Хадис

Мәйітті шығарып салу және табыт көтеру

Кутуб ситтә, 12-том, 876-тарау · 8 хадис · № 5447–5454

ӨЛІМ БӨЛІМІ

Хадистер

5447
Кутуб ситтә, № 5447 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ تَبِعَ جَنَازَةً وَحَمَلَهَا ثَلَاثَ مَرَّاتٍ فَقَدْ قَضَى مَا عَلَيْهِ مِنْ حَقِّهَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жаназаға еріп, табытты үш рет көтерген адам марқұмның алдындағы борышын өтеген болады”, – деді».1

Түсіндірме

«Үш рет көтеру» дегеніміз – табытты біраз жерге көтеріп апарып, демалған соң қайта көтеру, сөйтіп үш мәрте қолғабыс ету. Марқұмның көзі тірісінде сыртынан ғайбат айтып, өсек таратқан немесе оған зұлымдық жасаған адамның бұл күнәлары табыт көтергенімен кешірілмейді. Осылайша тек мұсылманның мұсылман алдындағы борышы орындалады.

  1. 1Тирмизи, «Жанаиз», 50 (1041).
5448
Кутуб ситтә, № 5448 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا تَتَّبِعُوا الْجَنَازَةَ بِصَوْتٍ وَلَا نَارٍ». زَادَ فِي رِوَايَةٍ: «وَلَا تَمْشُوا بَيْنَ يَدَيْهَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) тағы былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Дауыс салып жоқтау айтып та, от жағып та жаназаға ермеңдер”, – деді».

Бір риуаятта: «Табыттың алдында жүрмеңдер», – деген қосымша бар.1

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Жанаиз», 13 (1/226). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 46 (3171).
5449
Кутуб ситтә, № 5449 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «رَأَيْتُ النَّبِيَّ ﷺ وَأَبَا بَكْرٍ وَعُمَرَ يَمْشُونَ أَمَامَ الْجَنَازَةِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардың (с.а.с.), Әбу Бәкір мен Омардың (р.а.) табыттың алдында жүргенін көрдім».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 49 (3179). Тирмизи, «Жанаиз», 26 (1007–1008). Нәсәи, «Жанаиз», 56 (4/56).
5450
Кутуб ситтә, № 5450 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَمْشِي أَمَامَ الْجَنَازَةِ وَأَبُو بَكْرٍ وَعُمَرُ وَعُثْمَانُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ رَزِينٌ: «أَنْتُمْ مُشَيِّعُونَ، فَامْشُوا بَيْنَ يَدَيْهَا وَخَلْفَهَا وَعَنْ يَمِينِهَا وَعَنْ شِمَالِهَا وَقَرِيبًا مِنْهَا». قُلْتُ: زِيَادَةُ رَزِينٍ ذَكَرَهَا الْبُخَارِيُّ تَعْلِيقًا. وَاللَّهُ أَعْلَمُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) табыттың алдында жүретін. Әбу Бәкір, Омар және Осман (р.а.) да алдында жүретін».1

Разин мына сөзді қосқан: «Жаназаға ергенде, табыттың алдында, артында, оңында, солында, оған жақын жүріңдер!»

Бұхари Разиндегі бұл қосымшаны мұғаллақ риуаят түрінде берген.

Түсіндірме

Жаназаға ергенде табыттың алдында немесе артында жүру жөнінде әртүрлі риуаят жеткен. Ғалымдардың пікірі де осыдан бөлінген. № 5448 хадисте алдында жүруге тыйым салынса, № 5449 және 5450 хадистерде Әбу Бәкір, Омар, Осман (р.а.) секілді сахабалардың да алдында жүргені айтылады. Әбу Һурайра, Әбу Қатада, Ибн Омар, Әбу Усайдтың (р.а.) да алдында жүргені жайында риуаяттар бар. Ахмад ибн Ханбал, Мәлик және Шафиғи алдында жүргенді абзал санаған. Басқаша пікір айтқандар да болған. Ибн Мәсғудтан (р.а.) жеткен бір хадисте табытты алға шығарып алып жүру керегі айтылады. Тирмизидің жазуынша, Сәури мен Исхақ секілді ғалымдар осы хадиске сүйеніп, табыттың артынан ергенді абзал көрген.

Ханафи мәзһабы бойынша, табыттың артынан ерген абзал. Ал алдында жүру мәкруһ саналмайды.

Разиннен жеткен соңғы сөздерге сүйенсек, табыттың алдында, артында, оңында не солында жүрудің айыбы жоқ. Ең маңыздысы – жаназаға еру. Жұрттың көптігіне, жолдың жағдайына және өзге шарттарға қарай табыттың кез келген жағымен жүруге болады. Пікірталас тек қайсысы абзал екеніне қатысты. Келесі риуаяттар да осыны қуаттайды.

  1. 1Тирмизи, «Жанаиз», 26 (1010). Ибн Мәжа, «Жанаиз» (1483). Тирмизидің 1007-риуаятында осы оқиға Ибн Омардан жеткен.
5451
Кутуб ситтә, № 5451 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Үммі Атия

وَعَنْ أُمِّ عَطِيَّةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «نُهِينَا عَنِ اتِّبَاعِ الْجَنَائِزِ وَلَمْ يُعْزَمْ عَلَيْنَا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Үммі Атия (р.а.) былай дейді: «Бізге, әйелдерге, жаназаға еруге тыйым салынды, бірақ қатаң талап етілмеді».1

Түсіндірме

Хадис әйелдердің жаназаға еруі құпталмағанын білдіреді. Кей риуаяттарда әйелдердің жаназаға еруіне қатаң тыйым салынғанымен, бұл хадисте ондай қатаңдық жоқ. Ғалымдардың басым көпшілігі бұл тыйымды тахрими емес, танзиһи деп түсіндірген. Ибн Әбу Шәйба жеткізген риуаятта Омар (р.а.) жаназаға ерген әйелге тыйым салмақ болғанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Омар, қоя бер оны», – деп, әйелдің қатысуына рұқсат еткен.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 30 (1278). Мүслим, «Жанаиз» (938). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 44 (3167).
5452
Кутуб ситтә, № 5452 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Мұғира

وَعَنِ الْمُغِيرَةِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الرَّاكِبُ يَمْشِي خَلْفَ الْجَنَازَةِ، وَالْمَاشِي كَيْفَ شَاءَ مِنْهَا، وَالطِّفْلُ يُصَلَّى عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ وَصَحَّحَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةِ أَبِي دَاوُدَ: «وَيُدْعَى لِوَالِدَيْهِ بِالْمَغْفِرَةِ وَالرَّحْمَةِ».

Қазақша аудармасы

Мұғира (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Көлік мінген кісі табыттың артынан жүрсін, ал жаяу кісі қалаған жағымен жүре алады. Балаға да жаназа намазы оқылады”, – деді». Әбу Дәуіттің риуаятында: «Баланың ата-анасына кешірім мен рақым тілеп, дұға жасалады», – делінген.1

Түсіндірме

Бұл хадисте дүниеден өткен балаға да жаназа намазы оқылатыны айтылады. Кей риуаяттарда өлі туған балаға да жаназа оқылатыны жазылған. Ғалымдар тірі туып, жылауға шамасы келген сәби кейін дүние салса, жаназа намазы оқылатынына бірауыздан келіскен. Ал өлі туған сәбиге жаназа оқу жөнінде әртүрлі пікір айтқан:

• Ибн Омар (р.а.): «Сәби жыламаса да, жаназа намазы оқылады», – деген. Ибн Сирин мен Ибн Мусайяб та осы пікірде.

• Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ ибн Рахуия: «Жан біткен, яғни құрсақтағы мерзімі төрт ай он күнге жеткен өлі туған балаға жаназа намазы оқылады», – деген.

• Исхақ: «Сәбидің мұрагер болатыны жылағанынан анықталады, ал жаназа намазы жаратылысы жетілген сәбиге оқылады. Төрт ай он күн толғанда, оған жан үрленіп, бақытты не бақытсыз болатыны жазылады. Ендеше, оның жаназа намазы неге оқылмасын?» – деген.

• Ибн Аббастың (р.а.): «Сәби туғанда жыласа, яғни тірі туса, мұрагер болады әрі жаназа намазы оқылады», – деген риуаяты бар.

• Жабир (р.а.): «Сәби туғанда жыласа, жаназа намазы оқылады, жыламаса, оқылмайды», – деген. Әһлі рай да осылай үкім берген. Имам Мәлик, Әузағи және Шафиғи де осы пікірде.

  1. 1Тирмизи, «Жанаиз», 42 (1031). Нәсәи, «Жанаиз», 55–56 (4/55–56). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 49 (3180).
5453
Кутуб ситтә, № 5453 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Сәубан

وَعَنْ ثَوْبَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي جَنَازَةٍ، فَرَأَى نَاسًا رُكْبَانًا، فَقَالَ: أَلَا تَسْتَحْيُونَ؟ إِنَّ مَلَائِكَةَ اللَّهِ عَلَى أَقْدَامِهِمْ وَأَنْتُمْ عَلَى ظُهُورِ الدَّوَابِّ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сәубан (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жаназаға шыққанда, бірнеше кісінің көлік мініп келе жатқанын көрді. “Ұялмайсыңдар ма? Алланың періштелері жаяу келе жатыр, ал сендер көлік үстіндесіңдер!” – деді».1

  1. 1Тирмизи, «Жанаиз», 28 (1012). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 48 (3177).
5454
Кутуб ситтә, № 5454 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Жәбир ибн Сәмура

وَعَنْ جَابِرِ بْنِ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «اتَّبَعَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ جَنَازَةَ أَبِي الدَّحْدَاحِ مَاشِيًا، وَرَجَعَ عَلَى فَرَسٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Сәмура (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Дахдахтың жаназасына жаяу еріп, қайтарында атпен келді».1

Түсіндірме

Ғалымдар әртүрлі риуаятты ескере отырып, жаназаға көлік мініп еруді мәкруһ санаған. Марқұмды жерлеген соң, қайтар жолда көлік мінуге рұқсат берген. Қазір қорымдар елді мекеннен алыс орналасатындықтан, көлік пайдалануға тура келеді. Тіпті мәйітті де көлікпен шығарып саламыз. Дініміз жеңілдікті көздейтіндіктен, жағдайға қарай әрекет еткен жөн.

  1. 1Мүслим, «Жанаиз», 89 (965). Тирмизи, «Жанаиз», 29 (1014). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 48 (3178). Нәсәи, «Жанаиз», 95 (4/85–86).