Хадис

ПАЙҒАМБАРЛЫҚ БӨЛІМІ

Кутуб ситтә, 12-том, 880-тарау · 4 хадис · № 5525–5528

ПАЙҒАМБАРЛЫҚ БӨЛІМІ

Хадистер

Адамзат тарихында пайғамбарлықтың орны айрықша. Пайғамбарлардың келуі адам баласының рухани өркендеуіне тікелей ықпал етеді. Алла жіберген елшілер арғы дүниенің игілігіне жетудің жолын көрсетіп, осы өмірді де мәнді өткізуге үйретеді. Пайғамбарлық болмаса, адамзат бүгінгі өркениетке жете алар ма еді? Адамның тіршілік етуі өзге жаратылыстардан мүлде бөлек. Жануарлар тіршілікке қажет түйсігімен туады. Адам баласына қажеттінің бәрін жылдар бойы үйретуге тура келеді. Өзге тіршілік иелері аз уақытта ортаға бейімделіп, өз күнін өзі көре бастайды. Ал адамның өз күнін өзі көруі үшін қанша уақыт қажет? Өте көп. Адам өмірге бейімделу үшін ата-анаға, ұстазға, кітап пен білімге мұқтаж. Ал ұстаздардың ұстазы – пайғамбарлар.

Ойлы адамды «Адам деген кім? Қайдан келді? Не үшін келді? Қайда барады? Ақыры не болмақ?» деген сұрақтар толғандырады. Осындай маңызды сауалдардың жауабын пайғамбарлардан білеміз.

• Пайғамбарлықтың бірінші мақсаты – адамдарға Жаратушы Раббысын таныту, Оның есімдері мен сипаттарын, заңдары мен қағидаларын үйрету.

• Екінші міндеті – адамдарға Раббысының алдындағы міндеттерін үйрету.

• Үшінші міндеті – адамдарға жер бетінде қалай өмір сүру керегін көрсету.

• Төртінші міндеті – адамдарды көркем мінезге баулып, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыратуды үйрету. Адамзат мұның бәрін тек өз ақылымен сараласа, қатты қателесіп, бақытсыздыққа ұшырауы мүмкін. Сонда әркім ойына келгенін дұрыс санар еді. Пайғамбарлар ар-ұжданы көмескіленіп, таза болмысынан айныған қауымдарға келіп, тура жолды нұсқаған. Олардың сөзіне құлақ асқандар да, дұшпандық еткендер де болған. Алайда пайғамбарға қарсы шыққандар өз болмысы мен жаратылысына қарсы шығып жүргенін аңғара бермейді.

• Бесінші міндеті – арғы дүние жайында мағлұмат беріп, адамзатты толғандырған ең үлкен сауалдардың біріне жауап беру. Пайғамбарға еріп, сүннетін ұстанғандар бұл дүниеде де, ақыретте де мол игілікке кенеледі.

Исламда пайғамбарлық әзірет Адамнан (а.с.) басталады. Одан кейін Нұх, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Иса (а.с.) секілді пайғамбарлар келген. Әр пайғамбар өзі жіберілген қауымға үлгі болған. Кей риуаяттарда адамзатқа жалпы 124 мың пайғамбар келгені айтылады. Біріне кітап түсірілсе, енді бірі өзінен бұрынғы пайғамбарға берілген кітапқа сүйеніп, адамдарды дінге шақырған. Кей пайғамбарға мыңдаған, миллиондаған адам ерсе, кейбіріне санаулы адам ғана құлақ асқан. Хадистерде бірде-бір адам иман келтірмеген пайғамбарлар да болғаны айтылады.

Әзірет Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) – пайғамбарлардың соңғысы. Алдыңғы пайғамбарлар белгілі бір қауымға жіберілсе, әзірет Мұхаммед (с.а.с.) бүкіл адамзатқа жіберілген. Ол әкелген шариғат қияметке дейін жалғасады. Бұдан былай дүниенің ешбір жеріне басқа пайғамбар жіберілмейді. Кімде-кім өзіне пайғамбарлық берілгенін айтса, жалған айтқан болады.

Әзірет Мұхаммед (с.а.с.) әкелген кітап – Құран Кәрім. Бұл дүниеде туындайтын сауалдардың жауабы мен қиындықтардың шешімі осы кітапта берілген. Мүжтаһид дәрежесіне жеткен ғалымдар Құранға сүйеніп, өмірде кездесетін түрлі жайттарға қатысты үкім шығарады. Бұл дәрежеге жетпеген адамның дін атынан сөйлеп, үкім шығаруына рұқсат жоқ. Ислам адам баласының уақыт өте келе хақ жолдан алыстайтынын ескертеді. Сондықтан жұртты хақ жолға қайта бастайтын дін жаңғыртушылардың келетінін білдіреді. Хадисте әр ғасырда дінге араласқан жалғанды аршып, сүннетті жандандыратын жаңғыртушы келетіні айтылады. Бір ғасырда кәсібі, ұстанымы мен елі әртүрлі бірнеше жаңғыртушы болуы мүмкін. Олардың ең соңғысы Мәһди деп аталады.

Пайғамбарымызға қатысты үкімдер

Пайғамбарымыздың есімі мен тегі

5525
Кутуб ситтә, № 5525 · тараудағы реті: 1

ذَكَرَ الْبُخَارِيُّ رَحِمَهُ اللَّهُ فِي بَابِ مَبْعَثِهِ ﷺ فَقَالَ: «هُوَ مُحَمَّدٌ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ ابْنُ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَبْدِ الْمُطَّلِبِ بْنِ هَاشِمِ بْنِ عَبْدِ مَنَافٍ بْنِ قُصَيٍّ بْنِ كِلَابٍ بْنِ مُرَّةَ بْنِ كَعْبِ بْنِ لُؤَيٍّ بْنِ غَالِبِ بْنِ فِهْرِ بْنِ مَالِكِ بْنِ النَّضْرِ بْنِ كِنَانَةَ بْنِ خُزَيْمَةَ بْنِ مُدْرِكَةَ بْنِ إِلْيَاسَ بْنِ مُضَرَ بْنِ نِزَارِ بْنِ مَعَدِّ بْنِ عَدْنَانَ».

Қазақша аудармасы

Бұхари Алла елшісінің (с.а.с.) пайғамбар болып жіберілуіне арналған тарауда былай дейді: «Ол – Алланың елшісі Мұхаммед ибн Абдулла ибн Абдулмұтталиб ибн Һашим ибн Абдиманаф ибн Құсай ибн Килаб ибн Мұрра ибн Кағб ибн Луәй ибн Ғалиб ибн Фиһр ибн Мәлик ибн Надр ибн Кинана ибн Хузәйма ибн Мудрика ибн Ілияс ибн Мұдар ибн Низар ибн Мағад ибн Аднан».1

Түсіндірме

Мұнда Алла елшісінің (с.а.с.) әкесінен кейінгі жиырма атасының аты аталады. Бұхари өзінің тарих еңбегінде Аднаннан әзірет Ибраһимге дейінгі тағы жеті атасын таратады. Ибраһимнен әзірет Адамға дейінгі тізбектер де бар. Аднанға дейінгі есімдер жөнінде пікір алшақтығы жоқ. Аднаннан Ибраһимге, Ибраһимнен Адамға дейінгі тізбектер туралы пікірлер әртүрлі. Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісі өз тегін тарата айтқанда Мағад ибн Аднанға келіп тоқтайтынын жеткізген.

  1. 1Бұхари, «Манақибул-ансар», 28.
5526
Кутуб ситтә, № 5526 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ وَاثِلَةَ بْنِ الْأَسْقَعِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّ اللَّهَ اصْطَفَى كِنَانَةَ مِنْ وَلَدِ إِسْمَاعِيلَ، وَاصْطَفَى قُرَيْشًا مِنْ كِنَانَةَ، وَاصْطَفَى مِنْ قُرَيْشٍ بَنِي هَاشِمٍ، وَاصْطَفَانِي مِنْ بَنِي هَاشِمٍ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Уәсилә ибн әл-Асқағ (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Алла Исмайылдың ұрпағынан Кинананы, Кинанадан Құрайышты, Құрайыштан Бәни Һашимді таңдады. Ал Бәни Һашимнің арасынан мені таңдады».1

  1. 1Мүслим, «Фадаил», 1 (2276).
5527
Кутуб ситтә, № 5527 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жубәйр ибн Мутғим

وَعَنْ جُبَيْرِ بْنِ مُطْعِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لِيَ خَمْسَةُ أَسْمَاءٍ: أَنَا مُحَمَّدٌ، وَأَنَا أَحْمَدُ، وَأَنَا الْمَاحِي الَّذِي يَمْحُو اللَّهُ بِيَ الْكُفْرَ، وَأَنَا الْحَاشِرُ الَّذِي يُحْشَرُ النَّاسُ عَلَى قَدَمِي، وَأَنَا الْعَاقِبُ». وَالْعَاقِبُ الَّذِي لَيْسَ بَعْدَهُ نَبِيٌّ. أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ.

Қазақша аудармасы

Жубәйр ибн Мұтғим (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Менің бес есімім бар. Мен – Мұхаммед, мен – Ахмад. Мен – әл-Махи, Алла мен арқылы күпірді жояды. Мен – әл-Хашир, адамдар менің ізіммен жиналады. Мен – әл-Ақиб». Әл-Ақиб – өзінен кейін пайғамбар келмейтін кісі.1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) өзін Алла Тағала берген есімдермен таныстырған. Ең кең тарағандары – Мұхаммед пен Ахмад. Мұхаммед есімі жиірек қолданылады әрі Құранда бірнеше рет аталады.2 Ахмад есімі Құранда әзірет Исаның сөзінде айтылады.3

• Мұхаммед – «мақтаулы» деген сөз. Түбірлес Махмұд есімі де «мақталған, мақтаулы» дегенді білдіреді. Мұхаммед есімінде «көп мақталған», «қайта-қайта мақталған» деген мағына бар.

• Ахмад – «ең көп мадақтаушы» деген сөз. Алла елшісіне бұл есімнің берілуін ғалымдар былай түсіндіреді. Бұхаридегі хадис бойынша Алла Тағала елшісіне ешкімге үйретілмеген мадақ сөздерін үйретеді. Алла елшісі Раббысын ешбір жаратылыс бұрын айтпаған сөздермен мадақтайды.

Тағы бір түсіндірме бойынша, пайғамбарлардың бәрі Раббысын көп мадақтаған. Алла елшісі (с.а.с.) олардың бәрінен де көбірек мадақ айтқандықтан, оған Ахмад есімі берілген.

Қади Ияд былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мұхаммед аталмастан бұрын Ахмад атанған. Өйткені дүниеге келместен бұрын Тәурат, Інжіл секілді кітаптарда Ахмад есімі берілген. Ал Құранда Мұхаммед атымен аталған. Ақыретте Алла елшісі Раббысын мадақтайды. Алла оған шапағат етуге рұқсат берген соң, адамдар да оны мадақтайды». Мұхаммедтің үмбеті Раббысын мадақтауға айрықша мән береді. Сондықтан ас ішкен соң, сапардан оралғанда немесе бір игілікке жеткенде «Әлхамду лилләһ», яғни «Барлық мадақ Аллаға тән» дейміз.

• Әл-Махи – «жоюшы», «жоқ етуші» деген сөз. Күпірдің жойылуына себеп болғандықтан немесе өзіне ергендерді жамандықтан тыйғандықтан, оған осы есім берілген.

• Әл-Хашир – «жинаушы» деген сөз. Қиямет күні ол бірінші болып тіріледі, содан кейін басқалар да тіріліп, оның соңынан жиналады. Басқа хадисте Алла елшісі: «Жер қақ айырылғанда одан бірінші болып шығатын – мен», – деген.

• Әл-Ақиб – «соңғы» деген сөз. Кей риуаятта ол «өзінен кейін пайғамбар келмейтін кісі» деп түсіндірілген. Алла елшісінен кейін пайғамбар келмейтініне аяттар мен хадистерде көптеген дәлел бар. Бұл есім оның соңғы пайғамбар екеніне байланысты берілген.

2. Алла елшісінің өзге есімдері де бар. Ғалымдар хадисте неліктен осы бес есім аталғанын әртүрлі түсіндірген. Ибн Хажар былай дейді: «Мұның мәні: “Маған тән бес есім бар. Бұл есімдер менен бұрын өткен қауымдардың бірде-бір беделді адамына берілмеген” дегенге саяды». Алла елшісі Құранда Рауф, Рахим, әл-Мүбәшшир, ән-Нәзир, әл-Мүбәйин, әс-Сиражул-мунир, әл-Мүзәккир, әр-Рахмат, ән-Ниғмат, әл-Һади, әш-Шәһид, әл-Әмин, әл-Мүззәммил, әл-Мүддәссир және басқа есімдермен де аталған. Оның есімдерін арнайы зерттеген ғалымдар болған. Ибн Дихия Алланың көркем есімдері секілді Алла елшісінің де тоқсан тоғыз есімі барын айтып: «Тереңірек зерттеген адам үш жүз есімін табады», – деген. Ибн әл-Араби бір сопының «Алланың мың есімі бар, Алла елшісінің де мың есімі бар» деген сөзін келтіреді.

Ибн Хажардың тағы бір түсіндірмесі бойынша, бұл бес есім өзгелерінен кеңірек тараған әрі бұрынғы кітаптар мен қауымдарға да мәлім болған. Хадисте соларға назар аударылған.

  1. 1Бұхари, «Мәнәқиб», 17, «Тәпсір», «Сафф», 1 • Мүслим, «Фадаил», 125 (2354) • Мәлік, «Муатта», «Әсмаун-нәби», 1 (2/1004) • Тирмизи, «Әдеп», 67 (2842).
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 144-аят • «Ахзаб» сүресі, 40-аят • «Мұхаммед» сүресі, 2-аят • «Фатх» сүресі, 29-аят.
  3. 3«Сафф» сүресі, 6-аят.
5528
Кутуб ситтә, № 5528 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَلَا تَعْجَبُونَ كَيْفَ يَصْرِفُ اللَّهُ عَنِّي شَتْمَ قُرَيْشٍ وَلَعْنَهُمْ؟ يَشْتِمُونَ مُذَمَّمًا، وَيَلْعَنُونَ مُذَمَّمًا، وَأَنَا مَحَمَّدٌ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Алланың құрайыштардың тілдеуі мен лағынетін менен қалай бұрып әкеткеніне таңданбайсыңдар ма? Олар Мүзәммәмді, яғни датталғанды тілдеп, оған лағынет айтады. Ал мен – Мұхаммедпін, яғни мақтаулы адаммын».1

Түсіндірме

Хадис ғалымдарының айтуынша, құрайыштар Алла елшісін жек көргендіктен, оны «Мұхаммед» («мақтаулы») деген есімімен атамай, оған мағынасы қарама-қарсы «Мүзәммәм» («датталған») деген лақап таққан. Сыртынан «Алла осы Мүзәммәмді мынадай пәлеге ұшыратсын» деп қарғайтын. Алла елшісі Мүзәммәм болмағандықтан, қарғыстары өздеріне қайтатын.

  1. 1Бұхари, «Мәнәқиб», 17 (3533) • Нәсәи, «Талақ», 25 (6/159).