін. Мұны Алла елшісінің өзі айтса, рас айтқаны” деді. Олар “Бір түнде Шамға барып, Меккеге қайтып келгеніне сенесің бе?” десті. Әбу Бәкір “Иә. Бұдан да зор хабарына, оған көктен уахи келетініне сенгенмін. Мұны неге растамайын?” деп жауап берді». Осы оқиғаға байланысты әзірет Әбу Бәкір «әс-Сыддық» атанды.

Исра туралы риуаяттарда әртүрлі қосымшалар бар.

• Шәддад ибн Әустің риуаятында Алла елшісі түнгі сапарда әуелі құрма өскен бір жерден өтеді. Жәбірейіл (а.с.) «Түсіп, намаз оқы!» дейді. Расулалла түсіп, намаз оқиды. Жәбірейіл оған бұл жердің Ясриб, яғни Мәдина екенін айтады. Риуаяттың жалғасында Расулалла тағы бірнеше жерге түсіп, намаз оқиды. Жәбірейіл әрқайсысын таныстырып, «Бұл – Алла әзірет Мұсамен тілдескен Тұр Сина», «Бұл – әзірет Иса туған Бәйт Лахм», «Бұл – Мәдиян» дейді. Сол риуаятта Расулалланың қайтарда Меккеге бет алған Құрайыш керуеніне жолығып, оларға сәлем бергені де айтылады. Керуендегілер «Бұл – Мұхаммедтің дауысы» дескен. Мүшріктер оқиғаға сенбегенде, Алла елшісі оларға осы жайтты да айтып, керуеннің қай күні жететінін хабарлайды.

• Язид ибн Әбу Мәліктің риуаятында мынадай қосымша бар: «Содан кейін Бәйт әл-Мақдиске кірдім. Барлық пайғамбар менің қасыма жиналды. Жәбірейіл мені алға шығарды да, мен оларға имам болып намаз оқыттым».

• Абдуррахман ибн Һашимнің әзірет Әнәстан жеткізген риуаятында былай делінеді: «Расулалла жолда өзіне қиырдан үн қатқан біреуге жолығады. Жәбірейіл “Жүре бер!” дейді. Көп ұзамай бір қарт әйел кездеседі. Расулалла “Бұл кім?” деп сұрағанда, Жәбірейіл тағы да “Жүре бер!” дейді. Кейін бір топ адам жолығып, екеуіне сәлем береді. Жәбірейіл (а.с.) “Сәлемін ал!” дейді. Соңында ол “Сені шақырған – Ібіліс. Қарт әйел – дүние. Сәлем бергендер – әзірет Ибраһим, әзірет Мұса және әзірет Иса” деп түсіндіреді».

• Әбу Һурайра жеткізген риуаятта былай делінеді: «Алла елшісі егін егіп, оны орып жатқан адамдарға жолығады. Олар орып бітісімен, егін қайта өсіп шығады. Жәбірейіл “Бұлар – мүжәһидтер” дейді. Содан соң бастарын таспен езіп жатқан адамдарға кездеседі. Әр езілген сайын бастары қайта қалпына келеді. Жәбірейіл (а.с.) “Бұлар намазға бас қоймаған адамдар” дейді. Бұдан әрі әурет жерлерін жыртық шүберекпен бүркеп, малша жайылып жүргендерге жолығады. Жәбірейіл “Бұлар – зина жасағандар” дейді. Сосын бір бума отын жинап, көтере алмай тұрса да, үстіне отын қоса берген адам кездеседі. Жәбірейіл “Бұл – мойнындағы аманатын өтемей, тағы да аманат сұраған адам” дейді. Әрі қарай тілдері мен еріндері кесіліп, кесілген сайын қайта қалпына келіп жатқан адамдарды көреді. Жәбірейіл “Бұлар жұртты бүлікке шақырғандар” дейді. Содан кейін кішкене тесіктен шыққан алып өгізді көреді. Өгіз сол тесіктен қайта кірмек болып, кіре алмайды. Жәбірейіл “Бұл – айтқан сөзіне өкініп, қайтарып алғысы келсе де, ала алмаған адамның мысалы” дейді».

• Әзірет Әбу Һурайраның тағы бір риуаятында Алла елшісінің Бәйт әл-Мақдисте періштелермен бірге намаз оқығаны, пайғамбарлардың рухтары сол жерге жиналып, Алланы мадақтағаны, әзірет Ибраһимнің «Алла Мұхаммедті бәріңнен үстем етті» дегені айтылады.

10. Хадисте Расулалланың көкірегінің жарылғаны айтылады. Бұл оқиға өзге риуаяттарда да расталған. Осы жолғы оқиға мен Алла елшісі бала кезінде сүт анасы Халиманың қолында жүргенде болған оқиға – екі бөлек жайт. Көкірегін жару оқиғасы бірнеше рет болған деседі. Алғаш рет көкірегін ашып, одан ұйыған қан алып тастап, «Бұл – шайтанның сендегі үлесі» делінген. Соның шарапатымен Алла елшісі балалық шағын шайтаннан қорғалған күйде өткізген. Келесі жолы, пайғамбарлық келген тұста, уахиды мейлінше таза әрі берік жүрекпен қабылдауы үшін көкірегін ашқан. Үшінші жолы Миғраж алдында Раббысына мінәжат етіп, Онымен жүздесуге дайындық ретінде көкірегі ашылып, жүрегі тазартылған.

11. Хадисте «иман толы ыдыс» айтылады. Иманның өзі қолға ұстатпайтын рухани ұғым. Ғалымдар мұны «Рухани нәрсені сөзбен зат кейпінде бейнелеуге болады» деп түсіндіріп, Қиямет күні «Бақара» сүресінің көлеңкелік кейпінде келуі, өлімнің қошқар бейнесінде әкелініп сойылуы және амалдар мен кейбір ғайып істерінің таразыға тартылуы туралы риуаяттарды мысал етеді. Бәйзауи хадисте мұндай бейнелердің жиі ұшырасатынын айтып, рухани ақиқатты ұғындыру үшін сезіммен қабылданатын нәрсеге теңеп көрсететінін түсіндіреді.

12. Хадистің кей нұсқасында ыдыстың иман мен хикметке толы болғаны айтылады. Ибн Әбу Жәмра осыған сүйеніп, «Иманнан кейін хикметтен артық нәрсе жоқ» деп түйген. Ол өз сөзін мына аятпен қуаттаған: وَمَنْ يُؤْتَ الْحِكْمَةَ فَقَدْ أُوتِيَ خَيْرًا كَثِيرًا «Кімге даналық берілген болса, расында, оған мол игілік берілгені.»4 Хикмет туралы пікір көп. Ибн Хажардың пайымынша, олардың ең дұрысы – «Хикмет дегеніміз – әр нәрсені лайықты орнына қою немесе Алланың кітабынан ұғынылған мән» деген анықтама.

13. Расулалла мінген Пырақ әр риуаятта әрқалай сипатталады.

• Алдыңғы аяғын көз ұшы жеткен жерге бір-ақ қоятын.

• Тауға көтерілгенде артқы аяқтары, төмен түскенде алдыңғы аяқтары көтерілетін.

• Кей риуаятта қос қанаты болғаны айтылады.

• Әлсіз хадисте «Пырақтың беті адамдікіндей, жалы аттікіндей, сирағы түйенікіне, құйрығы мен тұяғы өгіздікіне ұқсайды, көкірегі қызыл жақұттай» делінген.

• Түсі ақ. «Пырақ» сөзін арабша «барқ» – «найзағай» сөзінен таратуға болады. Жүрісінің шапшаңдығына орай осылай аталған болуы мүмкін. Араб тілінде жүні ақ, арасында қара жолақтары бар қойды «шатун барқаун» дейді. Сондықтан «Пырақ» атауы «барқа» сөзінен шыққан деген де жорамал бар.

• Пырақ ерттеулі, ауыздықтаулы болған. Алла Тағала Расулалланы көліксіз де Меккеден Құдысқа жеткізе алар еді. Көлік мінгізуі құрмет көрсету үшін болған, өйткені салт атты жаяудан мәртебелі саналады.

• Көптеген риуаятта Пырақтың бұрынғы пайғамбарларға да көлік болғаны айтылған. Әзірет Ибраһим Пыраққа мініп, ұлы Исмайылды зиярат етуге барған. Расулалла «Мен оны пайғамбарлар байлаған шығыршыққа байладым», «Ол алдыңғы пайғамбарлардың да иелігіне берілген еді» деген. Жәбірейілдің Пыраққа «Саған Алла алдында бұдан қадірлі адам мініп көрген емес» деген сөзі де бар. Осы сөздер Пыраққа бұрын өзге пайғамбарлардың да мінгенін аңғартады. Миғраж бен Алланың жақындығына жету құрметі тек әзірет Мұхаммедке ғана тиесілі деуге негіз жоқ. Расулалладай кемел түрде болмаса да, өзге пайғамбарлардың да өздеріне тән миғражы болуы және сол сапарларында Пыраққа мінуі мүмкін. Құранда әзірет Исаның Алла құзырына көтерілуі5, әзірет Ыдырыстың биік дәрежеге көтерілуі6, әзірет Ибраһимге көктер мен жердің билігінің көрсетілуі7 айтылады. Мұның бәрі бұрынғы пайғамбарлардың кейбіріне де миғраждың бір түрі нәсіп болғанын аңғартады. Пырақ туралы жоғарыда келтірілген хадистер де осыған дәлел.

15. Миғражда Жәбірейіл ең жақын аспанда ашуды сұраған есік кей риуаяттарда «Баб әл-Хафаза» деп аталады. Оны Исмайыл атты періште күзетеді. Оның қол астында он екі мың періште бар.

16. Пайғамбарлардың көктердегі орындарына қатысты да хикмет айтылған. Ибн Әбу Жәмра былай деген: «Әзірет Адам алғашқы пайғамбар әрі адамзаттың алғашқы атасы болғандықтан, ең жақын аспанда кездесті.

Әзірет Иса заман жағынан ардақты Пайғамбарымызға ең жақын болғандықтан, екінші аспанда кездесті. Одан әрі әзірет Юсуф бар. Мұхаммедтің үмбеті жәннатқа оның бейнесінде кіреді.

Ыдырыс (а.с.) төртінші аспанда кездесті. Аятта وَرَفَعْنَاهُ مَكَانًا عَلِيًّا “Біз оның мәртебесін өсірдік һәм оны жоғарыға шығардық.”8 делінген. Жеті аспанның төртіншісі орта мен тепе-теңдікті білдіреді.

Әзірет Харун бауыры Мұсаға жақын болғандықтан, бесінші аспанда. Алла өзімен тілдескен әзірет Мұсаның дәрежесі Харуннан биік, ол алтыншы аспанда. Одан кейін әзірет Ибраһим кездеседі. Ол ең биік аспанда, өйткені Расулалланың арғы аталарының ішінде оған ең жақыны – сол. Халилдің дәрежесі ең биік болуы керек, ал Хабибтің дәрежесі одан да жоғары. Сондықтан Хабиб болған Алла елшісі әзірет Ибраһимнің дәрежесінен асып, екі садақтың аралығындай жерге, тіпті одан да жақын барды».

17. Әзірет Мұсаның жылауына Расулалланы қызғануы себеп болмаған. Мұндай ұнамсыз қасиет Мұсадай ұлы пайғамбарға жат. Ғалымдар «Ақыретте тіпті қарапайым мұсылманның бойынан да қызғаныш жойылатынын ескерсек, пайғамбарда мұндай қасиет бар деу мүлде мүмкін емес» деген. Олар Мұсаның жылауын өзіне тиер сауаптың кемуімен түсіндіреді. Үмбетінің өз шариғатына көп қайшы келуі олардың сауабын кемітіп, Алла алдындағы дәрежесін түсірді. Әр пайғамбар өз үмбетінің сауабына тең сауапқа ие болатындықтан, үмбетінің сауаптан айыратын істері Мұсаның да дәрежесіне әсер етті.

18. Бәйт әл-Мағмур бір хадисте былай сипатталады: «Ол – көктегі мешіт. Қағбамен бір сызықтың бойында, оның дәл үстінде орналасқан. Құласа, Қағбаның үстіне түсер еді. Оған күн сайын жетпіс мың періште кіреді. Бір шыққан періште қайта оралмайды». Басқа риуаятта «Оның көктегі құрметі Қағбаның жердегі құрметіндей» делінген. Қай аспанда орналасқаны жөнінде пікір әртүрлі. Риуаяттардың көбі жетінші аспанды атайды.

19. «Сидрат әл-Мунтәһа». «Сидра» – бір ағаштың аты. Оның жапырағын кептіріп, ұнтақтайды да, сабынша, әсіресе моншада дене тазарту үшін қолданады. Жемісі «набқ» деп аталады. Хадисте оның ірілігіне назар аударылған. Жемістер сол дәуірде жұртқа мәлім Һажар құмыраларына ұқсатылған. Мұндай құмыраның көлемі үлкен хауыздың ең төменгі өлшемі – бір құллаға тең.

«Мунтәһа» сөзі «соңғы меже, түпкі мақсат» дегенді білдіреді. Періштелердің ілімі сол жерге дейін ғана жететіндіктен, ағаш «Сидрат әл-Мунтәһа» аталған. Оны «шек ағашы», яғни жаратылыс әлемі мен Алланың есімдері мен істері танылатын құдайлық болмыс әлемінің арасындағы меже деуге болады. Нәуауидің айтуынша, бұл межеден Расулалладан (с.а.с.) басқа ешкім аса алмаған. Ағаштың орны туралы риуаяттар да әртүрлі. Ибн Мәсғудтан жеткен нұсқа оны алтыншы аспанда десе, әзірет Әнәстің риуаятынан жетінші аспанда екені аңғарылады. Ибн Хажар екеуін «Сидраның тамырлары алтыншы аспанда, діңінің негізі мен бұтақтары жетінші аспанда» деп үйлестірген. Ағаштың көркі және оны көмкерген кейбір жаратылыстар жайлы әртүрлі пайымдар түсіндірме кітаптарда бар. Біз оларға тоқталмаймыз.

  1. 1Мүслим, Фадаил, 164 (2375); Нәсәи, Қиям әл-ләйл, 15 (1631; 3/215).
  2. 2«Исра» сүресі, 17:1.
  3. 3Елмалылы Хамди Языр, «Хақ діні – Құран тілі», 4-том, 3141–3152-бб.
  4. 4«Бақара» сүресі, 2:269.
  5. 5«Ниса» сүресі, 4:158.
  6. 6«Мәриям» сүресі, 19:57.
  7. 7«Әнғам» сүресі, 6:75.
  8. 8«Мәриям» сүресі, 19:57.