وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ سَلَامٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَكْتُوبٌ فِي التَّوْرَاةِ صِفَةُ مُحَمَّدٍ، وَعِيسَى ابْنُ مَرْيَمَ يُدْفَنُ مَعَهُ». قَالَ أَبُو مَوْدُودٍ الْمَدَنِيُّ: «قَدْ بَقِيَ فِي الْبَيْتِ مَوْضِعُ قَبْرٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Абдулла ибн Сәлам (р.а.) былай дейді: «Тәуратта Мұхаммедтің (с.а.с.) сипаты және Мәриям ұлы Исаның оның қасына жерленетіні жазылған».
Әбу Мәудуд әл-Мәдәни: «Үйде тағы бір қабірге орын қалған», – дейді.1
Түсіндірме
Хадисте Тәуратта ардақты Пайғамбарымыздың сипаты мен әзірет Исаның оның қасына жерленетіні жазылғаны айтылады. Осы жайында басқа риуаяттар да бар. Бір риуаятта Айша (р.а.) Алла елшісіне: «Дүние салған соң мені қасыңызға жерлесе екен», – деп өтініш айтқан. Алла елшісі оның мүмкін еместігін айтып: «Ол жерде менің, Әбу Бәкір мен Омардың және Мәриям ұлы Исаның қабірі болады», – деген. Абдулла ибн Амр жеткізген бір риуаятта Алла елшісі: «Мәриям ұлы Иса жерге түседі, үйленеді, балалы болады. Қырық бес жыл өмір сүріп, дүние салған соң менің қасыма жерленеді», – деген.
- 1Тирмизи, «Мәнәқиб», 3 (3617, кей басылымда 3621).