وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي بَكْرٍ: «أَنَّ أَبَا طَلْحَةَ الْأَنْصَارِيَّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ كَانَ يُصَلِّي فِي حَائِطٍ لَهُ، فَطَارَ دُبْسِيٌّ، فَطَفِقَ يَتَرَدَّدُ وَيَلْتَمِسُ مَخْرَجًا فَلَا يَجِدُ. فَأَعْجَبَ أَبَا طَلْحَةَ ذَلِكَ فَتَبِعَهُ بَصَرُهُ سَاعَةً، ثُمَّ رَجَعَ إِلَى صَلَاتِهِ، فَإِذَا هُوَلَا يَدْرِي كَمْ صَلَّى. فَقَالَ: لَقَدْ أَصَابَنِي فِي مَالِي هَذَا فِتْنَةٌ. فَجَاءَ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَذَكَرَ لَهُ الَّذِي أَصَابَهُ فِي صَلَاتِهِ، وَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، هُوَ صَدَقَةٌ فَضَعْهُ حَيْثُ شِئْتَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. «الْحَائِطُ» الْبُسْتَانُ. وَ«الدُّبْسِيُّ» طَائِرٌ صَغِيرٌ، وَقِيلَ: هُوَ ذَكَرُ الْيَمَامِ.
Абдулла ибн Әбу Бәкір былай дейді: «Әбу Талха әл-Ансари (р.а.) өз бағында намаз оқып тұрды. Бір кезде көгершін тектес дубси деген құс ұшып, ары-бері сабылып, шығар жол іздеді де, таба алмады. Мұны қызық көрген Әбу Талха біразға дейін құстың соңынан көз алмай қалды. Намазына қайта ден қойғанда, қанша рәкат оқығанын білмей қалды. Сонда ол: “Мына бағым мен үшін сынақ болды”, – деді. Алла елшісіне (с.а.с.) барып, намазда болған жайды баяндады да: “Уа, Алланың елшісі! Бұл бағым – садақа. Оны қалаған жеріңізге жұмсаңыз”, – деді».1
Түсіндірме
«Муаттада» осыған ұқсас тағы бір оқиға айтылады. Ол Османның (р.а.) халифалығы тұсында болған. Жазда құрма піскен шақта ансардың бірі Мәдинаның Куфф аңғарындағы бір құрма бағының көлеңкесінде намаз оқиды. Құрмалардың мәуелегеніне сүйсінген ол қанша рәкат оқығанын есіне түсіре алмай қалады. Сонда: «Осы дүнием мені сынаққа салғанын қарашы», – деп, сол күні халифа Османға (р.а.) барып, бағын Алла жолына садақа етеді. Осман оны елу мың дирхамға сатады.
Бұл мысалдар сахабалардың жомарттығын, намазды қаншалықты қастерлегенін және намаздың қасында дүниені қаншалықты төмен бағалағанын көрсетеді.
- 1Мәлік, «Муатта», «Салат», 67 (1/98).