1. Осы алты риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) өміріндегі маңызды оқиғалардан хабар береді.
Бірінші хадисте (5529) Алла елшісінің Піл жылы дүниеге келгені айтылады. Риуаяттарда оның рәбиғул-әууәл айының дүйсенбісінде дүниеге келгені көрсетіледі. Айдың қай күні болғаны жөнінде төрт түрлі пікір бар:
• Айдың екінші түнінде.
• Айдың сегізінші күні.
• Айдың оныншы күні.
• Айдың он екінші күні.
2. Ол кезде арабтар күнтізбе қолданбағандықтан, нақты күнді кесіп айту қиын. Жоғарыда аталған күндер риуаяттарға сүйеніп жорамалданған. Арабтар жылды сол жылы болған елеулі оқиғамен атайтын. Піл жылының атауы Құрандағы «Піл» сүресінде баяндалатын оқиғамен байланысты. Абраһа ибн Саббах әл-Әшрам хабаш әскерін бастап, Меккеге жорыққа шыққан. Алла қаланы қорғап қалды. Теңіз жақтан келген әбәбил құстары әскерге күйдірілген балшықтан жасалған тас жаудырды. Тас тиген дене уланып, шешекке ұшырайтын. Сөйтіп, қалың әскер талқандалып, кері қайтуға мәжбүр болды. Бұл әскер көп пілімен белгілі еді. Сол пілдердің бірі Махмұд аталған.
Жорықтың мақсаты Қағбаны бұзып, араб қажыларын Сана қаласында салынған Құлләйс шіркеуіне бұру еді. Құранда айтылғандай, әскер құстардан жеңіліп, кері қайтты. Ғалымдар мұны Алла елшісіне пайғамбарлық берілмей тұрып болған айрықша оқиға деп санаған. Мұндай оқиға «ирхас» деп аталады. Кей ғалымдар Алла елшісі осы жылы, тіпті жорықтан бұрын дүниеге келген деп есептейді. Олардың пікірінше, Алла оның құрметіне Қағбаны бұзылудан, Меккені талан-тараждан сақтаған.
2. Алла елшісін дүниеге келген соң араб дәстүрімен сүт анасына табыстаған. Сүт анасы Халима тілі шұрайлы Бәни Сағд тайпасынан шыққан Харистің жары еді. Халима төрт жыл бойы оны бауырына басып, сүт анасы болды.
Алла елшісі бір жасқа толмай жатып әкесінен айырылды. Бірде анасы Әмина оны Мәдинадағы нағашыларына апарған. Меккеге қайтар жолда анасы Әбуа деген жерде жиырмалар шамасында дүние салды. Алты жасар Мұхаммедті күтушісі Үммү Әйман Меккеге жеткізіп, атасы Абдулмұтталибке табыстады. Екі жылдан кейін атасынан да айырылып, әкесінің бауыры Әбу Талибтің қамқорлығына өтті. Әбу Талиб оны жақсы көріп, қолынан келген қамқорлығын аямады. Бірде Шамға сауда сапарына шыққанда, Мұхаммедті Бусраға дейін ертіп барды. Әкесінің тағы бір бауыры Зубәйр де оны Йеменге ертіп барды. Ол кезде Мұхаммед он жетілер шамасында еді.
Алла елшісі бір кездері меккелік дәулетті саудагер Хадишаның керуенінде жұмыс істеді. Ол керуенді Бусраға дейін бастап барды. Сапар олжалы болды. Хадиша оның адалдығына қайран қалды.
Алла елшісі жиырма бес жас шамасында алғаш рет отау құрып, Хадишаға үйленді. Хадиша ол кезде қырықтар шамасында еді. Алла елшісінің ұрпағы Хадишадан тарады. Мысырлық Мариядан туған әрі кішкентай кезінде қайтыс болған Ибраһимнен өзге балаларының бәрі Хадишадан туған. Тұңғышы Қасым еді. Осыдан Алла елшісі Әбулқасым, яғни Қасымның әкесі атанды. Содан кейін Абдулла, Зейнеп, Руқия, Үммү Күлсім және Фатима дүниеге келді. Қасым, Ибраһим және Абдулла бала күндерінде шетінеді. Алла елшісінен кейін тірі қалған жалғыз баласы Фатима еді. Ол да әкесі дүние салғаннан шамамен алты айдан кейін қайтыс болды. Алла елшісінің ұрпағы Фатимадан туған Хасан мен Хұсайын арқылы жалғасты.
Ардақты Пайғамбарымыз бала күнінен көркем мінезімен, шыншылдығымен, аманатқа беріктігімен танылып, Мұхаммед әл-Әмин, яғни «сенімді Мұхаммед» атанды. Мүшрік қоғамындағы бірқатар жаман әдеттен жиренетін. Алла оны бала кезінен жаһилияттың жаман әдеттерінен қорғады. Қырық жасқа таяғанда өз бойынан өзгеріс байқай бастады. Ара-тұра «Уа, Мұхаммед!» деген дауыс еститін. Жүрген жолында ағаштар мен тастар оған сәлем беретін. Қырыққа таяғанда ол Меккедегі кейбір беделді адамдардың дәстүрін ұстанып, Хира үңгірінде бір айдай оңашаланып, ойға шомды. Азығы таусылғанда ғана қалаға түсетін.
Қырық жасқа толғаннан кейін алты ай бойы түсінде көргендері өңінде айна-қатесіз орындалып отырды. Бұл пайғамбарлықтың бастамасы еді. Осылайша ол уахи қабылдауға рухани тұрғыдан дайындалды. Көп ұзамай өзі барып жүрген Хира үңгірінде «Алақ» сүресінің алғашқы бес аяты уахи болып түсті.
Алғашқы уахидан Алла елшісінің бойын қорқыныш биледі. Ол басынан өткенін жары Хадишаға айтты. Хадиша оған демеу болып, осы жайдан хабары бар немере ағасы Уарақаға ертіп апарды. Уарақа оны ден қойып тыңдады да, әзірет Иса келетінін сүйіншілеген пайғамбар осы екенін айтып, құттықтады.
Ардақты Пайғамбарға өзіне түскен уахиды жұртқа жеткізу әлі бұйырылмаған еді. Соған қарамастан, болған оқиға Меккеде тарап кетті.
Алғашқы уахидан кейін біраз уақыт уахи түспей, періште де келмеді. Бұл кезең «уахи үзілісі» деп аталады. Үзілістің ұзақтығы жөнінде пікір әртүрлі. Ғалымдардың көбі оны үш жылға жуық уақытқа созылған деп есептейді. Сол кезде Мекке мүшріктері «Раббысы Мұхаммедті тастап кетті» деп келеке ете бастады. Кейін уахи қайта түсіп, Алла елшісінің Меккедегі бүкіл ғұмыры бойы үзілмеді.
Һижреттен үш жыл бұрын Миғраж оқиғасы болды. Алла елшісі (с.а.с.) тәнімен де, рухымен де Аллаға жақындау мәртебесіне ие болды. Оқиғаның мерзімі жөнінде пікір әртүрлі. Оны һижреттен бір жыл бұрын болды дегендер де бар.
Алла елшісінің (с.а.с.) Меккедегі пайғамбарлық кезеңі он үш жылға созылды. Кей риуаятта бұл мерзім он жыл деп көрсетілген. Пікір айырмасы үш жылға созылған уахи үзілісінің мерзімге қосылу-қосылмауына байланысты. Үзіліс кезінде Исламды жеткізу туралы әмір келмегендіктен әрі дінді жеткізу ісі үш жылдан кейін басталғандықтан, кей ғалымдар бұл аралықты елшілік мерзіміне қоспаған. Ғалымдардың басым көпшілігі оны да пайғамбарлық кезеңіне жатқызған.
Алла елшісі (с.а.с.) пайғамбарлығының он үшінші жылы Мәдинаға һижрет етті. Онда он жыл Исламды жеткізді. Алпыс үш жасында дүниеден өтіп, артында әскері, қазынасы мен әділ соты бар кемел мемлекет қалдырды. Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын.