وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا أَكْثَرَ الْأَنْصَارِ حَقْلًا، وَكُنَّا نُكْرِي الْأَرْضَ عَلَى أَنَّ لَنَا هَذِهِ وَلَهُمْ هَذِهِ، فَرُبَّمَا أَخْرَجَتْ هَذِهِ وَلَمْ تُخْرِجْ هَذِهِ، فَنَهَانَا النَّبِيُّ ﷺ عَنْ ذَلِكَ. وَأَمَّا الْوَرِقُ فَلَمْ يَنْهَنَا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. «الْحَقْلُ» الْأَرْضُ الطَّيِّبَةُ التُّرْبَةِ الصَّالِحَةُ لِلزِّرَاعَةِ. وَ«الْمُحَاقَلَةُ» الْمُفَاعَلَةُ مِنْ ذَلِكَ، وَهِيَ الْمُزَارَعَةُ بِالثُّلُثِ أَوِ الرُّبُعِ أَوْ نَحْوِ ذَلِكَ. وَقِيلَ: إِكْرَاءُ الْأَرْضِ بِمِقْدَارٍ مِنَ الْبُرِّ، وَقِيلَ: بَيْعُ الطَّعَامِ فِي سُنْبُلِهِ، وَقِيلَ: بَيْعُ الزَّرْعِ قَبْلَ إِدْرَاكِهِ.
Рафиғ (р.а.) тағы былай дейді: «Ансардың арасында егістік жері ең көбі біз едік. Жерді жалға бергенде, мына бөліктің өнімі бізге, ана бөліктікі жалдаушыға тиесілі деп келісетінбіз. Кейде жердің бірі өнім беріп, екіншісі бермей қалатын. Пайғамбар (с.а.с.) осыған тыйым салды. Ал күміс ақшаға жалға беруге тыйым салған жоқ».1
Түсіндірме
№5381 хадистің түсіндірмесінде айтылғандай, жерді жалға беру жөнінде ғалымдар әртүрлі пікірде. Жоғарыдағы риуаяттар Алла елшісінің (с.а.с.) оған тыйым салғанын көрсетеді. Кей риуаяттарға қарағанда, тыйым кейін айтылып, бұрынғы рұқсаттың күшін жойған. Бұхари мен Мүслим келтірген риуаятта Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында егістігін жалға беретін. Әбу Бәкір, Омар және Османның (р.а.) тұсында, тіпті Мұғауия билігінің алғашқы кезеңінде де жалға беріп жүрді. Мұғауия билігінің соңына қарай, Рафиғ ибн Хадижден Алла елшісінің мұндай жалға тыйым салғаны туралы хадис жетті. Ибн Омар Рафиғке барды, мен де еріп бардым. Ол одан осыны сұрағанда, Рафиғ: “Алла елшісі (с.а.с.) егістікті жалға беруге тыйым салған”, – деді. Бұдан кейін Ибн Омар жерін жалға бермеді. Себебін сұрағандарға: “Ибн Хадиждің айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) бұған тыйым салған”, – дейтін».
Тирмизи Ибн Аббастан (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) музарағаға тыйым салмай, адамдарға бір-бірімен ілтипатпен, кеңдікпен қарым-қатынас жасауды бұйырғанын жеткізеді. Тирмизидің Ибн Хадижден жеткізген бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Араларыңда жері бар адам оны бауырына егуге берсін немесе өзі ексін», – деген.
- 1Бұхари, «Музараға», 6, 12, 18, «Шурут», 7. Мүслим, «Сауда», 106 (1547). Мәлік, «Муатта», «Кираул-ард», 1 (2/713). Тирмизи, «Ахкам», 42 (1384). Әбу Дәуіт, «Сауда», 31–32 (3392, 3393, 3395, 3397–3402). Нәсәи, «Музараға», 45 (7/33, 50).